Кейде таңғы кофеңді ішіп отырып ойланасың: оқырман кімге өкпелі? Жазушы кімге өкпелі? Қоғам кімге өкпелі?.. Тыңдасаңыз, осы үш тараптың да бір-біріне қояр уәждері орынды сияқты көрінеді. Оқырман жазушыдан жақсы шығарма күтіп, көңілі қалған. Авторлар кітап оқитын оқырман іздеп, шарқ ұрып жүр (ақиқатында, қазір кітап оқитын қауым бар: бірақ тым аз). Ал қоғам екі жақты да кінәлайды һәм өзінің де айыпты екенін мойындайды. Расында да, оқырман кітап оқымайтыны үшін, ақын-жазушылар жақсы жаза алмайтыны үшін, қоғам әдебиетке көңіл бөлмейтіні үшін кінәлі емес пе?.. Иә, «әдебиет – ардың ісі» болғанымен, әдебиетте сот жоқ.
Әдебиеттің басты тақырыбы – адам һәм адамның жаны. Көркем шығарманың кейіпкері еңбекқор құмырсқа, яки алтын балық болса да оның негізі адамдық игіліктерге құрылады. Яғни әдебиет – сол қоғам, сол тіршілік, сол өмір. Сол кезеңдегі халықтың түсінігі, көзқарасы, сезімі, күнкөрісі, ойы мен сөзі – бәрі-бәрі шығармаға арқау болмақ. Егер сіз өмір сүрген уақытта әдебиетте қозғалыс болса, сіздің айналаңыз, тіпті отбасыңыз, сіз көрген қиындықтар, куә болған жалпыхалықтық оқиғалар көркем әңгімеде суреттелуі мүмкін. Ол, әрине, айтқанымыздай, әдеби өмірдің тыныс-тіршілігіне байланысты. Әлқисса.
* * *
Жыл басында болған дүрбелең мұндай ауқымды сипат алып, «Қаңтар қасіретіне» айналады деп ешкім күткен жоқ. Қарапайым халыққа да, билікке де үлкен зардап шектірген бұл оқиға қоғамның көңіл күйін, әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ көптеген мәселенің шындығын көрсетті. Әдебиеттің тамыр соғысы сол қоғамның тіршілігімен тікелей байланысты болғандықтан, аталған оқиға да әдеби шығармаға сюжет болуы әбден мүмкін.
Қоғам «Қаңтар қасіретінен» шын кейпін көргендей болды. Бәлки, бұған дейін де халықтың жағдайын білген болармыз, бірақ мұншалықты бетпе-бет емес: мәселен, әлеуметтік жағдайдың төмендігі. Оған кейінгі уақыттағы қымбатшылықты қосыңыз. Айлықтан айлыққа, несиеден несиеге дейінгі өтіп жатқан өмір. Бүгінгі халықтың ең үлкен арманы – 45 шаршы метр екі бөлмелі үй: басқа ештеңе емес. Ол баспананы, шамамен жиырма жылға ипотекаға аласыз, төлеп болғанша қарттыққа табан тірейсіз. Өзге жұрт Шри-Ланкада жирафпен таңғы ас ішеді һәм онысын үлкен арманға баламайды. Ал біздің қоғамның үлкен қуанышы – 45 шаршы метр жер. Абсурд.
Ал біз халық неге театрға бармайды, халық неге кітап оқымайды дейміз. Классика туралы сөз қозғаймыз. Бәлки, адамның рухани деңгейі – мәдени өмірге қызығып, кітап оқуы әлеуметтік жағдайына байланысты емес шығар. Дегенмен, «сананы тұрмыс билейді» емес пе?.. Әдебиеті дамыған елдің халқы да жақсы өмір сүрсе керек-ті.
* * *
Қоғамдағы әдебиеттің деңгейі осындай болған соң мәдени-рухани өмірде, әсіресе ескерткіш тұрғызу жұмысы қарқынды жүреді. Мәселен, Абайдың 175 жылдық мерейтойында қай өңірде қанша ескерткіш қойылғаны туралы жаңалықтар есіңізде болар. Абайға дейін де, кейін де қаншама ескерткіш бой көтерді. Тіпті айналамыз ескерткіштер қаласына айналып бара жатқандай.
Әдеби мерейтойларға қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «...той деген тойлау үшін емес, бәрімізге ой толғау үшін керек», деп шегелеп айтқан еді. Мәдени жылнамаға зер салсақ, биыл да бірқатар мерейтой жоспарланып отыр: Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы, Сырбай Мәуленовтің, Әзілхан Нұршайықовтың, Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығы..., тағысын тағылар. Алдағы мерейтойлардың барысы, тек ескерткіш орнатумен шектелмесе екен дейміз. Оқырманға, қоғамға, әдебиетке пайдалы жобалар, игіліктер жасалса, «Жаңа Қазақстанның» рухани өміріне серпін берер еді.
P.S. Құрметті оқырман, біз секілді таңғы кофеңізді ішіп отырып, әдебиет туралы көп ойлана бермеңіз: жүрекке зиян.