Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) Гагарин кубогы жолындағы жарысқа қызу даярланып жатқан командалардың көбі қазіргі кезде жаттығу кездесулерін өткізуде.
Нұр-Сұлтанның «Барысы» Мәскеуде жергілікті «Спартакпен» күш сынасты. Бәсеке басталған беттен ойын тізгінін қолға алған жерлестеріміз бірінші кезеңде қарсыластарына бас көтертпеді. 5 және 8-минуттарда Егор Петухов дубльдің авторы атанса, 10 және 14-минуттарда Кертис Волк пен Якоб Берглунт бір-бір реттен нысананы дәл көздеді. Сол аралықта айдын иелерінің сапындағы Эмиль Петтерсон бір гол салып үлгерді. Үзілістен кейін Кирилл Савицкий мен Әлихан Әсетов мергендік танытты. Мәскеуліктер арасынан Дмитрий Вишневский гол соқты. Үшінші кезеңде Волк кездесудің соңғы нүктесін қойды. Есеп – 7:2.
«Барыс» Мәскеуде тағы екі жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр.