• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Ақпан, 2022

Көмірсіз һәм көңілсіз мектеп

444 рет
көрсетілді

Әдетте ковидтің «құтыруына» байланысты оқушылар онлайн оқуға көшірілетін. Ақтоғай ауданына қарасты Әуелбек ауылының мектебі көмірдің жоқтығынан ZOOM қосымшасының көмегіне жүгінуге мәжбүр. Қатты отыннан қатты тапшылық көрген білім ордасындағы ахуал қандай?

 

Суықтан бүрсең қаққан ұстаз­дар мен оқушылардың мүшкіл ха­лін әлеуметтік желілерде тараған бей­не­жазба растап берді. Әйтпесе, «бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп жүрген мек­теп ұжымының жағдайын еш­кім білмес те еді. Жазба авторы мек­тепте көмірдің таусылғанын, жа­ғуға жарамсыз ұсақ үйінділер ғана қалғанын бейнелепті. Сал­да­ры­нан ғимарат ішіндегі температура күрт төмендеген.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ольга Кунакованың айтуын­ша, Қ.Ыдырысов атындағы орта мектепті жылыту үшін қысқы мау­сымда 474 тонна көмір қажет. Та­уарлық биржа арқылы 45 млн тең­ге­ге келісімшарт жасалған. Бірақ қара отынды тасымалдауға жа­уап­ты мердігер – «Рахимов» жеке кә­­сіп­керлігі осы уақытқа дейін 270 тоннасын ғана жеткізіпті. Өз ісіне салғырт қараған мердігердің үстінен сотқа арыз да түскен. Ол «күнде ертеңмен» уақытты созып жүріпті. Сенімді басқаруға берілген қазандықтың аумағында қатты отын қорын сақтайтын арнайы орын жоқ екен. Әйтпесе, әу баста көмірді молынан тасымалдауға болар еді.

Қазір жер-жердегі әкімдердің халық алдында есеп беріп жүрген кезі. Бұл мәселе қалайша тасада қалған? Әттеген-айы сол, бұған облыс әкімі араласқаннан кейін ғана мектептегі жағдай оңала бастады. Аудандағы құзырлы органдар ай бағып отыр ма?

Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов аталған ауылға арнайы бар­ды. Аудан әкімі Қаршыға Арынов пен облыстық білім беру бас­қар­масының басшысы Дінислам Болатханұлына қатаң сөгіс жария­ла­ды. «Осындай олқылықтарды бол­дырмау үшін ауданда жеке кө­­мір сақтау қоймасы қажет. Ал­дын ала жоспар құрып, қатты отынның қорын жасауға болмас па еді? Бірнеше күннің ішінде-ақ мектептің терезелерін мұз басып кетті. Ғимаратты жылытып, оқушыларға жайлы жағдай жасау үшін тағы уақыт керек екені бел­гі­лі. Аталған оқу орнында орын алған жағдай шенеуніктердің бю­ро­краттылығы мен мәселені жан-жақты сараламайтынын көрсе­тіп берді», деді облыс әкімі.

Аудан басшылығы бүгінде мек­теп­тегі ауа температурасы та­лап­­қа сай екеніне сендірді. 20 ақпан күні 25 тонна, келесі күні тағы 15 тонна қатты отын жеткі­зіл­ген.

Облыстық энергетика және тұрғын үй басқармасының басшы­сы Ержан Салханов көмір ке­ніш­терінде қатты отын тапшы­лығы жоқ екенін айтты. Аймақ­та­ғы негізгі кеніштердің бірі «Майкөбен-Вест» ЖШС-і тәу­лігіне 200 жүк көлікке қызмет көрсетуге қау­қарлы. Бүгінде кү­ніне шамамен 50-ге жуық көлік кезекте тұрады екен.

Жергілікті қоғам белсендісі Еркеғали Жанғазы бұл мәселеге қа­тысты пікірін әлеуметтік желіде жариялады.

– Білім және ғылым минис­трі Асхат Аймағамбетов аудан және қалалық білім беру бө­лімдерін тікелей облыстық бі­лім басқармасына бағынышты ету туралы заң қабылдағанда Әуелбек ауылындағы жағдай сияқ­ты тәуекелдердің туындайтыны жө­нінде айтылды. Бұл мәселе ауыл әкімі мен аудандық ТҮКШ бөлі­мінің бастығы, әрі кетсе аудан әкі­мі­нің орынбасарының дең­ге­йін­де шешілуі керек. Мүлдем болмай жатса аудан әкімі араласады.

Ал қазір осы сұраққа облыс әкімі өзі тікелей араласуға мәж­бүр. Онда аудан әкімі мен білім бас­қармасының басшысы не іс­теп отыр деген сұрақ туындайды. Бұл жерде мәселе міндет­тердің дұрыс бөлінбеуінде. Аудан әкім­і­нің тікелей араласуға өкі­леті жоқ, алайда мектеп ауданға қарай­ды. Басқарма бастығы жауапты, бірақ ол 24 сағат жұмыс істесе де бүкіл облыстың мектептерінің шар­уа­шы­лық мәселелерін шешіп үлгер­мей­ді.

Заң қабылданарда облысқа оқу-тәрбие мәселесі беріліп, шаруа­шы­лық-қаржы мәселесі аудан­дар мен қалаларда қалсын деген ұсыныс болды. Өкініштісі сол, ескерілмеді. Аудан әкімі мен білім басқармасының бастығына қатаң сөгіс жарияланыпты. Менің ойымша, оларды жұмыстарынан шы­ға­рып тастаса да ештеңе өзгер­мей­ді. Әуелбек ауылындағы сияқты жағдайлар әлі қайталанады. Дұры­сы заңға өзгерістер енгізу, деп ойын ортаға салды ол.

Шынымен де мұндай жағдай кез келген ауыл мектебінде орын алуы мүмкін. Оны бастан кешіп жат­қандар да бар шығар. Мұны об­лыстық білім беру басқар­ма­сы­ның басшысы Дінислам Болат­хан­ұлы­нан сұрайын деп едік. Жеке брифинг өткіземін деп ат-тонын ала қашты. Жоспарлаған жиыны бел­гі­сіз себеппен өтпей қалды. Шал­­ғай ауылдардағы мектептің жағ­­дайын білмеген соң әлі күнге де­йін ақпарат жинап жатқан болар?!

 

Павлодар облысы