• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Спорт 23 Ақпан, 2022

Анадолы елінде белдеседі

356 рет
көрсетілді

24-27 ақпан арлығында Түркияның Ыстанбұл қаласында өтетін Яшар Доғуды еске түсіруге арналған халық­аралық турнирде Қазақстанның еркін күресі шеберлері де өнер көрсетеді.

Анадолы еліне 30 балуан аттанды. Солар­дың араларында әр жылдары әлем чемпионаттарында жүлде алған Нұрлан Бекжанов пен Нұрқожа Қайпанов бар. Нұрланның 2016 жылы Будапештте, ал Нұрқожаның 2019 жылы Нұр-Сұлтанда қанжығасы майланған. Олардың екеуі де 74 кило салмақта сынға түсіп, күміс медальді иеленді. Сол секілді Амандық Бакеев (70 кило), Жігер Закиров (79 кило), Азамат Дәулетбеков (86 кило), Әділет Даулымбаев (92 кило), Бақдәулет Әлментай мен Мамед Ибрагимов (97 кило), Юсуп Батырмурзаев, Олег Болтин және Әлішер Ерғали (125 кило) сынды сақа спортшыларға да зор сенім артылып отыр. Дарынды жастар арасынан Адлан Асқаров (65 кило) пен Талғат Сырбазды (75 кило) бөле-жара атауға болады.

Естеріңізге сала кетейік, Түркиядағы турнирді грек-рим күресі шеберлері бастайды. Ол команданың құрамын газетіміздің кешегі санында жарияладық. Одан кейін әйелдер күресі мен еркін күрес өкілдері боз кілемге шығады.