2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 13,1 трлн теңге сомаға зейнетақы жарналары жинақталды, деп хабарлайды Egemen.kz БЖЗҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зейнетақы қорының деректері бойынша зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасып, 12,7 трлн теңгені құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 367,8 млрд теңгені, ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 1,7 млрд теңгені құрады.
«2022 жылдың алғашқы айында БЖЗҚ салымшылары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 30%-ға артық қаражат қосты. 2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша салымшылардың шоттарына жалпы көлемі шамамен 114,9 млрд теңге зейнетақы жарналары түсті, бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 26,1 млрд теңгеге артық. Жарналардың жалпы көлемінің 93,3%-ын МЗЖ бойынша БЖЗҚ-ға түсімдер құрайды, бұл - 107,2 млрд теңге (өсім 29%), МКЗЖ бойынша 7,6 млрд теңге (өсім 28%), ЕЗЖ бойынша 72 млн теңге (өсім 149%) аударылды. Сонымен қатар, бір ай ішінде таза инвестициялық табыс 10,6 млрд теңгені құрады», деп хабарлады БЖЗҚ.
2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 11,7 млн бірлікті құрады. Шоттардың ең көп саны міндетті зейнетақы жарналары бойынша ашылды – 10 865 718 бірлік. Бұдан әрі МКЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар 550 405 бірлік, БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар саны қазір 63 471 бірлік, сонымен қатар жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларына 113,2 млрд теңге төледі, басым бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емдеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдері - 97,0 млрд теңге құрады. Жасына байланысты төлемдер - 6,6 млрд теңге, мұрагерлік бойынша төлемдер - 3,8 млрд теңге, ҚР шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер - 3,5 млрд теңге, сақтандыру ұйымдарына аударымдар - 1,6 млрд теңгені, жерлеуге арналған төлемдер - 0,4 млрд теңгені және мүгедектік бойынша төлемдер - 0,2 млрд теңгені құрады.
Сондай-ақ, БЖЗҚ кестесі бойынша ай сайынғы орташа төлем сомасы (зейнеткерлік жасқа толуына байланысты) 29 200 теңгені, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 548 741 теңгені құрады.