• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 22 Ақпан, 2022

Табиғат тамыршысы

820 рет
көрсетілді

Сартап дала, жусанды қырдың сыбдырымен сырласып өскен Қуандық Шолақ шын мәнісінде қаланың емес, даланың ақыны. Иә, ол ауылда, далада өскен ақын екені рас. Бәлкім, содан да шығар, ақынның шығармалары – таудың, құмның, даланың, бастысы табиғаттың көркем құбылыстарымен үндесіп, тілдесіп тұрғандай болады. Жүрегін жыр жолдарымен әлдилеген Қуандық қазақтың кестелі тілін мық­тап меңгерген. Ол – табиғат тамыршысы.

Сөзден сурет салатын, кейбір дала көрі­ністерін образбен орап беретін Қуандықтың бұған дейін «Кешіккен көктем», «Көксеңгір», «Қоңыр жел», «Қоңыр әуен» секілді бірнеше жинағы жарық көргендігінен оқырмандары хабардар. Осыдан бірер жыл бұрын ақын­ның таңдамалы шығармаларының бірінші томы демеушілердің көмегімен көпшілік оқырманға жол тартты.

«Табиғат – тұнған сұлулық», «Өлеңім – ойым, өрнегім», секілді бірнеше тараудан тұратын кітаптағы өлеңдер ақынның сурет­керлік қасиетін айғақтай түседі. Қуан­дық­тың осы бірінші томдағы «Таудың тарпаң өзені» атты өлеңінен үзінді оқып көре­лікші.

«Ожауын үсті-үстіне сапыра бұлт,

Қанатын көтергендей қапыла кілт.

Шатқалға шашыратып ақ көбігін,

Толқындар опыр-топыр жатыр ағып…

Сақтықпен сыбдырлатпай төлін ерткен,

Бас қойды шөліркеген елік еппен.

Толқындар дөңбекшиді аңдаусызда,

Атандай құздан құлап белі кеткен».

Осы жолдарды оқи отырып, Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданында тұратын табиғат тамыршысының байтақ далаға көз тастап ойға шоматын сәті көз алдымызға келе қалды. Иә, ол расында да табиғатта көп жүреді, ой бағады. Байқадыңыз ба, пейзажды қалай ғана сөйлетіп, жан бітіріп жібереді.

Оның әр өлеңін оқып отырып, шын мәніндегі суреткер екеніне иланасың, өн бойыңды қандай да бір разылық сезімі кернеп тұрады. Мәселен, «Кеш әлеті, таулы ауыл» атты шығармасындағы тынып аққан бұлақтай таза жолдар қайран қалдырмай, тамсандырмай қоймайды.

«Бұлт төнсе де түксиіңкі бурадай,

Өзекте өзен жай ағады туламай.

Сынық таға секілденіп жұқарған,

Қылтияды жаңа ғана туған ай.

Жарты әлемге жасап алған иелік,

Түн-өңешке жұтылады түйе бұлт.

Құз-жартастар қалғып-мүлгіп барады,

Үйелмендердей бір-біріне сүйеніп».

Осы бір екі шумақтың өзінен тірі суреттер тіл қатып тұр. Өлең болып өрілген таби­ғаттың тылсымына жан бітірген ақынның «сынық таға», «үйелмендердей бір-біріне сүйеніп» деген жолдары оқырманын бірден елең еткізетіні даусыз. Бұл енді Қуандық ақынның өзіне ғана тән шеберлік шығар, бәлкім.

Қуандық ақынның өлеңдерінен өзеннің жылы ағысындай майда әрі мамыражай самал есіп тұрады. Кітапқа енген, я болмаса енбеген өлеңдерінің барлығы да тотыдай таранып тұр. «Бұлт астынан қызыл ай шыға келді жап-жаңа, қақ жарылған қарбыздың жарты беті секілді», «Жарға біткен жалғыз тал көлең­кесін өзінің, қарсақты алған қырандай көкжелкеден басып тұр» деген тың ойлары тартымдылығымен оқырманын баурап алатыны да даусыз.

Негізі Қуандық Шолақ – ауылдың адамы. Қазақ даласының барлық құпияларын зердесіне түйіп өскен ол сыртқа шықса да ауылын сағынып тұрады. Оған талай мәрте көзіміз де жеткен. Сөйте тұра кейде:

«Алғы лекте алшаңдап жүрер ме едім,

Бола алмадым ақыны Алматының»

деп жырлайтыны да бар.

Қазақтың қабырғалы қаламгері, халық жазушысы Шераға: «Қазақтың рухани дү­ние­сінде екі Шолақ бар. Олар Балуан Шолақ және Қуандық Шолақ», деп ақын шығар­ма­шы­лығын жоғары бағалағанының өзі не тұрады?!

«Ашығып қалған сынды қызылсырап,

Демімен жолаушының ізін сылап.

Шымшылап құлағыңды, бетің жалап,

Қойныңа қол сұғады қызыл шұнақ».

Тағы бір сурет. Әдемі ме, әдемі. Ақынның шығармашылығы туралы қазақ ұлтының мүйізі қарағайдай қаламгерлері кесек ойларын сан мәрте түрлі жиындарда аямай айтты, батасын берді.

Ақыннан аңғалдық артылған ба? Бірде Шерхан Мұртазаның өзі «Қордайдың қоңыр Құлжасы» деп ат қойған марқұм Несіпбек Дәутайдың кабинетіне келген Қуандық ақын «Әлгі халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алдық қой. Енді қалғаны – Мемлекеттік сый­лық. Несіпбек, маған соны әперсеңші», деп қасында отырғандарды әбден күлкіге көмгені бар еді.

Қуандық – бақытты ақын. Оның жүрегін өртеген жыр жолдары таңғы шықтай мөлдір. Ауылда тұрады. Елдің адамы. Содан да болар, шығармашылығы да ауыл адамдары­ның мінезіндей шынайы, адал, таза. Негізі ол сыр­қаттанбай тұрған кезінде інілерін іздеп тұратын. Сонда «Қап, ағаны біз іздеу­дің орнына» деуші едік. Жаратқан Қуан­дық ақынды сол бақытынан айырмасын, ұза­ғынан сүйіндірсін дегіміз келеді.