• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Пікір 21 Ақпан, 2022

Жауапкершілік бірінші орында тұруы керек

731 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық телеарнаға берген сұхбаты көңілден шықты. Ескіше сыланып-сипалған емес, журналистика саласының хас шебері Жайна Сламбектің елді толғандырған өткір сұрақтарына ашық жауап қайтарылды. Мұның өзі халық­тың сөзіне құлақ асушы билік тұжырымының іс жүзіндегі көрінісі.

Ендігіде осындай оң үрдісті Премьерден бас­тап министрлер мен әкімдер жалғастырғаны абзал. Онсыз қоғамдық келісім мен бірлікке қол жеткізу мүмкін емес.

Орын алған қателіктерді түзетуге келгенде Мемлекет басшысы қызбалыққа салынбай, керісінше ақылға жүгініп әрекеттенуге басымдық беретінін айтты.

Өз басым бұл ұстаныммен толық келісемін. Айналып келгенде гүлденген әрі әділ қоғам бұрынғыны қопара салумен орнаса, үш революциядан өткен, төрт президентінің үшеуі сотталған Қырғызстан қайда қалды? Иә, соңғы жарты ғасырда он бес мемлекеттік төңкерісті бастан өткерген Сирияның күні не болды?

Өзгерістер әлбетте қажет, бірақ қантөгіс пен елдің шаңырағын шайқау арқылы емес. Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға тартқаны да – осындай өркениетті жол. Ал енді саяси реформалардың жалғасын сөз етсе, Мемлекет басшысы 1 наурызда Nur Otan партиясының кезектен тыс съезін шақырту туралы шешім қабылдады.

Оған бүкіл аймақтардың өкілдері қатысып, Жаңа Қазақстанды құру міндетіне сай пар­тия­ны жаңарту және оның әлеуетін жұмыл­дыру мәселелері қаралады. Мұның өзі тиісті өзгеріс­­тердің үдемелі, алайда асығыстыққа не асыра сілтеуге жол бермей байсалды жүріп жат­қанын тағы да байқатады.

Қалай болғанда да қоғамдық-саяси сахнада басқа күштер әлі қалыптасып үлгермей отырғанда, ағымдағы түйткілдер мен мін­дет­тер жедел шешімді талап еткенде бас­қаша әрекет ету зор қателік болар еді. Сайып келгенде кез келген реформа атаулы әлдебір эксперимент емес, бүгін сәтсіз шық­са ертең қайта байқап көретін. Тұтас ел­дің, миллиондаған азаматтың тағдыры сөз болғанда жауапкершілік пен қырағылық әр­дайым бірінші орында болу керек.

 

Расул ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы