ҚР Бас Прокуратурасының 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтардағы оқиғалар кезінде болған қайғылы жағдайлар жөнінде баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қылмыстық қудалау органдары қаңтарда орын алған оқиғаның егжей-тегжейлі көрінісін анықтап жатыр. Бүгінде азаматтардың бастапқыда бейбіт митингке барғанын, содан кейін бұған қылмыстық және деструктивті күштер араласып, мемлекеттік билікті басып алу мақсатында терроризм актілерін жасағанын көріп отырмыз», деді Елдос Қилымжанов ОКҚ брифингінде.
Оның айтуынша, қылмыскерлер мемлекеттік органдардың нысандарына арнайы шабуыл жасап, әртүрлі аймақтарда жаппай тәртіпсіздік жасаған.
«Осылайша олар қосымша құқық қорғау күштерінің келуіне жол бермеуге тырысты. Оған Атырау облысы мысал бола алады. Қауіпсіздік күштерінің сырттан келуі олардың жоспарларына кедергі келтіруі мүмкін деп қорқып, қылмыскерлер теміржолдарды жауып, 3 жолаушылар мен 5 жүк пойыздарының қозғалысын тоқтатты», деп еске алды Бас прокуратураның өкілі.
«Әрі қарай олар полиция мен ұлттық гвардия сарбаздарына шабуыл жасады. 18 жастағы қарусыз жедел қызмет солдаты орталық көпірден лақтырылды. Сарбаз аман қалды», деді Е.Килыжманов.