Қазір елімізде соңғы екі жылда әрекет етіп тұрған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне бәсеке туғызып отырған басқа жүйе жоқ болғандықтан, оның жұмысын жолға қойып, кедергілері мен кемшіліктерін жоюға әрбіріміз мүдделі болып отырған жайымыз бар. МӘМС мегаполисте қалай жұмыс істеп жатыр? Бұл сауалға баспасөз мәслихатында Алматы қалалық Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев жауап берді.
ӘМСҚ Алматы филиалының директоры 2021 жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген қымбат тұратын талдаулар, диагностика және операциялар саны айтарлықтай өскенін, МӘМС енгізілгенге дейін мұндай медициналық қызметтер қымбат болып келгенін, енді бұл медициналық сақтандыру есебінен қолжетімді екенін алға тартып отыр. Біз де өз тарапымыздан бүгінгі таңда Алматыда озық технологияларға сүйенген, бұрын жасалмаған операциялар жасала бастағанын нақты мысалдармен дәйектей аламыз.
– Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толыққанды іске қосылғанына 2 жыл өтті. Жаңа жүйенің жұмысына қатысты айтылып жүрген сын пікірлер баршылық. Дегенмен осы аз ғана уақыт ішінде сақтандыру жүйесі өзінің тиімділігін дәлелдеді. Сақтандырылған азаматтар бұрын ақылы негізде ғана көрсетілген медициналық қызмет түрлерін кедергісіз пайдаланып бастады. Қазіргі таңда жоспарлы түрде көрсетілетін медициналық көмек ақысы толығымен дерлік МӘМС арқылы төленіп жатыр. Оған өткен жылы халыққа көрсетілген қызмет көлемі дәлел бола алады, – дейді Т.Әбілдаев.
Былтыр ӘМСҚ Алматы тұрғындарына сақтандыру пакеті шеңберінде 93 млрд теңге төлеген. Шығынның басым бөлігі, яғни 48,6 млрд теңгеден астамы стационарлық медициналық көмекке, 3,9 млрд теңге күндізгі стационар қызметіне жұмсалған. Өткен жылдың қорытындысы бағасы қымбат болып келетін анализдер, диагностика мен операция түрлерін халықтың сақтандыру есебінен қажетінше пайдаланып жатқанын көрсетті.
Мысалы, консультативтік-диагностикалық қызметтерге 14,5 млрд теңге төленген. Консультативтік-диагностикалық қызметтер ішінде, әсіресе КТ мен МРТ-ға деген сұраныс жоғары. Бір жылда Алматы қаласында жалпы сомасы 848,1 млн теңгені құрайтын 70 мыңнан астам КТ жасалса, қор 50 мыңнан астам МРТ қызметіне 681,8 млн теңге төлеген. Сонымен қатар онкологиялық науқастарды нысаналы түрде тексеруге арналған 6 мыңнан астам ПЭТ-диагностикаға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Сақтандыру қаражатына қарқынды түрде көрсетіліп жатқан қызметтің бірі – медициналық оңалту қызметі десек, былтыр бұл мақсатқа 6,2 млрд теңге бөлініп, оның 222,4 млн теңгесі постковидтік реабилитацияға жұмсалған.
ЭКО жасату да МӘМС жүйесіне кіреді
ЭКО жасату да МӘМС жүйесіне кіреді. Алматыда медициналық сақтандыру есебінен былтырдан бері балалы болуға ұмтылған жандарға 3 687 ЭКО жасалған. Мысалы, 2020 жылы Алматыда жалпы құны 563 млн теңге болатын 643 ЭКО процедурасы жасалған болса, 2021 жылы аталған қызмет саны 5,7 есе артқан. Өткен жылы 3 687 экстракорпоральды ұрықтандыру жасалып, оған 3,5 млрд теңге жұмсалды. Тағы бір мысал, 2020 жылы жоғары технологиялардың көмегімен 184 кардиохирургиялық операция жасалса, 2021 жылы аталған қызмет көлемі 7 есе артып, 1 329 ота жасалған. Оған қор 5,7 млрд теңге төледі. Жалпы, Қор 2021 жылы жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын операциялар мен манипуляцияларға 14,9 млрд теңге аударды.
Тегін медициналық көмек пакеті мен дәрі-дәрмек
Ал тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, ақысыз медициналық көмек пакеті бойынша 35 сырқат түріне дәрі-дәрмек беріледі. Ал МӘМС пакетінде ересектерге 41 нозология, балаларға 63 нозология бойынша дәрі беріледі. Атап айтқанда, қан айналымы жүйесі, ас қорыту органдары, қан аурулары, эндокриндік жүйе, зат алмасу, онкологиялық ісіктер, жүйке жүйесі аурулары мен бірқатар жұқпалы және паразитарлық дерттер, тыныс жолдары мен несеп жүйесі кеселіне шалдыққандарға беріледі.
Былтыр Медициналық сақтандыру қоры осы тегін медициналық көмекке 82,2 млрд теңге жұмсаған. Оның ішінде, 9,8 млрд теңге жедел жәрдем және санитарлық авиация қызметіне, 36,8 млрд теңге – бастапқы медициналық-санитарлық көмекке, яғни емхана деңгейінде көрсетілген қызметтерге, 16,5 млрд теңге – онкологиялық көмекке, 2,4 млрд теңге – консультативтік-диагностикалық көмекке, 5,8 млрд теңге амбулаторлық гемодиализге жұмсалған.
2021 жылы тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтуға 24,8 млрд теңге бөлінген болатын. Жыл соңына дейін тегін медициналық көмек пакетінде – 219 мыңнан астам пациент, МӘМС пакетінде – 26 мыңнан астам ересек пен 40 мыңнан астам бала дәрімен қамтамасыз етілді.
2022 жылға 20 млрд теңгенің дәрі-дәрмегін сатып алу туралы жоспар бекітілді. Дәрілік заттар жыл басынан бері бекітілген кесте бойынша жеткізіліп жатқаны туралы, яғни дәрі-дәрмекке қатысты мәліметтерді пациенттер СҚ-Фармацияның 1439 байланыс орталығынан ала алады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 2022 жылы 187 медициналық ұйыммен (оның 80-і мемлекеттік) жалпы сомасы 213,2 млрд теңгеге шарт жасалғаны белгілі болды. Оның ішінде: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде 117,7 млрд теңге және МӘМС жүйесінде – 95,4 млрд теңге. Биыл барлығы 12 медициналық ұйым қосылды.
Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, Алматы қаласының 2 024 989 тұрғынының ішінде сақтандырылғандардың саны қазір 81,1%-ды құрайды. Сақтандырылмағандардың саны – 382 940 адам немесе 18,9%. Былтыр медициналық сақтандыру қорынан сақтандырылған алматылықтардың медициналық көмегін төлеуге шамамен 93 млрд теңге жұмсалған.
«Барлық жоспарлы медициналық көмек МӘМС жүйесі есебінен өтеледі. Өткен жылы шығындардың басым бөлігі стационарлық медициналық көмекті төлеуге жұмсалды – 48,6 млрд теңгеден астам, тағы 3,9 млрд теңге күндізгі стационар қызметтерін төлеуге бағытталды», деді Т.Әбілдаев.
Мәселен, консультациялық-диагностикалық көмек көрсеткені үшін медициналық ұйымдарға 14,5 млрд теңге төленсе, оның ішінде ең көп сұранысқа ие КТ және МРТ. Былтыр Алматыда 848,1 млн теңгеге 70 мыңнан астам КТ қызметі, шамамен 681,8 млн теңгеге 50 мыңнан астам МРТ және 1,5 млрд теңгеден астам сомаға позитронды-эмиссиялық томографияның 6 мыңнан астам қызметі көрсетілді. МӘМС жүйесінде көрсетілген қызметтер арасында оңалту жеке маңызға ие. Оңалту көмегіне 6,2 млрд теңге бағытталды, оның ішінде постковидті оңалтуға 222,4 млн теңге жұмсалған көрінеді.
Емханаларға 1,8 млрд теңге айыппұл салынды
Өкінішке қарай, өткен жылы мегаполистегі медицина ұйымдары 1,8 млрд теңгенің қызметін көрсетуде түрлі кемшіліктерге жол берген. Осылайша, Медициналық сақтандыру қоры 2021 жылы Алматыдағы медицина ұйымдары 75 мың қызметті дұрыс көрсетпегенін анықтап, қаладағы емдеу мекемелеріне 1,8 млрд теңге айыппұл салынып отыр. Кемшіліктің басым бөлігіне бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары жол берген. Емханалар көрсеткен қызметтен 60 мың кемшілік анықталып, 194,6 млн теңге қайтарып алынды. Сонымен қатар ақаумен көрсетілген 15 мың қызмет – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі. Олар осы үшін 1,6 млрд теңге айыппұл төледі.
«Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға келіп саяды. Сонымен қатар «көрсетілді» деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар», дейді Тілеухан Әбілдаев.
Еске сала кетсек, қор сарапшылары халыққа көрсетілген қызмет сапасын тұрақты бақылайды. Көрсетілген қызмет ақысы да жан-жақты тексеруден кейін төленеді. Қайтарып алынған қаражат медициналық көмектің өзге түрлеріне жұмсалады.
АЛМАТЫ