Қырықтың қырқасына шығар-шықпастан жарық дүниемен қоштасқан қыршын талант Жақан Смақовтың қазақ әдебиетінде, оның ішінде балалар әдебиетінде өзіндік орны бар. Бар ғұмырын бөбектер бақытын жырлауға арнаған аяулы ақын жөнінде кезінде М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев сияқты қазақ жырының қарқаралары жылы лебіз білдірген.
Иә, Жақан өз талантының бейімін тапқан, бейіміне қарай оқушысын тапқан ақын еді. Бесіктен белі шықпаған сәби мен бастауыш сынып оқушылары аралығындағы жас мөлшерін қанағат тұтқан оның бар жыр-мұрасы осы аралықтағы бөбектерге арналады. Бұл – оның өзін де, өзгені де сыйлаудың әдемі үлгісі.
Тегінде балаларға арнап өлең жазудың ауырлығын бүгінгі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің қай-қайсысы да әлдеқашан мойындаған. Міне, осындай өте нәзік жанрды таңдап алған Жақан Смақов балдырғандар үшін өңкей бір сыңғырлаған әдемі өлеңдер жазып қалдырды. Әр өлеңін жеке талдап, жеке қызықтағың келеді. Бала мінезді талант қаламынан тақпақ, өлең, мазақтама, ертегі, өтірік өлең, антоним өлең, жұмбақ, ойын өлең, санамақ, ұйқасын тап, тағы басқа дегендей, алуан формалы жанр үлгілері туды. Мұндай алуандық жанрға ғана тән емес еді. Ақынның тіл, ой байлығын да аңғартатын. Өлеңді бала мінезіне сай құру, сәбимен сырласу, таныстыру, циклдық өлең жазу – ақынның айнымас қасиетіне айналыпты. Құрғақ ақыл айтудан ада ақын әр өлеңнің формасын тауып, түрлендіріп, сәбилердің санасына сіңімді етіп бере білген.
ТАМШЫ
Шатырдан түсті домалап,
Тамшы тырс-тырс етеді.
Әйнекті кейде сабалап,
Есікті дүрсілдетеді.
ӨТКІНШІ
Өткінші жауын тез өтті,
Қайтадан кетті күн ысып.
Бөгелек жайын сөз етті,
Жылқылар басын шұлғысып.
Міне, осындай жылы сезімге, бала мінезге толы жырлар осылайша жалғасып кете барады.
Жақан Смақов бесік жырынан бастап сәби құлағын үйретіп, қаз-қаз бастырып, жырмен тұсауын кестіріп, ертегі тыңдатып, ертегі айтқызып, баланы мектепке ертіп апарған ақын.
Ақынның бірқатар өлеңін ортақ табиғатына қарай жинақтап айтар болсақ, «Бесік жыры» деп атауға болар еді. Неге десеңіз, айнала тіршілік сырын ақын сәбиге ана әлдиі етіп айтып береді. Өлеңді оқығанда бесік жырының әуез-әуендері көңілге бірге оралады, өлеңді жай оқымай, әндеткің келіп кетеді. Бала тілін, сәби үнін жетік білетін, жанымен сезетін ол кез келген өлеңін қайталауға ұрынармын-ау деп қорықпай-ақ, «әлди-әлди-әлди-ай» деп бастап кете барады.
Өзі бір кезде уыз дәмін алған ауыз әдебиеті ақынның өлең-жырларын қанаттандырар рух, нәрлендірер бұлақ секілді. Ауыз әдебиетінің асыл үлгілері ақынның өлеңінің формасы, тілдік байлығы, буын ырғағына дейін ықпал еткен. Және соның баршасын ақын қайырлап, кемерлеп қалудан аман, шығармашылық тұрғыдан шебер игерген.
Ауыз әдебиетіндегі бесік жыры көңілде сайрап тұр. Балаларға арнап жазып жүрген ақындардың ішінде бесік жырынан айналып өткені сирек. Ж.Смақовта да бесік жыры бар. Тіпті кішкентай сәбиге арнаған бірнеше өлеңін топтастырып атап, бесік жырына телуге болады. Ал қаз-қаз бастыру, тәй-тәй жыры ше?
Өлеңді сәби уіліне, тілі шығар-шықпас кезеңіндегі былдырлаған үніне құру да – әдебиетке Жақан әкелген жаңалық. Ішкі ұйқасты, ырғақты берік қалайтын ақын әр жолдың аяғын сәби үніне, сәби тіліне, былдырына айналдырып, «Уілде, бөпем, уілде, у-у-у, Гуілде, бөпем, гуілде, гу-гу-гу» деп те өлең жазыпты.
Ж.Смақов әзілкеш те ақын. Оның осындай талантына тәнті ететін өлеңдердің бір парасы «Болмаған ба, болған ба?» деген өлеңдер циклында көрініс тапқан. Ақын бұл өлеңдерінде шындықты кері құрады. Оларда қой қасқырды жеп қояды, тышқан мысықты ұстап алып, әлекке салады, тағысын-тағылар.
Мысықты тышқан ұстады,
«Шыныңды айт» деп қыстады.
Бұл – талантты ақынның балаларға шындықты шым-шымдап, баспалап жеткізуі. Жан-жануарлар әлеміндегі табиғи заңдылықты бірден ашып тастамай, шындықты тануды балдырғандар еншісіне қалдыру – сәби санаға сол шындықты орнықты етіп ұялатудың амалы, тәсілі. «Қаз бен ит», «Қаймақбай», «Шатақ», «Керемет тышқан» секілді кері формулалы өлеңдері жүйрік қиял, шебер қиюласуымен, жеңіл әзіл, әдемі күлкісімен көңілде қалады. Тап осы өлеңдерді балалар поэзиясының ұлттық классикалық үлгісіне жатқызсақ та артық емес.
Ауыз әдебиетінен бастау алып, балалар әдебиетіне келіп қоныс тепкен жүлделі бір жанр – жұмбақ. Ж.Смақов бұл жанрда да тындырымды, өнімді жазып, өнікті мұра қалдырды.
Аспаннан жаңбыр төккенде,
Қар суы мұзды сөккенде,
Шатырдан тамшы таусылып,
Есіктің алды кепкенде –
Айтыңдаршы, балалар,
Жаз ба, күз бе, көктем бе?!
Әдемі, әсерлі. Бала ұғымына лайық. Бір жағынан өлең, бір жағынан жұмбақ. Табиғаттың тамаша бір маусымдары көктем мен жазды осылайша орайлы бере білген.
Балалар әдебиеті үшін поэма-ертегі кең тынысты жанр деп саналады. Ж.Смақов бірнеше ертегі, поэманың да авторы. Осы барыстағы «Опай-топай», «Тамшы», «Бұршақ туралы ертегі», «Кім күшті, кім мықты?», «Ұзын аяқ», «Аю қалай адасты?» секілді шығармаларының жұлдызы жоғары. Адам еңбегін ардақтайтын, адам парасатынан асқақ мықтылық жоқ деген ойды сәби санасына сіңіре, өте қарапайым, әрі ойлы ұялататын «Кім күшті, кім мықты?» – қазақ балалар әдебиетінің асыл бір үлгісі дерлік туынды.
Ақын өлеңдерінен сәби психологиясы әрбір қалтарыс-бұлтарыстарына дейін аңғарылып отырады. Демек Ж.Смақов сәби мінезіне жетік ақын. Замандастарының еске алуларына қарағанда, ақын қолы қалт еткен сәттерінің бәрін дерлік мектептерде, балабақшаларда өткізеді екен. Кішкентай достарымен сырласады екен. Өлең, тақпақ жаттатқызып, өлеңін бөбектің оқу, айту мәнеріне сай қайта жөндеуден жалықпайды екен. Бұлар балалар ақынына ауадай қажет қасиеттер болса керек. Осылайша, көңілі қалаған ісіне жан-тәнімен берілу, кішкене бүлдіршін бөбектерді үлкен жүрекпен сүю оның шығармашылығында айқын із қалдырды. Соның бір айғағы – балабақша балаларына арнап, «Қарап ал да, санап ал», «Поезд» секілді ойын өлеңдер жазды.
Ақын ғұмырына терең ой жіберіп, үңіліп қарасақ, оның бар өмірін балғын бөбектер бақытын жырлағанын көрер едік. Ж.Смақовтың шығармашылық мұрасы жөнінде әңгімелегенде оның университеттің бесінші курсында оқи жүріп, «Қазақстан пионері» газетінде еңбек жолын бастап, қалам ұштағанын, қазақ теледидары алғаш ұйымдасқанда балалар мен жастар редакциясының аға редакторы болып тоғыз жыл қызмет атқарғанын айта кеткен орынды. Өйткені осынау жылдары бүгін тамсана әңгімелеп отырған жылы шуақты жырларды өмірге әкелумен қатар, Ж.Смақов журналист ретінде де кеңінен танылды. Сол уақыт ішінде балғын бөбектер жайында нелер қызық телехабарлар жасаумен болды. Құсбегі жөніндегі телефильмі Бүкілодақтық теледидардан сан мәрте берілді. Демек ол өзінің журналистік тағдырын да балғын бөбектер өмірімен ұштастыра, сабақтастыра білді.
Ақын тірлігінде балаларға арналған көптеген суретті кітапшалар шығарып үлгерген. Олардың қатарында: «Ақ тауық», «Бақ-бақ», «Қарақат», «Тамшы», «Менің бөпем», т.б. кітапшаларды айтуға болады. Нағыз балалар ақыны екендігін танытқан «Жаңғырық» атты таңдамалы өлеңдер жинағы болды. Ал «Талапай» атты кітабы кезінде қазақ балалар әдебиетінің тамаша жаңалығы ретінде қабылданды. Ж.Смақов сондай-ақ балаларға арналған көптеген ән мәтіндерінің авторы. Ол осы салада балалар операсы жазылмай келеді деп замандас сазгерлерді жаңа міндеттерге тартқандай екен. Үлгермепті. Ал оның «Белқараған» әні қазақ радиосынан әлі күнге айтылып келеді.
Ақынның саналы әрекеттерінің қай-қайсысынан да балалар деп, болашақ деп лүпілдеп соққан ақын жүректің бұлқынысын тануға болады. Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Жақан Смақов жайында сыр шертетін бұл әңгімеге арқау 1987 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан аз ғана таралыммен шыққан «Қазақ совет балалар жазушылары» деген кітаптан, қаламгерлік өмірбаян жинағынан алынды. Материал ақынның шығармашылық жолынан аз да болса оқырманға мағлұмат береді деп сенеміз.
Жақан ақын өзінің туған халқымен қатар, туған ауылын да ерекше сүйіп өткен екен. Ол өз ауылы, оның болашағы туралы әрдайым аузынан тастамай айтып отыратын болған. Бір әңгімесінде ол: «Елуге келгеннен кейін елге барып, Қараағашта үй салып, бірыңғай шығармашылықпен айналысамын, біржолата шығарма жазуға отырамын», деп алыс арман-мақсатын айтқан екен. Бірақ мейірімсіз ажал, сұм жалған оның бұл тамаша қиялды арманын орындатпай кетті. Алайда оның оқырмандары мен әдебиет сүйер қауым, соның ішінде жерлестері мен дос-жарандары өздерінің ақын ұлдарын естерінен шығармай қастерлеп, туған, өскен өлкесі Жаңаарқаның, бір кездері өзі арман еткен Қараағаштың қойнауында 1992 жылы 60 жылдығын лайықты атап өтті.
2010 жылы алматылық ғалым Б.Темірбаева Ж.Смақовтың шығармашылығынан кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. 2014 жылы жарық көрген «Сарыарқа кітапханасы» сериясына шығармалары 2 том болып енді.
Бір өкінішті жайт – туған ауылындағы орта мектепке ақын есімін беру жөніндегі мәселе көптен бері көтерілсе де, әлі күнге ауызекі әңгіме күйінде қалып келеді. Егер бұл мақсат іске асып жатса аяулы ақынға, ардақты азаматқа деген халықтық құрметтің бір көрінісі болар еді.
Жомарт ОСПАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі