Соңғы уақытта облыс диқандары арасында жер телімдеріне қатысты түсінбестік туындап, арты дауға ұласып жатқаны белгілі. Сырдария ауданындағы «Шаған жер» ЖШС-дағы осындай жағдай екі жыл қатарынан созылып келеді. Екі тарап арасындағы мәселелер түйінін тарқату үшін бірнеше рет кездесу өткізіліп, облыс әкімдігі тарапынан тиісті түсіндірмелер де жүргізілген. Дегенмен, тұтанған даудың түтіні әлі басылмай тұр. Науқан қарсаңындағы даудың салқыны ертеңгі егіс барысына да кері әсерін тигізері тағы анық.
Осыған орай облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Шаған жер» ЖШС шаруаларымен кездесіп, талабын тыңдап, заң аясында ортақ мәмілеге келуге шақырды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев пен салалық басқарма басшылары қатысты.
Аймақ басшысы серіктестіктегі даудың кесірінен ағайынның арасына жік түскенін атап өтті. Қызбалыққа салынып, жағдайды ушықтырмай, мәселені байыппен шешуге шақырды.
– Біз үшін ең маңыздысы, ағайынның бірлігі. Әкімдік шаруалардың ішкі мәселелеріне, шешім қабылдау процесіне араласпайтынын да білесіздер. Тек түсініктеме жүргізіп, медиация тәртібімен шешу жолын ұсынамыз. Дегенмен де, үлескерлердің бөлінген жер телімдеріне қанағаттанбай, бір-бірімен келісімге келе алмай отырғаны да байқалып отыр. Биыл су тапшылығы өткен жылғыдан да қаттырақ сезілетін түрі бар. Одан шығу үшін бірігіп әрекет етуіміз қажет. Тағы бір мәрте ойланып, барлығын керісу емес, келісу арқылы шешуге шақырамын, – деді облыс әкімі.
Жиында қос тараптың өкілдері сөз алып, мәселенің жай-жапсарын айтып өтті. Серіктестік басшысы Жеңісбек Сыздықов пен үлескер Серікбол Орынбаев даудың шығу төркініне тереңдеп, өз ұстанымдарын білдірді. Облыс прокуроры Нұрлан Бижанов серіктестік өкілдерін өзара келісімге келіп, дауларын заң аясында реттеуге шақырды.
Кездесу соңында облыс әкімі ел игілігі үшін ортақ шешімге келудің маңызды екенін және әділетті қадамдар арқылы орнықты шешім қабылдау қажет екенін тағы бір мәрте еске салды.
Қызылорда облысы