• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 21 Ақпан, 2022

Украинадағы ахуал ушығып тұр

1711 рет
көрсетілді

Украинадағы түйткілдің түйінін тарқату ісінің шеті көрінбейді. Соғыс басталып кете ме деп алаңдаған жұрт Шығыс Еуропаға көз тігіп отыр. Осыған байланысты таяуда Франция президенті Эммануель Макрон ресейлік және америкалық әріптестерін шақырып, мәселені бейбіт жолмен шешуге үндеді.

Елисей сарайы таратқан мәлімдемеге қарағанда, Украи­надағы ахуалды реттеу жөніндегі саммитке қатысуға Владимир Путин де, Джо Байден де келісім берген көрінеді.

«Президенттер Байден мен Путин осындай саммит өткі­зуге келісті. Оның мазмұны мем­лекетік хатшы Блинкен мен министр Сергей Лавровтың 24 ақ­пан­дағы кездесуінде әзірленеді. Бұл саммит Ресей Украинаға басып кірмеген жағдайда ғана өтеді», делінген Елисей сарайы таратқан мәлімдемеде.

Ақүй де Джо Байденнің саммитке қатысуға дайын екенін хабарлады. Дегенмен бұл ұсынысқа қатты сене қоймағанын да атап өткен. Ақүйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки де бұған қатысты пікір білдірді.

«Егер Ресей Украинаға басып кірмесе ғана президент Д.Байден В.Путинмен кездеседі. Біз әрдайым дипломатияға да­йынбыз. Ресей соғысты таңдаса, мұның салдары ауыр болмақ. Қазіргі таңда Ресей жақын арада Украинаға жаппай шабуыл жасауға дайындықты жалғастырып жатыр», деді Джен Псаки.

Сонымен қатар Франция президенті өз сөзінде Украинаның шығысындағы атысты тоқтатуға талпыныс білдіргенін жеткізді. Бұл қадам Еуропадағы қауіпсіздік шараларын қалыптастыру үшін қажет.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ресей тарапы Украинамен арадағы шекара маңына 150 мыңға жуық сарбазын топтастырған болатын. НАТО-ның хабарлауынша, әкелінген техника саны да өте көп. Батыс елдері Ресей Украинаға басып кіруге әзірленіп жатыр деген дабыл көтерген еді. Бірақ Кремль мұны жоққа шығарды.

Әйтсе де, Владимир Путин НАТО-ның Шығысқа қарай кеңеймеуіне заңды кепілдік сұрап, трансатланттық ұйым орындауға тиіс мәселелерді тізіп берген. Бірақ Батыс елдері Путиннің талабын орынсыз деп мәлімдеді. Өйткені НАТО ешкімге кіруге тыйым салмайды. Бұл – ұйымның ұстанымына қарсы. Сондай-ақ әр мемлекет қандай ұйымға кіретінін өздері шешеді.

Сарапшылар Ресей тарапы қойған талаптың орындалмайтынын бірден айтқан-ды. Өйткені Кремль басшысы ақылға қонымсыз мәселелерді ұсынған. Сарапшылардың пайымдауынша, Путин мұндай қадам арқылы Ресей халқының алдында өзін ақтап, мәселені шешуге талпынғанын, бірақ Батыс келіспегенін сылтау етпек. Осылайша, бүкіл кінәні НАТО-ға аудармақшы деп есептейді.

Washington Post газетінің хабарла­уынша, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін өлуге тиіс немесе ұсталуы қажет адамдардың тізімін әзірлеген көрінеді. Осыған байланысты АҚШ тарапы БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі басшысы Мишель Бачелетке арнайы хат жолдады.

Онда Ресей адам құқығын бұзуды жос­­парлап отырғаны айтылған. Сондай-ақ «мақсатты кісі өлтіру, ұрлау, мәжбүр­леп алып кету, әділетсіз қамау және азап­тау» жүріп жатқанын да атап өткен.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Шеба Крокердің сөзіне сүйенсек, Ресей Украи­наға басып кіре қалса, адам құқықтарына үлкен қауіп төніп, мыңдаған тұрғынның өмірін жалмауы мүмкін.

Ақ үй әкімшілігі Ресейге қарсы санк­ция­­лар пакетін дайындады. Онда амери­к­а­лық қаржы институттарына ресей­лік ірі банктердің транзакцияларын орын­­дауға тыйым салынған. Reuters агент­тігі­нің хабарлауынша, осы қадам арқы­лы халықаралық төлемдерді жүзеге асыра­тын ресейлік банктер мен АҚШ банк­тері арасындағы байланысқа тыйым салу арқылы Ресейге қысым жасау көз­деліп отыр. Украина президенті Володи­мир Зеленскийдің Батысты Ресейге экон­о­ми­калық қысым жасауға шақырғанына қарамастан, санкция ресми Мәскеу әскери қимылдарды бастағанда ғана енгізіледі.

The Guardian газетінің хабарла­уынша, Maxar компаниясы спутниктен түсірілген суреттерді зерделеп, Ресей тағы да әскер мен бронды техника әкеліп, фермаларға, ормандарға және егістіктерге орналастырғанын анық­тады. Олардың кейбіреулері Украи­намен шекарадан небәрі 15 шақырым жерде орналасқан.

