Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Жапонияның Қазақстандағы елшісі Масаеси Камохарамен кездесті. Тараптар екі елдің қарым-қатынасын талқылады. Сондай-ақ, қос мемлекеттің стратегиялық әріптес және өзара түсіністік деңгейінде жолға қойылған жоғары ынтымақтастық жағдайын сөз етті. Сонымен қатар, халықаралық қауіпсіздік, соның ішінде ядролық қарусыздану және таратпау мәселелеріне де баса назар аударды.
Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы саладағы бастамаларының маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталды. Одан әрі, ол біздің елдеріміз ядролық қарудан жапа шеккен ел ретінде жаппай қырып- жоюға соқтыратын қаруды таратпау және атомды бейбіт мақсатта пайдалану жолындағы жауапкершілікті сезінетінін атап көрсетті. «Сондықтан, ядролық қаруды таратпау туралы шарт халықаралық қауіпсіздік үшін өте маңызды», – деді Нұрлан Нығматулин.
Осы ретте Мәжіліс Төрағасы ядролық қауіпсіздікке байланысты Гаагада өткен саммит Елбасы бастамасының заманауилығының тағы бір көрсеткіші екеніне назар аудартты. Спикердің тағы бір атап өткені, Жапонияның жетекші энергетикалық компанияларымен өзара ықпалдастығы. Соның нәтижесінде еліміздің атом өнеркәсібі саласын үздік технологиялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды.
Өз кезегінде Масаеси Камохара Жапония Қазақстанмен барлық бағытта, әсіресе, атомды бейбіт мақсатта пайдалану мәселесінде етене байланыс жасауға дайын екенін жеткізді. Елші Қазақстанның дамуын жоғары бағалап, жапондықтардың біздің елімізге деген қызығушылығының жыл санап артып отырғанын жеткізді. Осы ретте М. Камохара Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясы зор мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.
Нұрлан Нығматулин аталған елдің энергетика саласындағы озық тәжірибесін ескере отырып, жапондық компанияларды ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырды. Ал сауда-экономикалық байланысқа келсек, қос тараптың да бұл бағытты одан әрі дамытуға қызығушылығы зор. 2013 жылы тауар айналымы 1,7 млрд. АҚШ долларынан асқан. Қазақстан экономикасына тікелей жапондық инвестиция арқылы келген ішкі жиынтық түсім мөлшердегіден 6,2 млрд. АҚШ долларына артық.
Одан әрі парламентаралық қарым-қатынасты нығайту жайында әңгіме өрбіді. Кездесу иелері осы жолда бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің өзектілігін атап өтті.