• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Ақпан, 2022

Шеруге емес, берекеге шақырайық

250 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатының отырысында Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастықты ратификациялау туралы заң қабылданды. Отырыстан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Палатаның Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед аталған құжаттың қаңтар оқиғасына қатысы жоқ екенін айтты.

«Бұл аяқ астынан, шұғыл түрде қабылданған заң емес және оның қаңтар оқиғасына еш қатысы жоқ. Заңға негіз болған шартқа бұдан екі жылдай уақыт бұрын, 2020 жылы қол қойылған. Содан бері заң жобасы жан-жақты пысықталып, Сенатқа Мәжілістен өткен жылдың желтоқсан айында келіп түсті», деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

БАҚ өкілдері жыл басындағы қайғылы оқиғаларға байланысты қоғамды алаңдатқан мәселелер бо­йынша да сұрады. ҰҚШҰ күштерінің Қазақстанға енгізілуіне қатысты сауалға жауап берген сенатор бұл шешімнің өте дұрыс болғанын және дер кезінде қабылданғанын айтты. Алғашқы күндері, шеруге бейбіт адамдар шыққанына назар аударған М.Құл-Мұхаммед 4 қаңтардың кешінде көшеде тәртіп сақшыларын ұрып-соғу, дүкендерді тонау, автомобильдер мен ғимараттарды өртеу оқиғалары болып, нағыз қарақшылық басталғанын сөз етті. «Келесі күні қарақшыларға терроршылар қосылып, атыс қаруын қолдану, кісі өлтіру сияқты жауыздық әрекеттер жасалды. Сондай қарақшылардың қолынан 19 құқық қорғаушы азамат қаза тапты. Олардың ішінде 18-19-ға енді ғана толған өрімдей жастар да бар. Жауыздар екі адамның басын кесіп алған. Бұл – қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған қанішерлік қылмыс. Егер 5-і күні түнде ұжымдық қауіпсіздік күштері енгізілмесе, лаңкестер үйлер мен пәтерлерді тонауға көшіп, жүздеген жазықсыз адам қаза болуы мүмкін еді. Сондықтан күштерді енгізу дәл уақытында қабылданған шешім болды», деді Сенат депутаты.

Журналистер алдына М.Құл-Мұхам­мед­пен бірге депутат Қайрат Қо­жам­жаров және Қорғаныс минис­тр­інің орын­басары Сұлтан Қамалетдинов те шық­ты. Министрдің орынбасары ҰҚШҰ күш­тері елімізден 19 қаңтар күні толық шыға­рылғанын, бітімгерлер ұжымның шартты құжаттарына сәй­­кес жұмыс істегенін жеткізді. Ар­­ме­ния, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдерінен кел­ген ҰҚШҰ күштері әскери және мем­ле­кеттік маңызы бар нысандарды күзеткен.

Сонымен қатар С.Қамалетдинов «Қасіретті қаңтар» оқиғасын ұйым­дас­ты­рушылардың қандай мақсаты болғанына тоқталды. Оның айтуынша, лаңкестік шабуылға шыққандар мемлекеттік институттарды жойып, конституциялық құрылымды бұзып, билікті күшпен, қарумен басып алуды көздеген. «Бұл – шетелдік содыр­лар тартылып, алдын ала мұқият жос­парланған лаңкестік шабуыл. Тер­ро­ристер өздерінің арам ниеттеріне дес­труктивті және қылмыстық топтар­ды қосып, оларды қаруландырып, бас­қа­рып отырған. Олар бұған дейін де шет­елдерде түрлі қақтығысқа қа­тыс­қан. Уақыты келгенде бәрі ашық айты­лады», деді министрдің орынбасары.

Өкінішке қарай, «Қасіретті қаңтар» кезінде бейбіт адамдар да қаза болды. БАҚ өкілдері бұл мәселені назардан тыс қалдырған жоқ. Өз кезегінде сенатор Қ.Қожамжаров бұған кінәлілер жауап­сыз қалмайтынын жеткізді. Оның айтуын­ша, кісі өлімі болған әрбір факт мұқият зерттеліп, тергелуі қажет. Бұл туралы Президент бір емес, бірнеше рет ай­тып, нақты тапсырмалар бергенін жеткіз­ген ол қару қолдануды асыра пайдалан­ған­дар да жауапқа тартылатынын атап өтті. Қазірдің өзінде құқық қорғау қызмет­керлерінің үстінен қызметтік бабын асыра пайдаланғаны үшін 173 қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Енді соның қорытындысын күту керек.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде қару-жарақ дүкендерінің тоналғанына назар аударған М.Құл-Мұхаммед: «Сол кезде 10 қару-жарақ дүкені тоналған. Қазір оперативті-іздестіру шаралары негізінде 967 қару табылып отыр. Қолында осыншалықты қару бар топқа қарусыз қарсы тұру мүмкін емес еді», деп, қазір террористердің кейбір жастар мен бейбіт адамдарды тірі қалқан ретінде пайдаланғаны да анықталып жатқанын жеткізді.

