Бейжіңдегі Ақ Олимпиада аяқталғанымен, қысқы спорт түрлерінен жарыстар әлі де жалғасуда. Алдағы күндері бізді тағы бірқатар байрақты бәсеке күтіп тұр.
Кеше Норвегияда шаңғыдан жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем біріншілігінің шымылдығы түрілді. Алты күнге созылатын жарыста Қазақстанның намысын бес спортшы қорғауда. Олар – Айша Рақышева, Кәмила Махмұтова, Святослав Матасов, Мария Люфт және Темірлан Төлегенов. 26-27 ақпан күндері Ресейдің Ярославль қаласында шаңғы акробатикасынан әлем кубогының кезеңдік сайысы өтеді. Шорт-тректің могул түрінен дәл сондай бәсеке Жапонияның Тазавакосында ұйымдастырылады. Спорттың осы түрінен дүниежүзілік доданы 18-20 наурыз күндері Канаданың Монреаль шаһары қабылдайды. Келесі айдың басында конькишілер Норвегияның Хамарында жалауы желбірейтін әлем чемпионатында бас қосады.
Сондай-ақ ақпанның соңы мен наурыз айының аяғына дейін биатлон, шаңғы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трамплиннен секіру, мәнерлеп секіру және басқа да қысқы спорт түрлерінен өтетін тартысты бәсекелерді тамашалаймыз.