• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2014

Мешкаускас және оның оқушылары

292 рет
көрсетілді

Өзге ұлт өкілдері Песчан, өзіміз Бесжан дейтін ауыл облыстағы Қашыр ауданына қарайды. Ертіс өзені бойындағы қазақтар қоныстарына 1745 жылдары казак қосындары келіп орналасқаны, патша заманында қосындардың не үшін керек болғаны тарихтан белгілі. Әулетті 13 болыстық құрып, ата-бабаларымыз өмір сүрген жер. Шежірелі ақсақалдар ауылдың 267 жылдық тарихы бар деседі. Ал, негізі ауыл болып, 1932-жылдары қалыптасады. Біз іздеп келген Виталина МЕШКАУСКАС осы ауылда тұрады. – Мен өзім литванмын, осы жерде Песчанда тудым. Әкем Ионас Казис Мешкаускасты 1948 жылы Оралға жер аударады. Кейін ақталады. Қазақ жерінде тың игеру науқаны басталған кезде, нақтырақ айтқанда, 1957 жылы неміс әйелімен бірге осы жаққа келіп, Песчанда тұрып қалады. Тағдыр деген осы. Песчанда туып-өскен үш қызы мен алғашқы әйелі қазір Германияда тұрады. Ал менің анам Мария Кузьминична Брянскіден келіпті. Әкем сияқты анам­ның отбасы да қуғын-сүргінді басынан өткерген. Анам өзінің алғашқы жұбайымен Қазақстанға келеді. Бірақ, ол кісі қайтыс болады да, 1971 жылы менің әкеме қосылады. Екеуі де өмір бойы осы ауылда еңбек етті, – дейді Виталина бізбен әңгімесінде. Жалпы, Песчан 40-жылдардан бас­тап неміс ұлтының өкілдеріне толы ауыл болды. Қуғын-сүргін көрген неміс халқын қазақтар бауырына басты. Кейін, 90-жылдары Вагнер, Лейнвебер, Гергерт, Кох, Бейфус, Фафенрот, Вайгант, Фридрих, Клевно, Руль, Герлец, Горр, Баум, Кромм, Бастрон сияқты бірқатар песчандық неміс отбасылары Германияға көше бастайды. Ауылдың аты – ауыл. Арада біраз уақыт өткен соң, Данил Кох, В.Лейнвебер, Алексей Власовтардың отбасы туған жерлері Песчанға қайта көшіп келіпті. Жарқыраған тазалыққа сыртқы есіктен кіргеннен-ақ сүйсінесің. Өркениеттің ауылдағы үлгісі деген осы. Данил мен Нина Кохтардың отбасы бізді ауылдың қонақжай қазақы дәстүріне сай жайдарлы қарсы алды. Су да, жылу да, дәретханаңыз да, жуынатын бөлмеңіз де бәрі де іште. – Қазір ауылда да Германиядағыдай өмір. Ол жаққа барғанымыз көрген түс сияқты. Ойымыздан ауылымыз, дос-жарандар, көрші-қолаң, өзіміз өскен, жастық күніміз өткен Песчан кет­пей қойды. Өзіміз Германияда, ал ойымыз Қазақстанда, өз елімізде, ауылы­мызда жүрді. Тіпті, біздің Песчан, Песчан деп айта берген әңгімелерімізден қасы­мыздағы түрік, орыс достарымыз да мезі болды. Ауылға, елге деген сағынышымызды көріп, «әлі-ақ үйре­ніп кетесіңдер...» дейтін еді. Қайдан үй­рен­ген?.. Қазір көңіл орнына түсті. Бәрі де біздің елге, Песчанға қайта оралға­нымызға түсіністікпен қарады. Облыста қай жерге барсақ та «е, өзіміздің Песчандыкі екенсіңдер ғой» деп жатады, – дейді Кохтар. Дастарқан басы түрлі тағамға толы. Балықтың түр-түрін қыздырып орта­мыз­ға қойды. Үйме жұмыртқа толы ыдыс. – Песчанның жеріне ештеңе жетпейді, мынау картоп, қызанақ, қияр, сәбіз, қырыққабат дейсіз бе – бәрі өседі. Өз ауламыздан 30 қап картоп, 6 шелек малина жинап алдым. Жеріміз ауылға қайта оралғанымызға ырзалық білдіруде.Мектебіме келдім. Әріптестеріммен, шәкірттеріммен қайта қауыш­тым. Қазір сабақ беріп жүрмін. Қо­сымша неміс тілін оқытамын, – дейді Нина. «Өткеннің зобалаңын көрген әке-шешелеріміз өскен ауыл, әрине, бізге қашанда қымбат. Біз өткенге тағзым ретінде неміс мәдениетін, тілін ұмытпауды қолға алдық», – дейді Виталина. Сондықтан, Песчан ауылындағы №2 мектепте алғашында Ольга Тиссен және оның қызы Юлияның басқаруымен неміс ұлты өкілдерінің вокальдық тобы құрылады. Бұл мектепте Ф.Шмельцер, О.