• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Ақпан, 2022

Күдіктілерді ұстау заң аясында жүзеге асады

339 рет
көрсетілді

Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов пен ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында қаңтар оқиғаларын тергеуге қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Еліміз бойынша қаңтар оқиға­ла­рының себептері мен мән-жай­ла­рын анықтау әлі де жалғасып жа­тыр. Ал құқық қорғау органдары өкілдерінің мәлімдеуінше, күн өткен сайын «Қасіретті қаңтардың» жаңа жайттары анықталуда. Ресми мәлімдемесінде Е.Қилымжанов қылмыстық және деструктивті күш­тердің бейбіт митингті пайда­ла­нып, мемлекеттік билікті басып алу мақсатында терроризм акті­лерін жасағанын атап өтті. «Қыл­мыскерлер мемлекеттік орган­дар­дың нысандарына арнайы шабуыл ұйымдастырып, аймақтарда жаппай тәртіпсіздік жасады. Осы­лайша, олар қосымша құқық қорғау күштерінің келуіне жол бермеуге тырысты. Бұл сөзімізге Атырау облысындағы жағдай мысал бола алады», деді ол. Естеріңізде болса, ұсталғандар Атырауда темір­жол­дар­ды жауып, үш жолаушы пойызы мен бес жүк пойызының қозғалысын тоқ­та­тып тастаған еді.

Қазіргі таңда арнайы прокурор­лардың басшылығындағы ведомст­во­аралық тергеу тобы терроризм актісіне қатысты – 46 және жаппай тәртіпсіздік бойынша 45 қылмыстық істі тергеуде. Жалпы, 91 іс бойынша 469 адам қамауға алынған. Бас прокуратура өкілі адамдар зардап шеккен және үлкен залал келтірген қылмыстарға белсенді қатысқандарға ең қатаң бұлтартпау шарасы қолданылатынын да атап өтті. «Жеке басы, қылмыстағы рөлі, тергеуге жәрдемдесуін ескере отырып, қамауда отырған 128 күдіктінің бас шаралары ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге және жеке кепілгерлікке ауыстырылды», деген Е.Қилымжанов бұлтартпау шараларын қайта қарау бойынша жұмыстың тұрақты жүргізілетінін мәлімдеді.

Спикер Өскемен және Талды­қорған қалаларында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде бірі полиция көлігін өртеп, екіншісі полиция басқармасынан 20 тапанша ұрлаған күдіктілердің ісін сөз етті. Өскеменде қос күдікті көлік доңғалақтарын Республика алаңына апарып жағып, тәртіп сақшыларының қызметтік көліктерін әдейі өртеген. Осылайша, олар мемлекетке 5 млн теңге көле­мінде залал келтірген. Ал тал­ды­қорғандық жігіт тапанша ұрла­ға­нымен тоқтамай, полиция ғима­ратында оқ атқан.

Елдос Қилымжанов мән-жайды толық білмейтін кей адамдардың қылмыстық іс туралы әлеуметтік желілерде біржақты пікір қалдырып жатқанына да тоқталды. Сондай жаз­ба­лардың бірі – еліміздегі белгілі спорт­шының Facebook парақ­ша­сында азамат М.-ға қатысты бұлтартпау шарасын негізсіз қол­дануға қатысты мәліметтер. Осы жазбадағы мәліметтерді егжей-тегжей түсіндіріп өткен Бас прокуратура қызметкері бұл азаматтың Қызылорда қаласындағы жергілікті полиция ғимаратына қарулы шабуыл жасап, полиция қызметкерін басынан ауыр жарақаттағаны үшін күдікке ілінгенін айтты. «По­лиция ғимаратында болған атыс кезінде шабуылдаушылардың бірі өлтірілген. Ал М. деген күдікті мәйітханаға түнделетіп келіп, по­ли­­ция қызметкерлеріне шабуыл жасауға қатысқанын жасыру үшін серіктесінің денесін ұрлаған. Мұн­дай санаттағы күдіктілерге күзет­пен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертілмейді», деді ол.

