• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Ақпан, 2022

Зерендіде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды

273 рет
көрсетілді

Қай кезеңде болсын тұрақты жұмыс орындарын ашу өте маңызды. Екі қолға бір күрек таппай қиналыңқырап қалған ауыл тұрғындары тұрақты жұмыс орындарымен қамтылып, ел көңілінде болашаққа деген сенімділік ұялай бастады, деп жазады Egemen.kz.

Зеренді ауданында ғана 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Таразы басына тартып бағамдасаңыз, бұл өте үлкен көмек. Мемлекеттік бағдарлама бойынша ондаған адамдар қайта даярлау курстарынан өтіп, жаңа мамандық игеруде.   

Қырық мыңға жуық тұрғыны бар аудан кәсіп бастап, ырысын арттыруға мүмкіндігі зор қолайлы жерге орналасқан. Ең алдымен бұл өлкеде туризм саласында тиянақты жұмыс істеуге әбден болады. Жадыраған жаз айларында мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай аққайыңдар көмкерген, күміс сулы көлдері тананың көзінде жарқырап жатқан жер жәннатына келушілер көп. Демек, бұл тарапта көңіл көзі түспеген кәсіп тұнып тұр деуге болады.

Соңғы жылдары жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік  бағдарламалар өз жемісін бере бастады. «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша өткен жылы 58 грант тағайындалып, жалпы көлемі 34 млн теңгенің бизнесі қаржыландырылды.

–Ауданда ауыл шаруашылығы жақсы дамып келеді. Адамдардың да табысты саланың тұғырын биіктетуге ынтасы зор, –  дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Асан Сматов, – гранттың негізгі бөлігі мал шаруашылығына бағытталып отыр. Атап айтқанда, 29 грант осы салаға тиесілі, 19 грант халыққа қызмет көрсету саласына бөлінді. Оның ішінде жергілікті жағдайды ескере отырып, қоғамдық тамақтандыру орындарын көбейту көзделуде. Ел еңбекке ынталы. Сөзім дәлелді болуы үшін дәйек келтіру қажет болса, өткен жылы 170 адамның «Бизнес-бастау» бағдарламасы бойынша білімдерін жетілдіргенін және олардың басым көпшілігінің  өз істерін ашқандығын айта кетсем де болар.  

Еңбек етсем деп ұмтылғандардың бірі – аудан тұрғыны Анастасия Гуслярова. Ол кәсібін қай тараптан ашу қажеттігін әбден ой елегінен өткізген. Көңіліне қолайлысы – сән салоны болып шығыпты. Аудан тұрғындары үшін сұранысқа ие соны кәсіп. Әйтсе де, бірден бел буып кірісуге батпай, саланың салмағын, өзіндік ерекшеліктерін жан-жақты зерттеген. Тіпті Елордадағы талаптыға берері мол арнайы біліктілік курстарынан да өткен. Осындай тыңғылықты дайындықтан кейін барып мемлекеттік бағдарламаға қатысып, грант ұтып алған. Астанадан 808 толқынды диодтық лазер сатып алыпты. Курс аяқталған соң сертификатын да иеленген. Қазіргі күні өз шаруасын ұршықша үйіріп отыр.  

Алға ұмтылғандар аз болмағанымен, жұмыссыздық мүлдем жойылып кеткен жоқ, ресми дерек бойынша әлі де жетпістен астам адам жұмыссыз. Осы арада бұл мәселені шешуге бағытталған тиімді әртүрлі бағдарламалардың бар екендігін айта кетуге тиістіміз. Тек жанымды жалдап жұмыс істеп, табысымды көбейтемін дейтін ниет болсын деңіз.