• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Әдебиет 21 Ақпан, 2022

Жасандылықты қаламайтын жазушы

1651 рет
көрсетілді

Қазақтың белгілі жазушысы Молдахмет Қаназ сексеннің сеңгіріне көтерілді. Қаламгердің әр жылдары жарық көрген  «Ақ тайлағым-ай», «Құм қойнау», «Армандай алыс жағалау», «Қияндағы күн нұры», «Чика-Дабылдың баласы» және басқа кітаптары көзі қарақты оқырманның көңілінен шыққанын білеміз. Біз бүгін мерейтой иесі туралы жазылған мынау әсерлі эссені көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Мен тек өзіме ғана ұқсаймын ғой...

Бірде Молдекең Ахмет Өмірзақ інісімен Жазушылар одағына барады. Одақ ғимаратына кіріп бара жатқан ақын Маралтай артына бұры­лып қарап, кілт тоқтай қалады.

Қасына жақындағаннан сәлем бере жатып:

– Сонадайдан көзім шалып, сізге ұқсаттым. Сосын күтіп тұрған едім ғой, – депті Маралтай.

– Дұрыс, айналайын, Марал­тай­жан! – депті Молдекең. – Мен тек өзіме ғана ұқсаймын ғой...

 

Шындық шапаннан қымбат тұрады

2014 жылдың жазында Молдекең бір аптадан соң Сарыағашқа баратынын айтып хабарласты. Әлдебір датқаның пәлен жылдығына ар­налған іс-шара ма, ғылыми конференция ма, сондай бір жиынға келетін көрінеді. Күтіп алатынымды айттым.

Содан бір жеті өткен соң теле­фонына қоңырау соқсам, ұйым­дастырушылар пойыздан түскен соң машинамен күтіп алып, Сарыағаш шипажайына апаратынын айтты. Сол жерде кездесуге уағдаластық.

Не көп, Сарыағашта шипажай көп. Содан аудан әкімдігіне хабарласып, іс-шара қай жерде өтетінін сұрадым. Ташкент жақта болған әлдебір датқаның мерейтойына арналған жиын екен. «Ай-Ғасыр» шипажайының мейрамханасында өтетін көрінеді. Жалпы, «Ай-Ғасырды» білемін, Көктерек ауылына кірген жердегі бірінші шипажай.

Содан ертерек барып күтіп тұр­дым. Маусым айының шілдеге ұла­сар күні шыжғырып тұр. Оның үс­тіне ол кезде Сарыағаш-Шымкент жолы жөнделіп жатқан. Әшейінде бір сағатқа қалмай жетіп келетін жерден екі жарым сағаттай уақытта келді. Молдекеңнің қасында үш-төрт ғалым, жазушы бар екен.

Жамағат осы кісілерді күтіп отыр­ған. Негізгі қонақтар келуімен іс­-­шара да басталып кетті.

Жалпы, оңтүстік жақтың тойы қы­зық. Бір сөзден қалса, мұрны пұ­­шық болатындай, жарыса сөй­леп, жиналысқа айналдырып жі­бе­реді. Ал мынандай жиында жұрт сөйле­гіш боп кетеді. Аңғал жұрт асыра мақ­таймын деп, кейде маңыз­ды тұл­ғасын мазаққа айналдырып алады.

Бұл іс-шара да сондай сөз жары­сына айналып кетті. Ең әуелі сөз ал­ған Алматыдан келген тарихшы ға­лым өзінің әйгілі хан Тұрсынның ұр­пағы екенінен бастап, Исатай, Ма­хамбет, Есет Көтібарұлы, Жан­қожа Нұрмұхамедұлы сияқты қа­зақ­тың даңқты тұлғаларының есім­дерінің жанында бүгінгі мерейтойы өтіп жатқан датқаның да есімі бірге тұруға лайық екенін айтып, әңгімені бір қайырып алды. Сөзінің соңында Сарығаш қаласына датқаның есімін беру керек деді. Көше, ауыл-аймаққа есімі берілсе, датқаның беделі түседі-мыс.

Жамағат ду қол шапалақтады. Өйтпегенде ше, мұнда отырғанның тоқсан пайызы датқаның руластары ғой. Тарихшының ұсынысы өтіп кетсе, күллі рудың мерейі емес пе?

Келесі біреу сөзге шығып, дат­қаның Ташкенттің 2 дарбазасын қорғағанын, жергілікті билікке қарсы көтеріліс жасағанын айтты.

Үшінші, төртінші... адам сөй­леді. Ана кісінің атасының тоқсан жыл өмір сүрген көршісінің айтуынша, анандай болған, мына кісінің құдасының нағашысының бөлесінің айтуынша, мынандай болған. Тарих туралы әңгіме қозғағанда осылайша ақиқатын айту керек. Қысқасы, әркім бірте-бірте көбейтіп, датқа Ташкенттің он екі дарбазасын түгел қорғаған болып шыға келді. Оны­­сымен тұрмай, Түркістан өлке­сінің ығай-сығайымен бірге Ақ патшаның қабылдауына барып, елдің мұң-мұқтажын да айтқан көрінеді.

Мына өмірбаянды тыңдаған адам датқаның атын Сарыағаш түгіл, Шымкентке беріп жіберуі мүм­кін. Өңірлердегі шежірешілер тұлға жасағанда ешкімге дес бер­мейді. Оларға ғылыми атағы бар адамдар қосылғанда не боларын ойлай беріңіз.

Бір кезде жазушы Молдахмет Қаназ сөзге шықты. Бұл кісі шешен, айналасын үйіріп әкетеді.

– Жаңа датқа атамызды Ақ пат­шаның қабылдауына барған де­діңіздер. Жалпы, Мәскеу жаққа дені дұрыс адам бармаған. Шен-шекпен алу үшін кілең мансапқорлар, жа­ғымпаздар, ұлт сатқындары барған, – деп бір тоқтады Молдекең. – Сон­дықтан бұл мәселені әлі де зерт­тей түсу керек.

Айнала сілтідей тынған. Шы­бын­ның ызыңы естіледі. Бұрын сөйлегендер қалыптастырған иллюзия тұмандай тарқап кетті. Датқаны еңселі тұлғаға айналдыру үшін әлі көп тірлік істеу керек екен. Айтылған пікірлердің дұрыстығын растайтын тарихи жазбалар, архив құжаттары керек дейме-ау...

«Әжептәуір той еді, бала-шаға жеп кетті» демекші, Молдекең бәрін құртты. Бұ кісінің пікірлеріне қарсы дау айтайын десе, дәлел жоқ.

Іс-шара біткен соң Молдекеңмен «Ай-Ғасырдың» алдындағы ма­шинаның қасында сөйлесіп тұр­дық. Алматыдан келген делегация Шымкентке кетеді екен. Ертең Шым­­кентте де датқаға арнаған ғы­лы­ми конференция болатын көрінеді.

Сол кезде қызық жайт орын алды. Іс-шараны ұйымдастырушылар Алматыдан келген тарихшыны жеке бөлмеге алып кіріп, шапан жапты. Кәде-сый берді.

– Шапаннан қағылдыңыз, – дедім мен Молдекеңе.

Сөзімнің астарында «жаңа неге олай дедіңіз?» деген ой жатқанын бірден ұққан Молдекең: «бала, шын­­дық шапаннан қымбат тұрады» деп шалғайын бір қақты да, маши­наға мінді.

Жұртшылық та шындықтың қымбат екенін ұқты ма, Сарыағаш­тың әлі Сарыағаш болып тұрғанына қарағанда, датқаның аты сол күйі қалаға берілмей қалған.

 

Танысам деген, ақша берем деген...

Ботабай ағаның үйінің ауласына шығып тұрмыз. Қазалының күзгі ақшамы. Ай сүттей жарық.