Сөзінің соңында Е.Қилым­жа­нов қамауда отырған­дар­ды про­­­­­­курорлар ғана емес, құ­қық қор­­­­­ғау ұйым­дарының да тек­се­ре­­тінін, әрбір күдік­тінің жеке қа­был­­­­данатыны, ал егер қандай да бір шағым түссе, бірден шара қарас­­тырылатынын айтты. Бас про­кура­тураның мәлі­мет­теріне қара­ған­да, осы уақыт­қа дейін тергеу изо­ляторларында отырғандармен адам құқықтары жөніндегі уәкіл – 9, оның өкілдері 41 рет кездескен. Бұдан бөлек, Парламент депутат­тарының топтары – 9, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің өкілдері – 4, «Біз азаптауларға қарсымыз» қо­ғамдық бірлестігі мен Адам құ­қық­тары мен заңдылықты сақтау жө­ніндегі қазақстандық Халық­ара­лық бюроның өкілдері бір-бірден кездесу ұйымдастырған. Е.Қилымжановтың айтуынша, күдіктілерді ұстау шарттары бар­лық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

Ал ІІМ Тергеу департаментінің бастығы С.Әділов қазіргі таңда 2 729 қылмыстық істің тергеліп жатқанын, олар бойынша 255 адамның күзетпен ұсталғанын ха­бар­лады. Қылмыстық істер бо­йынша 1,5 мыңнан аса жеке және заңды тұлға жәбірленуші деп танылса, 12 мыңнан астам адамнан жауап алынған. Сондай-ақ 2 мыңнан астам сот сараптамасы тағайындалған. С.Әділовтің айтуын­ша, сотқа дейінгі тергеудің сапасы мен тезірек аяқталуына ерекше назар аударылып отыр.

ІІМ-нің деректеріне сүйенсек, қаңтар оқиғалары бойынша 107 күдіктіге қатысты қылмыстық істер айыптау актілерімен аяқталған. Бұл істердің басым бөлігі – ұрлық (65 қылмыстық іс). Қаруды заңсыз сақтауға қатысты 11, оларды ұрлау бойынша 7 факті тіркелген. Сотқа 86 айыпталушы берілсе, бүгінде оның 52-сіне қатысты нақты шешім шығарылған. Атап айтқанда, 39-ының бас бостандығы шектелсе, 13-і бас бостандығынан айырылды. Ал 2 адамға қатысты іс та­рап­тар­дың татуласуына бай­ланыс­ты тоқтатылған. ІІМ өкілі тергеу барысында Алматы қала­сын­дағы «Оружейник» аңшы дүке­нін тонап кеткен күдіктілердің халықаралық әуежайдағы шабуыл мен қиратуға да қатысы бар екені анықталғанын мәлімдеді. Бұл қылмыстық топ жап­пай тәртіпсіздік кезінде қару дү­кенінен 15 тегіс ұңғылы қару мен 4 ойық ұңғылы карабинді қолды қыл­ған болатын.

Қаңтар қырғынынан кейін азаматтар полицияға 100-ден астам қаруды өз еріктерімен тапсырған. Осыған орай ІІМ өкілі «қаруды ерікті түрде тапсырған адам, егер оның іс-әрекеттерінде қылмыс құ­рамы болмаса, қылмыстық жа­уап­кершілікке тартылмайтынын» тағы бір рет еске салып өтті. Со­нымен қатар, полиция қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған, құны 120 миллионнан астам теңгеге баға­лан­ған дүние-мүліктерді тапқан. Қолды болған мүліктердің басым бөлігі – автокөліктер, тұрмыс техникасы, ұялы телефондар және зергерлік бұйымдар.

С.Әділовтің хабарлауынша, ел көлемінде қаңтар оқиғаларын тергеуге 500-ден астам тергеуші, жедел уәкіл және криминалист тартылған. Тіпті өңірлерге министрліктің орталық аппаратынан тәжірибелі қызметкерлер жіберілген.