Көкшетау мен Қорғалжынның кең-жазира даласында мыңнан астам көл бар. Су құрамын зерттеген ғылыми сараптаманың негіздемесіне сәйкес, 531 көлде балық өсіруге әбден болады екен.
Бүгінде 360 көлде балық өсірілуде. «Есіл» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашевтың айтуына қарағанда, белгіленген тәртіпке сәйкес көлді жалға алғанымен, күні бұрын келіскен міндеттемесін орындамайтындар да кезігеді. Бар талапқа сәйкес жұмыс істеп, ақ дастарқанның берекесін келтіруге өз үлесін қосып жатқандар да бар. Соның бірі – Зеренді ауданындағы Солдаткөл, Ащыкөл, Тұздыкөл тәрізді су айдындарын ұзақ мерзімге жалға алып, жұмыс істеп жатқан кәсіпкер Алдаберген Тәшенов.
Бірнеше көлдің иесі Алдаберген Бектемірұлы өз шаруасын жетік білетін жан. Айтуына қарағанда, ертеректе Үлгілі ауылының іргесіндегі Солдаткөл суы мөлдір, таза, шалқар болған, 1974 жылға дейін балығы тайдай тулаған. Кейін әлде қыс ішінде ауа жетпеді ме, жоқ әлде төтеннен келген жұқпалы балық ауруы етек жайды ма, кім білсін, көлдегі балық атаулының тұқымы тұздай құрып кеткен. Сөйтіп қысы-жазы жағалауынан кісі арылмайтын берекелі көлдің бағы қайтыпты. Қазынасы кеміп, құты қашқан. Шоршып жатқан ақбауыр балығы жоқ көл жан адам жанына жақындамайтын өлі көлге айналған. Ол кезде Алдаберген Бектемірұлы кеңшарда жұмыс істейтін. Туған жердің көркем бір көрінісі Солдаткөлге қарап мұңаяды, жаны ашиды. Күндердің бір күнінде кеңшар директорына қолқа салады.
– Бұл көлде балықтың өсуі әбден мүмкін, – дейді Алдаберген Бектемірұлы. – Көз алдымызда айдынның құрып бара жатқандығы елге сын емес пе, жағалауды жиектеп ағатын бұлақ көздерін аршып, балық жіберсек қалай болады? Ауыл тұрғындарының несібесі әрі табиғаттың тартуын сақтап қаламыз ғой.
Дес бергенде кеңшар басшылары келісе кеткен. Тұқымбақтан балаңқұрт әкеліп, көлге жіберген. Абырой болғанда мың сан балық өсіп жетіліпті. Содан бері Солдаткөлдің бағы қайта жанған. Қызығын ел көрген. Балық қайта өрістегенін естіген балыққұмарлар қолдарына қармақтарын ұстап, көл жағасына жеткен. Бүгінде осы көлдер арқылы туризмді дамытуға әбден мүмкіндік бар. Тек аздаған қолдау керек.
– 1994 жылы жеке кәсіпкерлікпен айналысуға бел будым, – дейді Алдаберген Бектемірұлы, – бірінші Солдаткөлді, кейін Тұздыкөл мен Ащыкөлді жалға алдым. Балаңқұртты іргедегі Зерендінің тұқымбағынан, Ресейден тасымалдаймыз. Ресейден әкелгеніміз сәл қымбатқа түседі, тасымалдау шығыны тағы бар. Біздің өлкеде балығы қырылып, өлі көлге айналған су айдындары аз емес қой. Сол көлдерді қайтадан балықтандыру үшін әрі біз тәрізді кәсіпкерлерді балаңқұртпен қамтамасыз ету үшін Зеренді тұқымбағын қайтадан жарақтандыру қажет.
Кәсіпкердің айтуына қарағанда, тұқымбақтың су айдыны жоқ әрі материалдық-техникалық базасы әбден тозып біткен. Ал Көкшетау көлдері көбіне тайыз болып келеді де, қыста түбіне дейін қатып қалады. Балықтың қырылу себебі – осы. Оның үстіне ауыл шаруашылығы құрылымдары да күміс көлдерге қиянат жасап отыр. Айталық, Солдаткөл жағалауына дейін жыртылған. Сол себепті қар суы мен жауын суы көлді қоректендірмейді. Оның үстіне диқандар егін алқаптарына тыңайтқыш сіңірген кезде жағалауға ентелеп келіп тұрған егістік үстінен желді күні химиялық дәрі-дәрмектің көл бетіне түсуі оп-оңай. Балаңқұртты қыруар қаражатқа сатып алып, бастамасы берекелі боларына сеніп жұмыс істеген кәсіпкердің бар еңбегі зая кетуі әбден мүмкін.
– Біздің тарапта да қиындық шаш етектен, – дейді кәсіпкер. – Мәселен, балық шаруашылығымен айналысу үшін көл суының құрамын зерттеу керек. Бұл көлде балықтың қандай түрін өсіруге болады деген тұрғыда. Бірақ ондай зертхана Көкшетауда жоқ. Астана асып ғылыми сараптама алудың бағасы өте қымбат. Егер оны төлесек, мүлде табыссыз қалатын жайымыз бар. Балаңқұртты миллион теңге төлеп сатып аламыз. Мемлекет тарапынан берілетін субсидияға да қол жеткізе алмай отырмыз.
Ендігі бір мәселе – облыста балық өңдейтін кәсіпорынның жоқтығы. Көл жағалаған алыпсатарлар да аз емес. Мөңке балықты алыпсатарлар килосын 200 теңгеден алып, жұртқа 350 теңгеден сатады. Есептеп қарасаңыз, төрт адам ұстап, олардың әрқайсысына 80 мың теңге жалақы төлеп, көлді күні-түні күзетіп, азығына шығындалып отырған кәсіпкерге қарағанда, алыпсатардың табысы көп.
Соңғы жылдары дөңмаңдай, ақ амур тәрізді балықтарды көп өсіре бастапты. Тауарлы балық шаруашылығының өтімді өнімі ақбалық та Көкше бауырындағы күміс көлдерде жақсы өседі. Сондықтан көкшұбар, пайда өсіруге ден қойған. Бір жылда 20 тоннаға жуық балық өсіруге әбден мүмкіндік бар.
Егер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек көл басындағы балықшыға жететін болса, шаруаның бұл саласын дамытуға әбден болар еді.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы