• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 20 Ақпан, 2022

Кучински және қазақ даласы

857 рет
көрсетілді

Елорда төрінен ірге тепкен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының ат салысуымен Мәдениет және спорт министрлігінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет» бағдарламасы бойынша жарық көрген бірнеше кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталған мекеме басшысы белгілі ғалым Сұлтан-Хан Аққұлұлының айтуынша, ғылыми-зерттеу инсти­туты «Алаш» қозғалысы мен алаш қай­раткерлерінің мұралары тақы­ры­бында соңғы жылдары отызға жуық кітапты өмірге әкелсе, бүгінгі тұ­сауы кесіліп отырған туындылар: не­міс ғалымы Макс Кучинскидің ең­бегі «Дала мен адам», академик Дихан Қамзабекұлының «Түркі алқа­сы», Сұлтан-Хан Аққұлұлының «Дін­мұ­ха­мед Қонаев: Әлихан Бөкейхан – Алты алаштың пірі, рухани көсемі» атты зерттеу мақалалары және «Жер тағдыры – ел тағдыры» жинағы қатар­лы кітаптар екен.

Маңызды жиынды ашып, тұсауы кесілген құнды мұралар жайлы таныс­тырылым жасаған белгілі ғалым Ди­хан Қамзабекұлының пайымынша, бұл туындылар қай жағынан алсақ та, ұлт руханиятына қосылған сүбелі үлес. Әсіресе 1925 жылы Германия­ның Лейп­циг қаласында Steppe und mensch («Дала мен адам») деген атпен жа­рық көрген Макс Х.Кучинскидің қазақ даласы жайлы еңбегі ерекше. Бұл туындыда өткен ғасыр басындағы халқымыздың өмір сүру салты, этно­гра­фиясы, сонымен қатар аталған тұл­­ғаның Алаш қайраткерлерімен мү­д-­­ делестігі жайлы баяндалады. Кітап тә­жірибелі аудармашылар А.Біжкенова мен Ж.Жақыптың жанкешті еңбегінің арқасында, қазақша және орысша, оған тұпнұсқадағы немісшесі қосылып үш тілде жарық көріпті.

Осы орайда бүгінгі тұсауы ке­сі­ліп отырған шығарманың авторы Макс Х.Кучински деген кім? Қо­лы­мыздағы дерекке үңілсек, бұл кісі 1890 жылы туған дейді. Маманды­ғы – дәрігер. Ол 1923 жылы Ленинград­та өткен эпи­демиологтердің ха­лық­­аралық конгре­сіне қатысуға келіп, осы сапарында ре­сейлік әріп­тестерімен жата-жаста­на танысады. Нәтижесінде, Сібір және қазақ да­ласын аралауға мүмкін­дік алады. Алғаш Омбы маңында­ғы қазақтарды көріп, бұл халықтың өмір салтымен терең танысуға ниет етеді. Екінші жақтан, оған неміс тілін жақсы білетін керекулік Евгений Сорокин деген азамат қазақ даласымен танысуды Қарқаралы уезінен бастаған жөн деп бағыт сілтейді.

Сөйтіп, неміс дәрігері саяхатқа шы­­ғады. Оның бұл сапарына Сібір ве­те­рианарлық-зоотехникалық инсти­тутының медицина факультетінде оқып жатқан қазақ жігіті Қошке Ке­мең­­геров пен латыш азаматы Густав Ле­леп бірге еріп жүреді. Алаш арысы Қошке Кемеңгеров осы сапары жайын­да Семейде шығып тұрған «Қазақ тілі» газетінің 1924 жылғы 15 тамыз күнгі санына «Жол әсері» атты көлемді очерк жазып, Германиядан келген Берлин универсиетінің профессоры доктор Кучинскимен бірге Семей уезіне қа­расты: Бұғылы, Шыңғыс, Меңдеш болыстарын, Қарқаралы уезіне қараған Ағанды, Абралы, Кент, Ақсары, Дастар, Ақбота болыстарын бірге ара­­­лағанын жазып: «Профессордың мақ­саты – қазақ арасындағы ауру түр­лерін, қандай дерттің көбірек тарауы, тазалық шарттарын тексеру және де қазақ елінің жалпы тұрмысымен та­ны­су екен», дейді.

Тағы бір дерек көзі Макс Ку­чин­скиді қазақ жерін зерттеуге Алаш кө­семі Әлихан Бөкейханов ша­қырған дейді. Бұған дәлел, Ұлттық қауіп­сіздік архивінде сақталған 1925 жы­лы 23 маусымда Бөкейхановтың Бай­тұрсыновқа жазған хаты. Осы жаз­басында Әлекең: «Неміс профессоры тамыз бен қыркүйек айларында Ыр­ғыз бен Торғайға барып, сол жақтан Қызылордаға соғатын болып уәде беріп, Берлин қаласына кетті. Мен одан Қостанайдан бастауын өтіндім. Ол бұған келісті. «Егер осы өңірге барсаңыз Ахмет Байтұрсынұлын ұш­тастыруға тиіссіз. Ол кісі сізге серік болады» дедім тағы да» дейді (Таң­дамалы (құрастырған С.А.Жүсіп). 1995 жыл. 456-б.).

Қысқасы, қазақ жерін аралауға шыққан Макс Кучински әуелі Семейге ат басын тіреп, ондағы облыстық орыс география қоғамы мүшелерімен танысады. Осы сапарында, ол далалықтар үшін қымыздың пайдасын және тұмса келбеті бұзылмаған төл табиғаттың адамға әсері жайлы зерттеп: «Бұрын қазақпен ешқандай таныстығым жоқ еді. Германияда ең маңызды жағрапия Зейдл дегендікі. Сонда қазақ туралы екі-ақ жол бар. Қазақ көшпелі, мекені киіз үй, баққаны мал деген. Енді бай­қап қарасам, қазақ туралы екі жол емес, әлденеше том кітап жазуға болады екен. Мал баққан ел әнші болады деген пікірді мен көрген қазақ елі айқын дәлелдейді. Қазақтың кейбір әндері Венгриядағы мадиярлар әніне ұқсас. Қазақ өң жағынан бір атадан өрбімеген. Өйткені кейбір қазақ өңдес адамдар Германия, Италия, Жапония, Орталық Америкада кездеседі» деп жазады.

Жалпы, бұл жерде неміс дәрігер-саяхатшысына қазақ өмірін таныстыру­ға Алаш қайраткерлері мүдделі болға­ны байқалады. Себебі Мағжан ақын «Ұйқы басқан қабағын, Бастыра киген тымағын, Жалқаулықты жар көрген, Жүрген ескі заңымен, Алдындағы малымен, Бірге жусап, бірге өрген, Алаш деген елім бар» дегеніндей, бұйығы жұрттың елеусіз қалған мәдениетін еуропалықтарға таныстырғанды жөн көрген тәрізді.

Мысалы, жазушы Мұхтар Әуе­зов неміс ғалым-дәрігері Макс Ку­чин­скиді қазақтың көпті білетін кө­некөзі Шәкәрім қажымен таныс­ты­рады. Профессор Шәкәрім Құдай­бердіұлының ауылында болып, қа­зақ­тардың айт мейрамын атап өту рәсі­міне куә болады. Осы оқиғаның ішінде бірге болған қажының баласы Ахат Шәкәрімұлы 1992 жылы «Жұлдыз» журналының 11-санында жарық көрген «Менің әкем, халық ұлы – Шәкәрім» атты көлемді жазбасында: «1920 жылдар шамасында Макс Кушинский (автордың жазбасын өзгертпедік – Б.Қ) деген профессор, ұлты неміс, біздің өкіметтен рұқ­сат алып, қазақ ішін аралауға шыққан. Негізгі мамандығы дәрігерлік. Макстың қасына Москвадан екі адам қосқан. Бірі – оқыған қазақ азаматы, дәрігерлік жоғарғы мектепте оқып жүрген Қошке Кемеңгеров, бірі – неміс тілін білетін орыс азаматы. Бұлар алдымен Мұхтардың ауылына келген. Мұхтарды қастарына ертіп алады. Неміс ғалымы Кушинский: «Қазақтың көпті көрген адамымен әңгімелессем», дейді. Мұхтар оған Шәкәрім жайын түсіндіреді. Сүйтіп, осы топ ел жайлауға шығып, біздің ауыл «Томарлы бұлақ» деген қоныста отырғанда келеді.

Кушинский әкейден – қазақтың ескі мәдениеттерін, қандай ғалымдармен танысқанын, қай ғалымдардың шы­ғармаларын оқығанын сұрап, фило­софиялық ойлар жайында көп әңгі­мелесіп, пікір алысты. Дәл осы кезде Құрбан айты болды. Кушинскийді бір жорға атқа мінгізіп, Мұхтар, Қошке, бәріміз айтшыладық. Бәйге, көкпар, тартыс, балуан сияқты ұлт ойындары болды. Кушинский қатты қуанып, ойындарды, суретке тартып алды. Бәріміз жарыстық, бұлаққа, өзенге шомылдық. Қонақтар рахаттанып қалысты. Мұхтарға көп-көп алғыстар жаудырды. Қазақтың айтта қырық үйге кіріп, дәм ауыз тиетін дәстүрі бар деп, үй-үйге кіріп, дәм ауыз тиіп, қымыз іштік. Қайта келіп, Кушинский әкеймен және әңгімеге кірісті.

Кушинский кетерде әкейдің қолын қатты қысып: «Мен сізге жолығып, әң­гімелескеніме өзімді бақыттымын деп санаймын! Сізді сахараның ойшыл ғалымы деп санаймын! Амандық болса, елге барған соң, сахара тынысы туралы шығарма жазамын деген ойым бар. Жол тартса, тағы келермін. Мен қазақша үйренейін, сіз немісше үйреніңіз. Қайта келгенде, тілмашсіз, ауызба-ауыз сөйлесетін болайық!» деп күлді. «Баршаларыңызға, халық­тарыңызға шын жүректен ырзамын! Көріскенше сау, аман болыңыз!» деп Кушинский жүріп кетті» дейді.

Неміс саяхатшысының бұл сапарын бүгінгі уақыт тұрғысынан саралаған академик Дихан Қам­забекұлының: «Профессор Ку­чинскидің саяхатын жай ғылыми-та­нымдық деуге келмейді. Бұның бо­лашақ қазақ тәуелсіздігіне қатысты астары бар. Бұл меңзеу Ә.Бөкей­хановтың хатында анық бай­қалды. Соған қарағанда, бұл іс Алаш­тың Еуропаға терезе ашқан елеулі сәтін аңғартады» дегені шынайы баға деп білеміз.

Макс Кучински Германияда Гит­лер билікке келген тұста 1933 жы­лы Францияға эмиграцияға ке­тіп, ке­шікпей 1936 жылы Латын Амери­ка­сына, Перу еліне қоныс аударады. 1967 жылы осы елде дүниеден өтсе, 1938 жыл туған баласы Педро Паб­ло Кучинси-Годар Еуропада білім алып, үлкен қайраткер тұлғаға айнал­ды. 2016-2018 жылдары Перу республикасының президенті болып сайланды.