Синоптиктер 22 ақпанға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Еліміздің батысында, солтүстік-батысында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын, ал солтүстігінде бұрқасын болып, көктайғақ күтіледі. Еліміздің қалған аумағында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республика бойынша кей жерлерде тұман түсіп, жел күшейеді», делінген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.
Ақмола облысының солтүстік-батысында 15-20 м/с жел күшейіп, боран соғады, күндіз көктайғақ болады.
Түнде және таңертең Алматы облысының солтүстігінде тұман, Жалаңашкөл ауданында желдің жылдамдығы 18-23 м/с жетеді.
Жамбыл облысының солтүстік-шығысында желдің жылдамдығы 15-20, екпіні 23 м/с, түнде және таңертең облыстың солтүстігінде және таулы аудандарында тұман күтіледі.
Қостанай облысының батысында жел 15-20 м/с күшейеді, бұрқасын, облыстың оңтүстігінде тұман, көктайғақ күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында 15-20 м/с жел күшейіп, боран соғады, облыстың оңтүстігінде тұман, күндіз көктайғақ болады.
Күндіз Павлодар облысының солтүстік-батысында 15-20 м/с жел күшейіп, боран соғады.
Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында жел 15-20 м/с күшейеді.
Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында тұман, түнде шығыста, облыс орталығында көктайғақ күтіледі.
Маңғыстау облысының солтүстігінде тұман түседі.
Ақтөбе облысының оңтүстігінде көктайғақ күтіледі.