• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2014

Украина: экономика және әлеуметтік жағдай

2874 рет
көрсетілді

Әлем экономистерінің назары тағы да Украинаға ауды. Бұған соңғы кездері елдегі экономикалық ахуалдың күрт құлдырап кетуі себеп болды. Сарапшылар жағдайдың бұлай ушығуын бірнеше фактордың жиынтығынан қарастырады. Олардың діңін сыртқы ықпал, ішкі экономикалық және реттегіш саясат, сондай-ақ геосаясат құрайды. Енді бұлардың соңғысын жинап қойып, қалған үшеуі туралы төмендегі тұжырымдарды қысқаша баяндап берейік. Сыртқы ықпал: төрт факт және бір сұрақ Осы орайда әлемге танымал Forbes басылымы Украина экономикасына сыртқы ықпалдың әсері зор екенін атап өтіп отыр. Егер қысқаша қайырсақ, бұлайша әсер етудің негізгі факторларын атап шығуға болады. Біріншіден, украинның экономикалық циклін көп жағдайда нарықтағы өнім де, қаржы көлемі де анықтап береді. Екіншіден, Украина үшін экономикасы енді дамып келе жатқан елдердің тобы маңыздырақ болып отыр. Үшіншіден, бұл ел үшін дамушы елдер экономикасы өсуіндегі қазір тежеліс түйінді трендтердің, яғни негізгі тенденциялардың бірі болып табылады. Бұдан бүгінде күллі әлемнің экономикасы зардап шегуде. Төртіншіден, жоғарыда аталған Emerging Markets елдерінің екі шешуші сала – шикізат және инвестициялық тауарларға деген сұранысының төмендеуі, сондай-ақ, экономикалық дисбаланстарды (мәселен, қайта инвестиция жасауды) жойғаннан кейінгі кең ауқымды қаржы дағдарысының болу ықтималдылығы осыған апарып соқтырды. Егер бірінші тәуекел тобындағы жағдай салыс­­­тырмалы түрде айқын көрінсе, қаржы дағда­рысы тәуекеліне байланысты мәселенің бәрі дәл ондай түсінікті емес. Мұнда негізгі түйін ойдан құрастырылғандай болып сезіледі. Шынын­да да мәселенің экономикалық жағынан алған­дағы мазмұны анық: қарқын өсуінің тежелуі қисын­ды түрде импортқа (соның ішінде бұл елдегі экспорт­қа да) деген сұраныстың түсіп кетуіне апарып жеткізеді. Бірақ экономикалық жағынан дамушы елдердегі өсу қарқынының баяулауы неге қаржы дағдарысына апаруы тиіс? Сарапшылар бұған жауапты екі құрамдас бөлік тұрғысынан береді. Әлемдегі қаржы дағдарыстарының әсері Соңғы 30 жыл экономикалық және қаржы дағдарыстарына қатысты ортақ қатынастарды өзгертіп жіберген екі маңызды трендті әкелді. Біріншісі – құлықтық экономика және құлықтық қаржы деп аталатын ғылыми пәндер шықты. Бұ­лардың біріншісін ашқан ғалым 2002 жылы, екін­шісін тапқан экономист 2013 жылы Нобель сый­­­лықтарын иемденді. Екіншісі – Азияда 1990 және 2008 жылдарда орын алған қаржы дағда­­рысы. Бұл екі трендтің жиынтығы нәтижесінде қаржы-экономикалық тұрақтылығы мен экономикалық саясат мәселелеріне  жаңаша көзқарас өте тез арада қалыптасып үлгерді. Әдетте бұл макропруденциялық саясат деген терминге телінеді. Экономистердің айтуларынша, бұл тәсілдің бірнеше маңызды аспектілері бар. Оның принципті мәселесі қаржы жүйесінің қазіргі экономикадағы тұрақсыздықты тудыруға басты себепкер екенінде болып отыр. Қазіргі жағдайда тұрақсыздық қаржы жүйесінің экономикалық циклі екі шепке кезек-кезек шектеп барып, біресе экономикалық өрлеуге, біресе күрт құлдырауға апаратынынан көрінуде. Бұған экономикалық өрлеу кезінде бірден көтеріліп кетіп, нәтижесінде көлемін елеулі түрде арттырып жіберетін кредит беру жүйесі ықпал етеді. Қазіргі заманғы макроэкономикада бұл тұжырымдама «қаржы акселераторы» деп аталады. Бұл жағдай экономикасы онсыз да құлдырап келе жатқан Украинаға ауыр тиіп отыр. Экономистер сондықтан да елдегі жағдайды қазір аса ауыр деп бағалайды. Бұған республикада саяси және экономикалық дағдарыстың қатар келгені қатты әсер етіп кетті. Ал жалпы жағдайдың нашарлауының алғышарттары 2013 жылдың өзінде байқалған екен. Осы жылы импорттың көлемі экспортқа қарағанда анағұрлым артып кетіп, елдегі ішкі тауар өндіру мен қызмет көрсету ешқандай өспеген, бұл ішкі жалпы өнімнің сол қалпында қалуына апарып соқтырған. Осылардың нәтижесінде бүгінде елде алтын-валюта қоры түгел сарқылып бітіп, ол мемлекеттің барлық қарызының ширегін де жаба алмайтын халге жеткен. Бұған 2009 жылғы әлемдік қаржы дағдарысының да айтарлықтай ықпалы бар. Сол жылы мемлекет қаржысын оңтайлы басқара алмаудың салдарынан әлемдегі ішкі жалпы өнімі қатты түсіп кеткен ел де Украина болды. Бұл көрсеткіш мұнда 14,8 пайызды құрады. Қымбатшылық қамыты қаусырып келеді Қазіргі таңда елде күнделікті тұтыным тауарларының бағасы күн сайын дерлік өсіп, халықтың онсыз да ыңыршағы айналып тұрған жағдайын одан бетер түсіре бастады. Осы жылдың басындағы бағалармен салыстырғанда, азық-түлік өнімдерінің құны екі есеге жуық өсіп болды. Украина қалалары мен селоларында бүгінде жұрт қарақұмық, қант, макарон, күріш, тұз секілді тауарларды көптеп сатып алуда. Соның әсерінен сөрелері мүлдем дерлік бос тұрған супермаркеттер мен дүкендер бұл елде жетіп артылады. Осымен бір мезгілде доллардың бағамы да күн санап өсіп, гривеннің құнын үздіксіз түсіріп келеді. Жылдың басынан бері бұл қымбаттаушылық 36 пайызға жетті. Кейбір банкілер тіпті бір қолға көп дегенде 500 доллар ғана ауыстыру жөнінде шектеу қойып та үлгерді. Ал өткен аптаның аяғында бүкіл Украина аумағында банкоматтар уақытша жұмысын тоқтататыны туралы құлақтандыру жарияланды. Мұның соңы елдің барлық түкпірлерінде банкоматтар алдында ұзын-шұбақ кезек тұрып, олардағы ақшаларды түгел үлестіріп әкетуге апарып жеткізді. Ал қазіргі гривеннің күн сайын құнсыздана түсуі дерегінде республикадағы жағдайдың нашарлай беретініне ешбір күмән болмай қалды. Жағдай, сөз жоқ, қарышты қадамдарға барып, күрт өзгерістер жасауды күтеді. Егер ондай шешімдерге құлаш ұрылмаса, елде дефолт болатыны сөзсіз. Мұның борыштылар алдындағы тиесілі міндеттемелерді орындай алмауды немесе борыштарды төлеуден бас тартуды білдіретіні тағы аян. Бұл елдің іс жүзінде банкротқа ұшырағанын көрсетеді. Мұндай жағдайда елдің қазір Халықаралық валюта қоры 15 млрд. долларды да ала алмай қалуы әбден ықтимал. Тіпті, алған күнде де оны уақытында қайтара алатын әлеует әзірге көрініп тұрған жоқ. Мұның үстіне Украинаның Ресей мен Қытайға қарызы көлемінің өзі кім-кімнің де төбе шашын тік тұрғызады. Украина қазір шынында саяси жағынан ғана емес, сонымен бірге экономикалық жағынан да үлкен дағдарысты бастан кешіп жатыр. Банкроттық шегінде тұр «Украина қаржылық және экономикалық банкроттық шегінде тұр» деп мәлімдеді премьер-министр қызметіндегі Арсений Яценюк осы елдің парламент мәжілісінде. Оның айтуына қарағанда, Украинадағы бюджет тапшылығы 2014 жылы 289 миллиард гривенді құрамақ. Бұл – 28 миллиард доллар шамасындағы қаржы. Ал инфляция 12-14 пайыз аясында қалыптасуға тиіс. Яценюктің атап көрсеткеніндей, елдің ішкі жалпы өнімі жыл соңында 3 пайызға дейін құл­дырайды деген болжам бар. «Мұндай құлды­­­­рау егер біз үкімет ұсынып отырған қажетті тұрақ­тан­дыру шаралары пакетін қабылдаған жағдайда ғана мүмкін болмақ. Өйтпеген жағдайда құлдырау дең­гейі 10 пайызға жетуі мүмкін», деп мәлімдеді ол. Яценюк осылай дегенімен, сарапшы­­лардың пікіріне қарағанда Украи­нада қалыптасып отыр­­ған қазіргі жағдай бұдан гөрі әлдеқайда күрделі. Сондықтан сарапшылардың бірқатары үкімет бас­шысының жоғарыдағы сөзін жағдайды неғұрлым жұмсартып көрсету есебінде қабылдаған. Киевтің Мәскеу алдындағы қарызы 11 миллиард долларға өсе түспек Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, Қырым мен Севастопольдің Ресейге қосылуына байланысты Украина мен Ресей арасында жасалған Харьков келісімінің күші жойылуға тиіс. Осының әсерінен Киевтің Мәскеу алдындағы қарызы шамамен алғанда 11 миллиард долларға өспек. Өйткені, Ресей үкіметі осы елдің Қара теңіз флотының Украинада қоныс тебуіне байланысты жоғарыда аталған Харьков келісімінің аясында Украина жағы тұтынатын газға жеңілдіктер қарастырып келген. Бұл жеңілдіктің көлемі 11 миллиард теңге көлемінде қалыптасқан. Енді жағдайдың өзгеруіне байланысты Ресей алдындағы Украина қарызы осы сома көлемінде қалыптасуы тиіс. Тұрмыстық газ бағасы 50 пайызға көтерілмек «Нафтогаз Украина» компаниясы үстіміздегі жылдың 1 мамырынан бастап ұсақ тұтынушылар үшін, яғни халық үшін тұрмыстық газдың бағасын 50 пайызға және мұнан кейінгі 2018 жылға дейінгі уақыт аралығында тағы көтере беру жөнінде шешім қабылдаған. Сарапшылар мұның себебін Ресей мен Украина арасында жасалынған Харьков келісімінің күші жойылатындығымен түсіндіреді. Осы аптаның сейсенбісі күні Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков аталған жағ­­­дай­­ға орай бұдан әрі Украинаға газ жеңілдігін бе­ру­дің ешбір негізі жоқтығын мәлімдеген көрі­неді. Дегенмен, Украина энергетика министрлігінің басшысы Юрий Проданның мәлімдеуінше, Украина жағы әзірге Ресей тарапынан 2013 жылдан бастап әрекет етіп келе жатқан Харьков келісімінің күші жойылатындығы жөнінде ешбір мәлімдеме алмаған. Дегенмен, министр Ресей тарапынан келетін газ бағасының көтерілу қаупінің бар екендігін жоққа шығармаған. Мемлекеттік қарыз көлемі ІЖӨ-нің 53 пайызынан асып түскен Украина премьер-министрі Арсений Яценюк парламент мәжілісіндегі сөзінде осы елдің мемлекеттік қарызы 800 миллиард гривеннен асып түскендігін хабарлаған. Бұл – елдің ішкі жалпы өнімінің 53 пайызынан асатын қаржы. Осыған байланысты Украина үкіметі дефолттан қашу мақсатында халық үшін бірқатар күйзелісті шараларға бару жөнінде шешім қабылдаған. Яценюк аталған шешімге парламент келісімін сұрай келе «бізге бұл шешімді қабылдау керек, өйтпеген жағдайда банкрот боламыз» деп мәлімдеген. Шешім қабылданған жағдайда арақ пен темекі бағасы қымбаттап, мемлекеттік органдарда істейтін қызметкерлер саны 10 пайызға қысқара түсетін көрінеді. Сондай-ақ, прокурорлар мен судьяларға, шенеуніктерге берілетін арнаулы зейнетақы көлемі 80-нен 70 пайызға дейін азайтылмақ. Шығындарды шектеу мақсатында басқа да қолайсыз шаралар қарастырылмақ. Шетел валютасындағы несие рейтингі төмендеді Украина дефолттың алдында тұр. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, елдің экономикасы құлдырап барады. Айталық, Standard & Poor’s халықаралық рейтинг агенттігі Украинаның шетел валютасындағы ұзақ мерзімді несие бойынша рейтингін бір сатыға түсірді. Яғни, несие деңгейі ССС+ жағдайынан ССС дефолт алдындағы деңгейге дейін төмендеген. Бұл туралы S&P агенттігінің баспасөз баяндамасында хабарланды. Сарапшылар «жағымсыз» болжам 30 пайызға дейін жалғасуы мүмкін деп отыр. Бұлайша шетел валютасындағы несие рейтингінің төмендеуі тіпті жыл аяғына дейін созылуы ғажап емес. Агенттік мамандарының пайымдауынша, рейтингтің төмендеуіне кейбір мемлекеттер тарапынан, яғни сыртқы қаржылай көмектің болмауы ықпал етіп отыр. Ал Украина мұндай жағымсыз болжамдарды қалыпқа келтіруі үшін екіжақты немесе көпжақты займдардың арқасында ғана, сондай-ақ, саяси жағдайды тұрақтандырғанда ғана қол жеткізуі мүмкін, дейді сарапшылар. Құнды қағаздар түсімі төмендеді Украинаның 2014 жылғы маусымға дейінгі мемлекеттік облигацияларының кірісі 7,76 пайыз тармағына, яғни 34 жылдық пайызға дейін төмендеді. Бұған дейін украиндық тәуелсіз облигациялардың мөлшерлемелері бұрын-соңды тарихта болмаған ең жоғары деңгейге көтеріліп, жылдық пайызды 42-ге дейін көрсеткен. Украина мемлекеттік облигацияларының табысы бұлайша төмендегені ондағы инвесторларға үрей тудырып отыр. Гривен құнсызданды Украин гривені АҚШ долларына есептегенде 9,1 гривенді құрап, соңғы бес жылдағы ең төменгі курсқа жетті. Тіпті, бұл бағамның өзі бірнеше сағаттарға созылып, артынша долларына 9 гривенге дейін түскен. Ал осыған дейін банкаралық бағам тарихында ең төменгі гривен бағамы 2008 жылдың 18 желтоқсанында тіркеліпті. Онда 1 доллар 10 гривен болған екен. Гривен бағамының төмендеуі елдегі жағдайдың күрделенуімен тікелей байланысты. Бұл Украинаның әлеуметтік-экономикалық ахуалының әлсіреуіне әкеліп соғып отыр. Дабыл қаққан экономистер жағдайды бір қалыпқа келтіру керек дейді. Олардың ойынша, қазіргі ахуалдан айлықтан айлыққа дейін күн кешіп жатқан Украина халқы зардап шекпек. Өйткені, кез келген баға өзгерісі экономикалық дағдарысқа соқтыруы мүмкін. Шетелдік ақпарат агенттіктерінің материалдары бойынша әзірленді.