Өткен аптаның соңында Бейжіңдегі Қысқы Олимпия ойындарынан бөлек, тағы бірқатар маңызды жарыс өтті. Әлемнің әр қиырында жалауы желбіреген дүбірлі додаларда Қазақ елінің өрендері де табысты өнер көрсетіп, біраз олжаға кенелді.
Францияның Мец қаласында үстел теннисінен WTT Youth Contender турнирі өз мәресіне жетті. 15 жастағылар арасындағы жарыста Алан Құрманғалиев алдына жан салмады. Қазақтың жас өрені украиналық Антон Дерлюк, румыниялық Рарес Куэсдин, доминикандық Рафаэль Кабрера, кореялық Ли Чонмок, польшалық Рафаль Формел және жергілікті қос ойыншы – Натан Лам мен Флавиен Котонды қапы қалдырып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Өкінішке қарай, 19 жастағылардың бәскесінде Санжар Жұбанов пен Тимофей Герасименконың жолы болмады. Санжар бастапқыда екі қарсыласын ұтқанымен, 1/32 финалда жеңіліс тапты. Ал Тимофей топтық кезеңде сүрінді.
Мәскеуде көркем гимнастикадан ұйымдастырылған Гран-придің кезеңдік сайысында Елжана Тәниева ұршықпен жасалатын жаттығуда 32,30 ұпай жинап, күміс медальды иеленді. Қазақ қызы тек жастар арасындағы әлемнің үш дүркін чемпионы, командалық есепте Еуропа біріншілігінің жеңімпазы, ресейлік Лала Крамаренкодан ғана қалып қойды. Оның көрсеткіші – 34,25 ұпай. Ресейдің тағы бір жұлдызы, дүниежүзілік додада 18 мәрте топ жарып, 10 рет қарт құрлықтың теңдессізі деп танылған Дина Аверина бұл жолы қола медальды қанағат тұтты. Есесіне басқа да жаттығуларда табысқа жеткен Дина көпсайыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені олжалады. Екінші және үшінші орындарды да Ресей гимнасшылары Лала Крамаренко мен Арина Аверина еншіледі.
Албанияның астанасы – Тиранада таэквондодан өтіп жатқан Президент кубогы жолындағы жарысты жерлестеріміз сәтті бастады. Алғашқы күні 87 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Смайыл Дүйсебай күміс медальды мойнына ілді.
АҚШ-та ұйымдастырылған АТР турнирінде пәкістандық Айсам Хак Күрешімен жұп құрған қазақстандық Александр Недовесов ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Бірақ шешуші тұста олар Марсело Аревало (Сальвадор) мен Жан-Жюльен Ройерге (Нидерланд) есе жіберіп, екінші орынды иеленді.
Теннистен Қатардың бас шаһары – Дохада шымылдығы түрілген WTA турнирінің алғашқы айналымында Юлия Путинцева әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, бұл күндері WTA рейтингінде 17-орында тұрған Аустралияның ашық біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы, US open турнирінің үш рет финалында ойнаған Беларусьтың беткеұстары Виктория Азеренкодан айласын асыра алмады. Есеп – 7:5, 2:6, 5:7. Елена Рыбакина кеше франциялық Жаклин Кристианмен күш сынасты.