Кофлер, В.Махлей, В.Геер, О.Юнгман, Е.Бастрон, Ф.Кромм қызмет етті. Ал бұл күндері осы дәстүрді О.Лях, Т.Касаткина, Т.Мақышева, А.Квашнина, Р.Дүйсенбаева, И.Шереметьева, С. Емелья­нова жалғастыруда екен. Жалпы, Песчандағы №2 мектеп аудан бойынша «Инновациялық мектеп» деген атақ алған. Оқушыларға сапалы білім берумен қатар, еліміздегі достық, ынтымақтастық саясатын жалғастыратын болашақ патриоттар тәрбиелеуде. Ұстаз В.Мешкаускас басқаратын мектептегі «Rose kleid» атты неміс этномәдени бірлестігі 10 жыл бойы жұмыс жасауда. В.Мешкаускастың айтуынша, оқушылар неміс халқының ғана емес, қазақтың және өзге ұлт өкілдерінің де салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін үйренуде. Жалпы, мектептегі «Rose kleid» этномәдени бірлестігі облыс орталығындағы «Возрождение» неміс орталығының ауылдық бөлімшесі саналады. Яғни, бірлестік тек қана неміс тілінде ән салып, би билеп қоймайды, басты мақсаттары – еліміздегі әртүрлі ұлт өкілдерінің достығын нығайтуға үлес қосу. Жалпы білім берумен бірге, оқушыларға неміс, ағылшын тілдері тереңдетіп оқытылады. Мектеп ұжымы үнемі ізденіс үстінде. Олар озық тәжірибелерді меңгермей, жаңа оқу тәсілдерін игермей істің алға баспайтынын жақсы біледі. Әр баланы тіл үйренуге қызықтырып, ынтасын арттырудың да пайдасы зор екенін В.Мешкаускас бастаған мұғалімдер жақсы түсінеді. Тілді білмей, басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін түсіну мүмкін емес. Біздің көпұлтты елімізде көп тіл білу – жетістік. Мектептегі «Rose kleid» этномәдени бірлестігінің ерекшелігі де осында. Ал «Rose kleid» деген бірлестік атауы немісшеден аударғанда «Қызыл көйлек» деген ұғымды білдіреді. – Бүгінде Песчан ауылында 868 қазақ, 1753 орыс, 242 украин, 192 неміс, 18 белорус, 18 татар, 14 молдаван, 8 удмурт, 6 поляк, 2 мордвин, 2 марий, 22  әзербайжан, 11 литван, 3 башқұрт, 3 чуваш, 1 өзбек, 2 тәжік, 2 чешен, 2 латыш, 1 болгар, 1 грек, 1 ру­мын бар – барлығы 3172 адам, әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде, – дей­ді ауыл әкімі Алтынай Қайырбекова. Иә, бір ғана ауылда тұратын 23 ұлттың өкіл­д­ері барлығы да қазақ халқының салт-дәс­түрін, мәдениетін, тілін құрметтеп, бәрі бір отбасындай ғұмыр кешіп жатыр. Балабақшада, мектепте осы ұлт өкілдерінің кішкентайлары тәрбиеленіп, ұл-қыздары білім алуда. Этномәдени бірлестікте түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. – Оқушыларға кезінде қандай қиын жағдайда осы жерге келіп қазақтар бауырларына басқан неміс ұлтының басынан өткен ауыр жылдардың оқиғасын айтып береміз. Бүгінгі ұрпақ өткенді білу керек. Жалпы, неміс халқының мәдениеті, әдебиеті жайлы білетін, ұлттық тағамдарын жасай алатын, әндерін айтып, билерін билейтін О.Семеченко, А.Кучуркина, Д.Смирнова, В.Григоренко, А.Лях, А.Скатовалар, А.Байғабылова, А.Жұмалиева, А.Похандрин, Г.Позников сияқты көптеген оқушылар бар. Олар облыстық Ассамблеяның шақыруымен өңірдегі түрлі бағдарламалар мен мерекелік шараларға қатысады. Оқушылармен бірлесіп қазақ, орыс, неміс тілдерінде мектептің апталық газетін шығарып тұрамыз. Болашақта мүмкіндік болып жатса, оқушыларды Германия жаққа апарып көрсетіп те қайтқымыз келеді. Біз әрқашан өзіміздің Отанымыз – Қазақ елін құрметтейміз, әртүрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрін, тілін, ділін сақтаудағы Елбасы құрған Ассамблеямыз бар, бұл – үлкен достықтың ұрпақтарға жалғасар, өзгелерге үлгі болар қазақстандық жолы, – дейді В.Мешкаускас. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Песчан ауылы.
Соңғы жаңалықтар