Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде биылғы жылдың 18 сәуірінде өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясына орай брифинг ұйымдастырылды. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы секторының меңгерушiсi Назипа Шанаи, Сенат депутаты, «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, «Қазақстанның әзербайжан мәдени орталықтары» бірлестігінің басшысы Видади Салахов, Астана қаласындағы болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ольга Андриевская қатысып, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясына, ҚХА қызметіне қатысты ой-пайымдарымен бөлісті.
Жиын барысында сөз алған А.Башмаков 18 сәуірде өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының жылдық сессиясында ағымдағы саяси және халықаралық маңыздағы мәселелер қаралатынын жеткізді. «Сессияның тақырыбы: «Қазақстан-2050» Стратегиясы бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті деп аталады. Өздеріңіз байқап отырғандай, тақырып ауқымды және ол кездейсоқ таңдалып отырған жоқ. Менің ойымша, бүгінгі әлем өз дамуында аса өткір саяси халықаралық кезеңді бастан кешіріп отырғаны анық, бірақ ең алдымен, дүниетанымдық проблемалар, мәдениет пен руханилық мәселелер дағдарысқа ұшырап отыр», деді А.Башмаков өз сөзінде. Сондай-ақ, ол қазақстандық делегацияның Нәсілшілдік кемсітушілікпен күресу туралы халықаралық конвенцияның орындалу мәселелері бойынша Женеваға жасаған жұмыс сапары және оның қорытындысы туралы әңгімелеп берді. А.Башмаковтың айтуынша, шараға қатысушылар Қазақстанға өз тараптарынан алғыстарын білдірген. «Ұлттық баяндаманы қорғауға әр елге екі күннен берілді. Біз де басқалар сияқты регламент бойынша жұмыс істедік және бұл ретте қатысушылар бізге алғыстарын білдірді, сондай-ақ, ұлтаралық келісімнің жұмыс тәжірибесімен алмасу үшін Қазақстанға делегациялар жіберетіндерін айтты», деді депутат бұл орайда.
Сөзінің соңында А.Башмаков елдегі татулықтың осындай үлгілі деңгейде болуы Мемлекет басшысы саясатының нәтижесі екенін айта келе, Елбасының толеранттылықты сақтау жолындағы қызметін халықаралық ұйымдар жоғары бағалайтынын атап өтті.
Н.Шанаи да Қазақстан халқы Ассамблеясының 18 сәуірге жоспарланып отырған ХХІ сессиясы турасында пікір білдірді. «ХХІ сессия Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтеді. Сессияға шақырылғандар саны 1500 адамды құрап отыр. Яғни, сессияға өңірлерден келген Ассамблея бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері, депутаттық корпустың, БАҚ-тың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады. Жалпы, Қазақстан Президенті атап өткендей, бұл 17 млн. қазақстандықтың өкілдері болмақ», деді Нәзипа Ыдырысқызы өзінің сөзінде. ҚХА хатшылығы секторының меңгерушісі егер, әлемдік өркениетте руханият мәдениеті де, бейбітшілік мәдениеті де қайта қарауды қажет етіп отырғаны басшылыққа алынса, алдағы ҚХА сессиясының тақырыбы да өзекті болатынына да тоқталды.
«Сессияның тақырыбы негізінен бүгінгі таңдағы Қазақстан үшін өзекті деген бағыттарды қамтып отыр. Жалпы, сессияның негізгі мәні мен мағынасы да, атқарар міндеті мен шарасының өзегі де айрықша: мәселен, Президент ел алдында тұрған стратегиялық жоспарларды халыққа Жолдау арқылы жеткізеді. Ал соларды іске асыру жолдарын ортақ үнқатысу алаңында, яғни Ассамблея алаңында талқылап, жүзеге асыру тармақтарын анықтау мәселесі сессияға жүктеледі. Сессияның қажеттілігі де, міне, осында. Жалпы, Қазақстанда тұратын барлық этностардың басшылары мен ақсақалдарының, дипломатия өкілдерінің, Үкімет мүшелерінің, Парламент депутаттарының басы жиналған ортада Президент алда тұрған негізгі мақсаттарды жүйелеп, оны іске асырудың жолдарын ұсынады және міндеттер жүктейді. Өздеріңіз білесіздер, 1995 жылы құрылған кезден бастап қарайтын болсақ, Ассамблея бүгінгі таңда дамудың 3 кезеңінен өткен екен. Ең алғашқы кезең – ол бұл идеяны іске асыру аясында этномәдени бірлестіктерді, қоғамдық ұйымдарды қалыптастыру кезеңі болатын. Ол кездегі негізгі мақсат – біздің елімізде тұрып жатқан әрбір этнос өкілі өзінің түп-тамырына, негізіне бет бұрып, Қазақстанға келген жолын, өзінің тілін, тарихын білуге мүмкіндік алу. Ондай мүмкіндік берілді. Біздің елімізге келген этностардың тарихы белгілі. Міне, қиын тағдыр арқылы бас қосқан елдің бірлігі бүгінгі таңда елдегі татулықтың, бейбітшіліктің сақталуының негізі болып отыр. Ол кезеңнен өткен кейін біз ҚХА сынды институттың құқықтық негіздерін қалыптастыру кезеңінен өттік. Ол – нормативтік-құқықтық базаға өзгерістердің енгізілуі, соның ішінде ҚХА туралы заңның қабылдануы. Ассамблея осы бағыттағы қызметін, еліміздің алдында тұрған міндеттерін іске асыруға қалай және қандай жолдармен күш салу керек екенін өз алдына мақсат ретінде қойып отыр», деді Н.Шанаи.
Бұдан кейінгі кезекте сөз алған О.Андриевская ел бірлігі мен татулығының негізі – қазақстандық патриотизм деген пікірін жеткізе келе, мұның қоғамда тұрақтылықтың орнауына сеп болып отырғанына тоқталды. «Қазақстандық патриотизм өткен онжылдықтар бедерінде қазақстандық менталитет негізінің қалануына сеп болды. Ал қазақстандық менталитеттің өзегі – ізгі адамгершілік қасиеттерді, мәселен, толеранттылық, мейірімділік, қайырымдылық, түсіністік, өзге ұлттың мәдениеті мен әдет-ғұрпына, тілі мен діліне деген құрмет көрсетушілік сынды қасиеттердің басын біріктіреді. Бұл қасиеттер өзінен өзі пайда болмайды. Олардың тамырын біздің ортақ тарихымыздан, ұлттар қарым-қатынасынан, әр отбасында қалыптасатын құндылықтардан іздеуіміз керек», деді О. Андриевская.
Ал В.Салахов Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап Мемлекет басшысының ұлтаралық, конфессияаралық мәселеге айрықша мән беріп келе жатқанын тілге тиек етті. «Елбасы бұл мәселені мемлекеттің стратегиялық саясатының негізгі тармағы ретінде үнемі назарда ұстады. Себебі, қоғамдық келісім орнаса, мемлекет түрлі салада, яғни экономикалық, саяси, мәдени, әлеуметтік салаларда жетістіктерге жететіні белгілі. Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі зор», деді өз пікірін білдірген В. Салахов.
Брифинг соңында оған қатысушылар осындай өзекті, қайта-қайта қозғауға, талқылауға тұратын келісім мен ауызбіршілік бағытындағы жұмыстар ақпараттандыру және халыққа жеткізу арқылы нәтиже беретінін айта келе, БАҚ өкілдерін 18 сәуірде өтетін шараға белсене қатысуға шақырды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
–––––––––––––
Суретті түсірген
Азат ЕСЕНБЕКОВ.