– Осы сендерді таныстыр, деп Молдекеңе қанша рет айттым, – деп жазушы Қажығали Мұ­хан­бет­қалиұлы ағамыз ақын Ахаң (Ахмет Өмірзақ) екеумізді қолтықтап алды. Соның сәті бүгін түскен екен. Өте қуа­ныштымын. Сендердің мем­ле­кеттік сыйлықтың додасына түсіп жат­қан «Тар кезең» жайлы мақа­лаңыз – роман жайлы жазылған мате­риалдардың маңдайалды болды.

– Иә, таныстыр деген, ақша берем деген, – деді Молдекең сөзін сал­мақтап.

Қажекең шашалып, сөйлей ал­май қалды. Әлдене айтқысы кеп, аузы жыбырлап тұрғаны ай жары­ғында анық көрінді. Дегенмен үн­демеді...

Бірнеше күннен соң қоштасар сәтте Молдекең:

– Мына Қажекең жуық арада мемлекеттік сыйлықты алады. Одан соң шығарма жаза ма, жазбай ма, білмеймін. Оған жиі-жиі хабарласып тұрыңдар, ақша сұрап тұрыңдар, – деді. – Үлкен кісі қарасу керек...

Күліп жібердік. Қажекең де жымиды.

Негізі, Молдекең пәленбай жыл­дан бері редактор боп келе жат­қан кісі. Ақшадан таршылық көрме­ген болар. Кейде Алматыға кел­ген Қа­жығали досының бар қара­жатын көтереді деп еститінбіз. Қай­та-қайта ақшаны айта бергеніне қарағанда, Қа­же­кеңнен қайтпай қалған бір қаржы­сын есіне салып тұр-ау деп ойладық...

 

Өзімше – жастаймын...

Бірде Молдекең Сарыағашқа шипажайға келетінін айтып қоңы­рау соқты. Одақ кезінен бері бар әйгілі «Сарыағаш» шипажайынан орын алып қоюым қажет екен.

Жазған құлда шаршау бар ма, шипажайға жетіп барып, тіркеу бөліміне жолықтым. Алина есімді орыс қыз қазір күз мезгілі болса да келушілер қарасы көп екенін айтып, орынды брондау керектігін түсіндірді. Айтқанына келісіп, қай уақытқа орын бар екенін анықтаған соң, сол жерден Молдекеңе қоңырау соғып, «мына уақытта орын босайды екен, сізге ыңғайлы ма?» деп сұрадым. Ол «иә» деді. Содан Молдекең мен Шәрипа жеңгейге орын брондап, орыс қызға «мына кісі «Денсаулық» журналының бас редакторы, әйелімен тура келіп, ешқандай мәселесіз шипажайға жатуы тиіс. Кірпияздау кісі» деп қайта-қайта ыждаһаттап тапсырдым. Ол ешқандай мәселе туындауы мүмкін емес екенін айтып сендірді.

Сонымен, бірнеше күн өткен соң таңғы сағат алтының о жақ-бұ жағында «Сарыағаш-Алматы» ав­то­бусынан Молдекең мен жең­гейді күтіп алып, дереу таксимен шипа­жайға жеткіздім.

Такси құрғыр шипажайдың қақ­пасының алдынан тастап кетті. Кө­ліктің шипажай аумағына кіруіне рұқсат жоқ. Қонақтарымның сөм­кесі-ақ көп екен. Ішінде не барын Құ­­дай білсін! Содан сөмкелердің екеуін бір-біріне байлап, иыққа салып, екеуін көтерген күйі «Сары­ағаш» шипажайының тір­кеу бөлі­міне жетсек, орын жоқ дей­ді. «Ой­бай, апта бұрын брондап кеткем, мы­­на жерде Алина де­ген орыс қыз отыр­ған. Соны шақы­рың­дар», – деп шу шы­ғардым. Ол қыз бүгін жұмыста емес екен. Ке­зек­ші тіркеу дәптерін қарап, «2 орын брондалғанын, бірақ мер­зімінен бұрын босағандықтан, басқа кісілерге екі күн бұрын беріл­ге­нін айтты». Қысқасы, сол күнгі ке­зек­шінің салғырттығынан, біз хабар­дар етіл­мей қалғанбыз. Енді бос орын жоқ.

