Қазіргі нарық заманына орай елдің көбі сауда жасап, күн көреді. Әсіресе қала ішіндегі қара базарларда халық тығыз орналасқан. Бәрінің де жан бағу, пайда табу сияқты мақсаты бар.
Алайда барлық базарда заңнамаға сәйкес санитарлық-эпидемиялық талаптармен қатар, өрт қауіпсіздігі, сәулет, құрылыс, ветеринарлық, экологиялық және басқа да талаптар сақталуы керек-ақ. Бір сөзбен айтқанда, базар барлық жағынан қауіпсіз болуға тиіс. Дегенмен Тараз қаласындағы бірқатар базарда аталған талаптардың көбі сақталмай отыр. Жергілікті билік тарапынан базар қожайындарына талай рет ескерту айтылғанымен, нәтижесі мардымсыз.
Облыс орталығында орналасқан ең үлкен базар – «Ауыл-Береке» базары. Көне шаһардың көпшілік тұрғыны осы жерден несібесін тауып келеді. Бірақ өрт сөндіру қызметі базарларға тексеру жүргізген кезде, осы «Ауыл-Береке» базарында өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуының 4 дерегі анықталған. Сонымен қатар «Бек» базарында 5 және «Мыңбұлақ» базарында 4 дерек тіркелген. Өрт шыққан жағдайда бұл базарлар қауіптің алдын алуға дайын емес. Сондай-ақ қала ішіндегі «Дәулет», «Жібек жолы», «Салтанат», «Арзан», «Нұралы», «Якка сарай», «Береке» және «Ысты» сияқты 8 базарға жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет екен. Бұл орайда, сауда орындарының иелері бұл жұмысты биылғы наурыз-сәуір айынан бастайтындарын айтып отыр.
Жалпы, өңірдегі базарларды жаңғырту күн тәртібіндегі күрделі мәселенің бірі. Бұл ретте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті базарлардың жайын атап көрсетіп, оған жаңғырту жұмыстарының жүргізілетінін айтқан. Ал, оны жаңғырту жұмысы жергілікті билік органдарымен бекітіліп, «Дизайн кодқа» сәйкес келуі керек.
Қазіргі кезде Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев жауапты мамандарға «Ауыл-Береке» базарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен басқа да өнімдердің бағасын бақылауда ұстауды тапсырған. Аталған сауда орны қалалықтардың ең көп баратын жері болғандықтан, мұндағы баға тұрақтылығы да маңызды. Бірақ «Ауыл-Береке» базарындағы
1 402 сатушының жартысында жеке кәсіпкерлік құжаты жоқ болып шықты. Осы орайда, қала әкімі бұл мәселеге байланысты жүйелі әрі тыңғылықты тексеру жұмыстарын жүргізіп, тиісті құжаттарды түгендеп, кассалық аппараттарын орнатуды талап ету қажеттігін айтуда. Бұл талаптардың барлығы дерлік орындалса, қаладағы сауда нысандарының тұрғындарға қызмет көрсету сапасы артып, әрбір базар қауіпсіз орынға айналатын еді.
Жамбыл облысы