• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 23 Ақпан, 2022

Біздің үй соның іргесінде еді...

856 рет
көрсетілді

Түнеу күні жазушы Жүсіпбек Қор­ғас­бек өзінің «Abai TV» арнасын­дағы «Үркер» деген авторлық бағдар­лама­сына қонаққа ақын Жүрсін Ерманды шақырды. Тағылымды хабар тамаша өрбіді. Ғибратты көп әңгімелер айтылды. Өлең оқылды. Әдебиеттің жай-күйі талқыланды.

 

Бізді сол хабарда толқытқан, толған­дырған ерекше бір ән еді. Ән дегенде, Жүрсін Ерманның атақты «Қасымның үйі» деген өлеңіне жазылған ғажап әуен. Авторы – сол бағдарламаға шайырдың шашбауын көтере келген ақын Серік Қалиев.

«Дегені қайда – басылды құйын?

Ақылым жетпей, ашиды миым:

Виноградов көшесіндегі,

Қиратып жатыр Қасымның үйін»,

деп басталған ғажап туынды адамды бірден өзіне баурап әкетеді.

Әнді тыңдап отырғанда кез келген мық­ты ақынның басындағы трагедия – ол ақиқатында бүкіл адамзат басындағы ауыр тағдыр екенін ұғасың...

«Жүйрігім еді жыр көшіндегі,

Бауырын жазып бір көсілмеді.

Қиратып жатыр Қасымның үйін...

Біздің үй соның іргесінде еді!»

Ойланып қалмасыңа шара жоқ... Біраз уақытқа дейін үнсіз қалғың келеді. Ішіңді ой жейді. Өз-өзіңді сұхбатқа шақырасың...

Ақын сонда дауылпаз Қасым үйінің іргесіндегі қай үйді айтты?

Бәлкім ол өзінің ала құйын ақын тағ­дыры бұйығы ғана күн кешіп жатқан кіш­кене құжырасын меңзеді... Бәлкім, бәрі­міздің де бұл өмірде тұрақ ететін, мекен қылатын ғұмыр-қосымыздың бір күні қирай құлайтынын айтты?

Бәлкім, бәлкім...

Біздіңше, сол қирап жатқан шайыр ша­ңы­рағының іргесінде барлығымыздың үйі­міз тұр еді.

Кейін.

Кейін әлгі хабар көп өтпей елімізде дүр­белең басталды. Қайғылы қаңтар оқиғасы орын алды.

Кеше ғана исі қазаққа байтақ астана болған, әлі де рухани елордамыз саналатын ару Алматымыз отқа оранды, оққа ұшты. Қаншама жазықсыз жандар шаһид кешті... Зәулім ғимараттар қирады, шаһар аяусыз тоналды. Шынылар шағылды, едендер опы­рылды.

Қоғам аласапыран күйге түсті. Бірі – шын жан ұшырды. Тәуелсіздігімізге шын мәнін­де сәт сайын қауіп төніп келе жат­қанын, азаттығымыз қыл үстінде тұрғанын шырылдай айтты. Бірі – өртенген үйдің қасына келіп қойының басын үйітіп алғысы келді.

Сол қаралы қаңтар трагедиясы кезінде ару шаһарда өртенген, қираған, шаңырағы ортасына түсе опырыла құлаған әр үйдің іргесінде сіз бен біздің үйіміз тұрды.

Оны біраз ел сезді, біраз ел қаннен-қа­персіз тәтті ұйқыларында жата берді.

Есенғали Раушановтың «Жоқ, күн тұ­тылған жоқ, Менің көңілім тұтылды» деп бас­талатын ғажап өлеңі бар. Дәл сол сияқ­ты. Алматы өртенген жоқ, біздің өзе­гіміз өр­тенді. Егер біз «Әр қазақ – ме­нің жалғызым» деген сөзді шын түсініп айта алған болсақ, онда біздің үй сол Алма­тының қираған әр ғима­ратының ірге­сінде, жоқшылықтың жасыл жалынына өрте­ніп өлген бес балдырғанның жыртық лашы­ғы­ның қасында тұруы керек еді.