Бүгінде осы оқиғалардан кейін қолға түскен кейбір азаматтарға қарсы азаптаулар қолданылғаны туралы деректер бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Мұндай фактілер, әсіресе, әлеуметтік желілерде кеңінен тарауда. Осыған орай сенатор Қ.Қожамжаров азаптаулар мен қорлауға жол бергендер жазасыз қалмау керектігін айтты. «Біздің Ата Заңымызда Қазақстан өзін «құқықтық мемлекет» деп жариялаған. Оның мағынасы – бәріміз тек заңға бағынып, заң шеңберінде ғана әрекет етуіміз керек деген сөз. Мұны қолға түскен күдіктілермен жұмыс істейтін әрбір құқық қорғаушы жақсы біледі және басшылыққа алуы керек. Ал олардың ішінде азаптауға, қорлауға жол бергендері болса, заң алдында жауапқа тартылуы қажет», деді Қ.Қожамжаров.

Сонымен бірге сенатор еліміздің 1998 жылы азаптау және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын, ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түріне қарсы халықаралық конвенцияға қосылғанын сөз етіп, тергеу барысында мұндай бассыздықтарға жол бермеу керектігін айтты. Бұған қатысты Қылмыстық кодексте 3 санаттан тұратын қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ол бойынша екіжақты келісімге келуге болмайды және рақымшылық жасалмайды, сондай-ақ жауапқа тартудың шектеулі мерзімі көрсетілмеген. Сондықтан депутат тергеу нәтижелерін күту қажет­тігін баса айтты. Сондай-ақ ол әлеу­меттік желідегі кейбір ақпарат­тар­­дың шындыққа сәйкестігін анық­тау керектігіне және жалған хабар тара­тудың да жауапкершілігі бар екеніне назар аударды.

Сенат депутаттары азаптау, кісі өліміне байланысты мәселелермен айналысып жүрген түрлі қоғамдық комис­сияның да жұмысына тоқта­лып өтті. Олар тергеу жүргізудің оңай емес екеніне, бұл іс деректерді мұ­қият жинауды, жүйелеуді, салыс­тыруды талап ететініне, сондықтан адам тағдырына қатысты мәселеде асы­ғыстық жасауға болмайтынына баса мән берді.

Одан бөлек, журналистер 13 ақпан күні Алматыда өткен митинг туралы да сұрады. Бұл мәселеге байланысты М.Құл-Мұхаммед халық «Қасіретті қаңтардан» енді ғана есін жинап келе жатқанын айтып, азаматтарды шеруге емес, береке-бірлікке шақырды. Сондай-ақ ол Маңғыстау облысындағы шеруге де тоқталып өтті. «Кезінде Жаңаөзендегі бейбіт шерушілердің заңды талаптарын көптеген қазақстандық ашық қолдады. Қазір Маңғыстауды басқаруға кәсіби мұнайшы, мұнай-газ, энергетика министрі болған, үш облысты басқарған, өте тәжірибелі, іскер азамат Нұрлан Асқарұлы Ноғаев барды. Мен онымен бірге қызмет істедім, сондықтан жақсы білемін. Ол – қазақтың қамын ойлайтын нағыз отаншыл азамат. Енді маңғыстаулық бауырлар жаңа әкіммен бірлесіп жұмыс істеп, қордаланған проблемаларды шеру арқылы емес, ақылмен, парасатпен, көп болып, кеңесе отырып шешуге ұмтылғандары жөн», деді сенатор.

Бұдан басқа, М.Құл-Мұхаммед қаңтар оқиғасы кезінде ешбір әсіре­леу­сіз мемлекеттілігімізге, тәуелсіз­ді­гімізге қауіп төнгенін, қазір бір­лік пен берекені арттыру аса маңызды екенін айтты.

Журналистер қазақстандық алпа­у­ыт­­тардың шетелдердегі жылжымай­тын мүлкі мен ұрланған қаржы­ларды қайтару мәселесін де сұрады. Бұл туралы сенатор Қ.Қожам­жаров әуелі мұндай фактілер заң жүзінде, сот шешімімен дәлелденуге тиіс екенін алға тартты. Ал дәлелденбеген деректерді таратудың, орынсыз кінә артып, жала жабудың өз жауапкершілігі бар екенін ұмытпау керектігін еске салды.

Брифинг соңында сенатор М.Құл-Мұхаммед тәуелсіздіктің 30 жылында қол жеткізген жетістіктерімізге сүйеніп, жіберілген кемшіліктерден сабақ алып, Жаңа Қазақстанды бірлесіп құру керектігіне назар аударды. Ол үшін бізге сабыр, береке-бірлік керектігін айтып, ел мен билік арасын жалғастыратын журналистер қауымын осыған қызмет етуге шақырды. «Кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз үшін жалғыз ғана мемлекет бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан. Біздің басқа Отанымыз жоқ», деп анық, ашық айтты. Ендеше, нағыз отаншыл азамат ретінде сол жалғыз Отанымызды жаңартуға бәріміз бірге атсалысайық», деген М.Құл-Мұхаммед елдік мүдде жолында бүкіл қазақстандық жұдырықтай жұмылып әрекет ету керек екенін атап өтті.