Жексенбі күні түсірілген суреттер Украинаның шығысындағы сепаратис­тер бақылауындағы Луганск облысына жақын маңдағы шекараның Ресей жағында танктер, бронетранспортер­лер, артиллерия және қару-жарақтар орна­ластырылғанын көрсетіп отыр. Maxar талдау орталығы әскери техниканың орын­дары ауысқанын да жеткізді.

Компания келтірген мәліметке сүйенсек, бұған дейін техникалар әскери гарнизондар мен оқу-жаттығу аймақ­тарында немесе оларға жақын маңда орналасқан еді. Дегенмен спутниктік суреттер Солотидегі гарнизонға жинал­ған жауынгерлік бөлімшелер мен құрал­дарының көпшілігі шекара маңына қарай қозғалғанын көрсетеді.

Украинадағы ахуал Мюнхенде өткен қауіпсіздік жөніндегі конференцияда да негізгі тақырыпқа айналды. Жиын барысында аталған елдің президенті Володимир Зеленский сөз сөйлеп, Батыс елдерін әрекетсіздігі үшін айыптады. Оның айтуынша, қазір Еуропаға соғыс қаупі төніп тұрған жоқ, керісінше соғыс басталып кеткеніне бірнеше жыл болды. «Неліктен XXI ғасырда Еуропада соғыс болып, адамдар өліп жатыр? Неліктен бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан да ұзаққа созылды? Қырғи-қабақ соғысынан кейін неліктен қауіпсіздік мәселесіне тап болып отырмыз?» деді конференция барысында В.Зеленский.

Оның айтуынша, мұның басты себебі – әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға уәде берген мемлекеттер өз сөзінің үдесінен шыға алмай отыр. Сондай-ақ ол Украинаның 8 жылға жуық уақыт бойы Еуропаға қалқан болып келгенін алға тартты. Бірақ НАТО мен Еуропа тарапы Украинаны құрамына қаб­ылдауға асықпаған. Сондықтан Во­ло­­ми­дир Зеленский Украинаның аумақ­тық тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтау­ға кепілдік берген Будапешт мемо­ран­думы түкке тұрғысыз екенін жеткізді.

Естеріңізде болса, Будапешт меморандумына 1994 жылы қол қойылған болатын. Кеңес өкіметі тарағаннан кейін ондағы ядролық арсенал бірнеше елдің, атап айтқанда, Украинаның, Қазақ­стан­ның, Беларусьтің меншігінде қалған еді. Бұған алаңдаған державалар ядролық қарусыздану келісіміне қосылуға үн­деді. Ұзақ уақыт жүргізілген келіссөз­дер нәтижесінде, 1992 жылы үш ел де Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылып, Лиссабон протоколына қол қойды.

Ал 1994 жылдың 5 желтоқсанында Будапештте өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы­ның (ЕҚЫҰ) саммитінде Ресей, АҚШ және Ұлыбритания басшылары Ядро­лық қаруды таратпау жөніндегі келі­сім­ге қосылған елдердің қауіпсіздігі­не кепілдік беру туралы меморандумға қол қойды. Осылайша, Қазақстан, Украина, Беларусьтің аумақтық тұтастығын, қауіпсіздігін қорғауға кепілдік берілді. Кейінірек мұндай кепілдікті, Франция мен Қытай сияқты, басқа да ядролық мемлекеттер берді.

Будапешт меморандумында үш елдің тәуелсіздігіне, егемендігіне және қазіргі шекарасына құрмет көрсетуге, сондай-ақ аумақтық және саяси тұтастығына қауіп төндірмеуге, қару-жарағын оларға қарсы қолданбауға кепілдік берілген.

Бұдан бөлек, өз мүддесін көздей отырып, аталған мемлекеттердің егемен­дігіне қауіп төндіретін экономи­калық қысым жасаудан бас тартқан. Оған қоса, оларға шабуыл жасау не ядролық қару қолдану қаупі туғанда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жедел әрекет жасауын қам­­та­масыз ету міндеттемесін алған. Ядро­лық қаруды таратпау жөніндегі келісімге мүше елдерге қарсы ядролық қару қол­данбауға да уәде берген.

Алайда Будапешт меморандумының кемшілігі жетерлік. Әсіресе бұл 2014 жылғы «Еуромайдан» оқиғасы кезінде анық аңғарылды. Өздеріңізге мәлім, сол кезде Қырымда даулы референдум өтіп, аймақ Ресей құрамына қосылған-ды. Бірақ халықаралық қоғамдастық мұны мойындаған жоқ. Сондықтан Қырым әлі күнге дейін Ресей қарулы күштері басып алған Украина территориясы саналады.

Осы оқиғадан кейін Киев билігі Будапешт меморандумын еске алған еді. Олар келісім қол қойылған күннен бас­тап күшіне енетінін алға тартады. Ресей­л­ік тарап құжаттың ратификация жасал­мағанын айтып дауласады. Содан бері халықаралық қоғамдастықта да, Украи­нада да, Ресейде де аталған мәселе езу жыртар дауға айналды. Әрқайсысы ме­мо­­ран­думды өздерінше тәпсірлеп, ұста­ны­­­мының дұрыс екенін алға тартып отыр.

Қорыта айтқанда, Украинадағы түйткіл­дің түйіні әзірге тарқар емес. Халық­аралық қоғамдастық қанша талпын­ғанымен, шиеленісті бәсеңдетер жол әзірге көрінбей тұр.