• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 22 Ақпан, 2022

Аруана – адамзатқа өнеге

989 рет
көрсетілді

«Солдаттың етігіндей жаным сірі» деді Қасым. Адам итжанды делінеді кейде. Төзбеске төзген, шыдамасқа шыдаған, тек жалғыз-ақ азапқа көнбегені айтылады тарихта. Адамды адам етіп ұстап тұрған да сол қасиеті, бәлкім. Одан айырылған күні, сол сезімін жоғалтқан күні сөнеді бәрі. Аспанда күн, жерде ұрпақ барынан не пайда онда? «Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға, Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда» дегеніндей болмай ма Төлеген Айбергеновтің. Ал қазақ Жер-ана дейді.

...Жімле жұртқа аты мәлім Бейбарыс сұлтанның атақ-даңқы аспандап тұрған кезі екен. Бастапқыда құлдыққа сатылған бала, дүниеде көрмеген азабы жоқ, өлгеннен басқасының бәрін өткерген басынан. Сөйтіп жүріп ержеткен, сөйтіп жүріп билікке жетіп, таққа отырған. Дүниенің төрт бұрышына даңқы кеткен. Сол кездегі өркениет ошағы Мысырды билеген қыпшақ текті көшпелі жұрттың өкілі. Ежелгі перғауындар жұртының шаһарларына иелік еткен, аузы түкті кәпірді тізерлетіп, дәргейіне келтірген, мешіт салдырған, сарай толы қазынаға малынып өмір сүрген түркі текті оғлан ақырында зым-зия ғайып болмай ма? Осыншама дәулет пен бақты, алтын тақты тастап бір-ақ күнде қыпшақ даласына – туған топырағына тартып отырғаны жазылады. «Әкелді бір түп – сол жусан...» деп келетін ұран сөзіне дейін есімізде қалыпты. Киносы тіптен әсерлі түсірілген. Туған топырағы – Қазақ даласына келіп, жанына бала күні сіңісті болған жусанды емірене иіскеп тұрғанда, қартайғанда қайта тапқан жұртын тұтқиылдан жау шаба жөнеледі... Маңыздысы ол да емес, маңыздысы – сұлтан да болса соншама дүниені туған жерінің бір түп жусанына қиып келуінде. Алла жаратқан адам бойындағы ең асыл қасиет те осы. Ал әдебиетте бұл қасиетті жеріне жеткізе жырлаған (суреттеген) Төлеген Айбергенов деп білеміз:

«Қайғырған жоқпын баратқан қалып малға да, тіпті басқа да,

Гүл шығады ғой тасқа да.

Тауға да керек астана,

Тасқа да керек астана.

Кеудемде жүрген, зердемде жүрген ынтызар ықылас от өріп,

Сен мұны менен бетер ұқ!

Түкпірімдегі дір ете қалғыш осынау құйттай жүрекпен

Келем мен бүгін қасиетті байтақ Қазақстанды көтеріп!»

Бұл жерде астана туған жер есебінде қолданылып отыр. «Аруана – бауыр дүние» деген тақырыбының өзі неге тұрады осы өлеңнің?! Үңіліп неше оқысаң, сонша құлпырып, әртүрлі қабылданады. Қазақ жыры мен сөзінің сиқыры да, сыры да осында шығар. Оны ақын тіптен өзгешелендіріп, үлкен биікке көтеріп жібергенге ұқсайды. Жоғарыда біз мысалға келтірген шумақтар өлеңнің соңы, ақыр аяғы. Негізгі айтар ойы мен оқиғасы басында.

Жырдағы басты кейіпкер – Аруана, төрт түліктің бірі. Ең жершіл, ең есті хайуан өзінің туған топырағына оралуы үшін ботасын шайнап өлтіріп, боздаған күйі туған жеріне тартып отырады. Ботасы жау қолында тірі қалса, кейін қайырылып, жау қолына қайта түсетініне ақылы мен ерлігі жеткенін айтсаңызшы. Сонда туған жері ботасынан да ыстық, ботасынан да қымбат болып тұр деген сөз.

«Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп,

Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп.

Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен,

Омырауын шерге толтырып.

Апталап-айлап таңдайын мейлі тасбауыр шөлдер құрғатсын.

Қазығын таппай тоқтамайды екен мәңгілік тіпті күн батсын.

Туған жер төсін аңсаумен өткен аруана – бауыр дүние,

Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың».

Осындай ақ жүректен туған перзенттік сезім болмаса дүниеге мен де бауыр баспас едім деген ой ұшқын атады алғашқы шумақтардың өзінен. Ақын туған жер төсін аңсап, сүйген аруананың махаббатын адамзатқа үлгі етеді. Ал осындай құрбандыққа адам барды десе, қалай естілер еді? Тарихта адам ондай құрбандыққа бара алмады деуден аулақпыз және мысал да жеткілікті. Жануар-екеш жануардың мұндай құрбандыққа бара алатынын басқа – басқа, ХХІ ғасыр ұрпақтары ұмытпауға тиіс шығар. Отбасы, әке-шеше, Отан, ағайынды, ауылды, адамзатты жақсы көру туған жерден басталатынын ескерсек, оны сүйе алмаған, ол үшін құрбандыққа бара алмаған адамда ештеңе де жоқ дегенге саяды.

«Бірақ мен оны жыр қылып қалай жаза алам,

Жетер ме адам сөзі оған!

Өмірде ұзақ жасауың үшін болғаныменен қайғың қас,

Туған жер, сен деп қайғыра алмасам тағдыр да мені бай қылмас».

Жер бетінде қазақ қазақ болғалы жалғыз темірқазығы – осы ұлан-байтақ жері екені тағы даусыз. Өйткені сонау ежелгі аңыздардан бастап, тасқа қашалған жырларындағы оқиғалардың бәрі жерге байланысты. Жыраулар поэзиясының қай-қайсысы болсын «қоғалы көлдер, қом сулар, қоныстар қонған өкінбес» деп бірінші қонысын айтады. Сол мәңгілік жырлардың заңды жалғасы, көркемдік қуаты кенересінен асып тұрған туындының бірегейі – Төлегеннің осы жыры әр қазақтың жүрек түкпірінде жүруге тиіс деп білеміз.