– Зайып, басқа шипажайлар­ды көрейік, – деді Молдекең әйеліне. О кісі жеңгейді солай атайды.

Содан басқа шипажайларға бар­дық. Жеңгейге біреуінің тамағы, бі­реуінің көрсететін қызметі ұна­майды.

Мен екі сөмкені иыққа салып, тағы екі сөмкені көтеріп жүрмін. «Оба­лың жоқ, бірер күн бұрын шип­жайға қоңырау соғып, мән-жайды бі­ліп қойғаныңда бұлай қиналмас едің. Енді жүре бер, борша-борша боп», – деп өзіме іштей ұрсып қоямын.

Жеңгейге «Ақжайық» шипажайы ұнады. Ақшасын қолма-қол төлеп, екінші, әлде үшінші қабаттан орын алды. Сөмкелерін палатасына апарып, енді жайлап кетуге ыңғайласып тұрғанымды байқаған Молдекең мен жеңгей таңғы ас ішпей кетуге рұқсат жоғын айтты.

Төменгі қабаттағы шипажайдың асханасына түстік. Бағанағы сөмке­л­­ердің бірі тамаққа толы екен. Қа­зы-қарта, жал-жая, ет... Жеңгей дастар­қанды жайнатып жіберді.

Асханада адам көп. Бұрыннан жатқандар да, жаңадан келіп жат­қандар да бар.

Көрші столда отырғандар Тал­ды­­қорғаннан келген екен. Жасы үл­кендеуі Молдекеңді әңгімеге тартып апақ-шапақ болды да қалды. Ортақ таныстары да бар болып шықты.

– Жасыңыз нешеде? – деді бір кезде Молдекеңе талдықорғандық кісі.

– Өзімше – жастаумын, зайыбым айтса – үлкейтіңкіреп айтады. Өзің маған қанша жас бересің? – деп қарсы сұрақ қойды Молдекең.

Асханада отырғандар ду күлді. Жалпы, күйеуінің жасын үлкейтіп айту әйел біткеннің әдеті болса керек. Оның үстіне Молдекеңнің үйіндегі жеңгей ағамыздың өз шәкірті. Мол­декең Шымкент педагогикалық институтын бітірген соң Ақтөбеге жұ­мысқа жіберілген. Сол жерде жоғарғы сыныпта өзі оқытқан оқу­шыға үйленген ғой. Сондықтан ол жеңгейге үлкен көрінуі де мүмкін.

 

Ауылда жағдай нашар, «свет» өшіп қала береді

Жетпісінші жылдардың соңында «Жалын» баспасының директоры, ақын Қабдікәрім Ыдырысов жабық бәйгеде повесімен жүлде алған Қазалыдағы жас жазушы Молдахмет Қаназды Алматыға шақырады. «Әде­би ортаға келмесе, елде үлкен жазушы бола алмайды» деп ойлаған шы­ғар. Әйтеуір, қияндағы қазақтың бір баласына мейірі түсті.

Елден келген қаламгердің жағ­дайын білгісі келген Қабдікәрім Ыдырысов бірден сұраққа көшеді:

– Молдахметжан, неше балаң бар?

– Бес-алтау бар ғой.

– Ойбай, Молдахметжан-ау, бұл қалай? – деп көзі шарасынан шы­­ғып кетті ағасының. Алматыға дөкей жазушы болам деп келген жі­гіт­тің отбасылық жағдайын білген бас­па директоры абдырап қалса керек. Ол кезде қалам ұстағандарды айт­пағанның өзінде, жалпы қала тұр­ғындары бір-екі бала өсіруге көш­кен.

– Аға, өзіңіз білесіз ғой, – деді Молдахмет. – Ауылда жағдай нашар, «свет» өшіп қала береді...

Қабдекең Молдахметті басқа сөз­ге келместен жұмысқа алады.

Айтпақшы, Алматыда да «свет» өшіп қала берді ме, әлде үйренген әдет пе, Молдекең одан соң да жең­гейге бірнеше бала сүйдірген.

 

Бегабат ҰЗАҚОВ,

жазушы, Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты