Осыдан тура жарты ғасыр бұрын, яғни 1972 жылы Мюнхенде алауы тұтанған жазғы ойындарда баскетболшы Әлжан Жармұхамедов Олимпиада чемпионы атанды. Осылайша, оның есімі төртжылдықтың басты додасында бас жүлдені олжалаған тұңғыш қазақ спортшысы ретінде тарихта қалды. Ол Ташкент облысына қарасты Бостандық ауданындағы Табақсай ауылында дүниеге келді. Негізі бұл шұрайлы жерді ғасырлар бойы ата-бабаларымыз мекендеген еді. Бірақ 1956 жылы КСРО-ның басшысы Никита Хрущевтің солақай саясатының салдарынан бұл аймақ Өзбекстанның меншігіне өтті. Араға дәл 36 жыл салып Әлжан Мүсірбекұлының кіндік қаны тамған Табақсайдан тағы бір Олимпия ойындарының жеңімпазы шықты. Ол – 2008 жылы Бейжіңде өткен байрақты бәсекеде қарсыластарын қоғадай жапырып, алтын тұғырға көтерілген боксшы Бақыт Сәрсекбаев.
– Бақыт, спорттағы мансабыңызды Өзбекстанда бастағаныңызды жұрт жақсы біледі. Көршілес мемлекетте бокстың қыр-сырына қанығып, уақыт оза ұлттық құрама сапында өнер көрсеттіңіз. Сол кездері қандай елеулі табыстарға қол жеткізгеніңіз жайында әңгімелеп берсеңіз?
– Жасөспірімдер, жастар және ересектерді қоса алғанда алты рет Өзбекстан чемпионы атандым. 16 жасымда Ташкентте өткен Сидней Джаксонның мемориалында топ жарғаннан кейін қырағы мамандардың назарына іліктім. 64 кило салмақ дәрежесінде сол елдің бірінші нөмірлі боксшысы атанып, халықаралық аренада өнер көрсете бастадым. 2002 жылы Малайзияның Серембам қаласында Азия чемпионы атағына қол жеткізіп, Пусанда өткен Азия ойындарында қола медальды мойныма ілдім. Келесі жылы 69 кило салмаққа ауыстым. Бұл ретте де елішілік жарыстарда қарсылас шыдатпай, бірқатар дүбірлі додада дараландым. Содан 2004 жылы алауы тұтанатын Афина Олимпиадасына даярлана бастадым. Бірақ жеме-жемге келгенде лицензиялық турнирге мені емес, өзге боксшыны апарды. Манилада өткен турнирде Ділшод Махмұдов жолдамаға иелік етіп, мен шетте қалып қойдым.
– Сонда Ділшод Махмұдовтың сізден мықты болғаны ма? Әлде бұл жерде біз білмейтін басқа бір «құпия» бар ма?
– Соны өзім де түсінбедім. Шаршы алаңда екеуміз бірде-бір рет кездескен емеспіз. Оған дейін Махмұдов сәл жеңілдеу салмақтарда сайысқа түсіп жүрді. Бірақ дәл Олимпия ойындары қарсаңында бапкерлер жоғарыдағыдай шешім қабылдады. Ішім қан жылағанымен, қолдан келер дәрмен жоқ. Сол кездері көңілімнің қатты құлазығанын байқаған Өзбекстан бокс федерациясының президенті Гафур Рахимов «Тәжікстанның атынан сынға түсіп көрсең қайтеді? Бәлкім, бағың жанар» деп кеңес берді. Сол кеңеске құлақ астым. Тәжіктер мені құшақ жая қарсы алды. Пәкістанда өткен соңғы лицензиялық турнирдің тұсаукесер кездесуінде Оңтүстік Кореяның өте мықты боксшысының екі аяғын бір етікке тықтым. Бәсеке аяқталған бетте олар менің Өзбекстанның азаматы екенімді айтып, Олимпиадалық хартия бойынша Тәжікстанның атынан сынға түсуім заңсыз деп, АИБА-ға шағым түсірді. Корейлердің уәжі қанағаттандырылды. Осылайша, Афина Олимпиадасына қатыссам деген арманыммен қош айтысуыма тура келді.
– Бұл ретте өзбектердің өз қандастарына бүйректері бұрғаны анық. Қазақстанға қоныс аударарда «Ол жақта жағдайым қалай болар екен?» деген сауал сізді толғандырған жоқ па? Қанша дегенмен 69 кило салмақ дәрежесінде біздің елде де мықты боксшылар аз емес. Сол саңлақтардың көлеңкесінде қалып қоямын деген қорқыныш болған жоқ па?
– Бір жағынан Қазақстанның туы астында өнер көрсету менің көптен бергі арманым еді. Екінші жағынан өз күшіме сенімді болдым. Сол сенім мені алға жетеледі. Содан киім-кешегімді жидым да, Алматыға тарттым. Бұл жақта мені Азат Перуашев күтіп алды. Алғашында қаражат жағынан біраз қиналдым. Бапкерім Кәрім Махмұдов екеуміз бір жарым жылдай Азат Тұрлыбекұлы жетекшілік ететін Азаматтық партиясының кеңсесіндегі бос бір бөлмеде тұрдық. Ол жерде ешқандай жағдай болмаса да, бәріне шыдап бақтық. 2004 жылы Алматыда өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, 69 кило салмақ дәрежесінде бас жүлдені олжаладым. Бастапқы бәсекелерде Қанат Ілиясов, Дмитрий Стрельников және Азат Қазиханов сынды саңлақтарды сан соқтырып, финалда Дәурен Елеусіновтен басым түстім. Ұлттық құрама сапына қабылданғаннан кейін Қазақ елі намысын халықаралық аренада қорғап, көптеген жарыста олжаға кенелдім. 2005 жылы Германияның Галле қаласында өткен «А» санатындағы турнир есімде ерекше сақталды. Финалда Кубаның атақты боксшысы Эрисланди Лараны ұтып, ең үздік боксшыға тиесілі арнайы сыйлықты иелендім. Келесі жылы да Қазақстан чемпионатында топ жарып, өзімнің мықтылығымды түбегейлі мойындаттым.
– Осы жеңістердің арасында Азия ойындарына жол ашылды ғой. 2006 жылы Дохада алауы тұтанған жарыста Қазақстанның боксшылары арасынан жалғыз өзіңіз бас жүлдені иелендіңіз емес пе?
– Азиаданың алдында Мәскеуде өткен Әлем кубогы жолын- дағы жарысқа қатысқанымды айта кетейін. Ресейдің астанасына келгеннен соң өзімнің жерлесім, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхмедовті іздеп, үйіне бардым. Табақсайда екеуміздің әке-шешелеріміз көрші тұрды, арамызда екі-үш-ақ үй бар. Бойы көк тіреген баскетболшы ағамыз өте қарапайым екен. Бізді құшақ жайып қарсы алып, кең дастарқаннан дәм татырды. Ырымшыл халықпыз ғой, Мюнхендегі ойындарда жеңіп алған алтын медалін мойныма тағып, ішімнен дұға жасадым. «Мен де сіз секілді Олимпиада чемпионы атануды армандаймын» деп жан-сырымды ақтардым. Абыз ақсақал ақ батасын беріп, ақ жол тіледі. Сол кездесуден кәдімгідей марқайып қайттым.
Дохадағы жарысқа келер болсақ, ширек финалда түрікменстандық Әлиәскер Башировтен (34:11) басым түстім. Жартылай финалда Қытайдың туы астында өнер көрсеткен қандасымыз Қанат Исламды (37:30) қапы қалдырдым. Ақтық сында таиландтық Ангкхан Шомпхупхуанды оңдырмай сабадым. Төреші бәсекені екінші раундта тоқтатты. Сөйтіп, Қазақстанның былғары қолғап шеберлері арасынан жалғыз өзім алтын тұғырға көтерілдім.
– 2008 жылы Бейжіңде де сол жағдай қайталанды ғой. Қытайда отандық былғары қолғап шеберлері арасынан жалғыз өзіңіз Олимпиада чемпионы атандыңыз. Сол жарысты жадыңызда бір жаңғыртсаңыз...
– Негізі Олимпия ойындары қарсаңында мен қолымды жарақаттап алған едім. Оны ешкімге айтпадым. Сол шытынаған қолмен жарысты басынан аяғына дейін бір деммен өткіздім. Шыны керек, Бейжіңде мен топ жарады деп ешкім ойламады. Бокстың басы-қасында жүрген мамандардың дені Серік Сәпиев немесе Бақтияр Артаев алтын алады деп ойлады. Ал мен ештеңеге қарамастан жатпай-тұрмай даярландым. Тұсаукесер кездесуде канадалық Адам Трупишты (20:1) еш қиналмай ұттым. Екінші айналымда Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері, молдовалық Виталий Грушактың осал тұсын оңай таптым. Бұл бәсеке екінші раундта тоқтатылды. Ширек финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Ділшод Махмұдовпен күш сынастым. Осы сәтті мен ұзақ күткен едім. Содан төрт жыл бұрын Афинадағы ойындарға өзбек бапкерлері менің орныма дәл сол боксшыны апарған еді. Бұл жолы Махмұдовтан әлдеқайда мықты екенімді дәлелдегім келді. Сол үшін де рингте барымды салдым. Нәтижесінде, бұл жекпе-жекте үстемдік танытып, Ділшодты 12:7 есебімен ұттым. Жартылай финалда Афина Олимпиадасының қола жүлдегері, кореялық Ким Чон Чжуды (10:6) қапы қалдырдым. Ақтық сайыста кубалық Карлос Банто Сураеспен кездестім. Панамерика ойындарының жеңімпазы, әлем кубогының иегері деген атағы бар дүлей күш иесімен аянбай айқасып, көздеген мақсатыма қол жеткіздім. Бұл тартыс 18:9 есебімен аяқталды. Осылайша, Олимпиада чемпионы атандым.
– Арада 14 жыл өтсе де, сол сәт күні бүгінге дейін көз алдымызда. 69 кило салмақ дәрежесінің жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде жеңіс тұғырында қазақтың қос боксшысы марқайып тұрғанын көргенде барша Алаш жұрты ерекше шаттанған еді...
– Иә, ондай сәттер ешуақытта ұмытылмайды. Себебі Олимпия ойындарында атой салу – әр спортшының арманы. Бейжіңде мен алтын алсам, Қанат Ислам қола медальды мойнына ілді. Жеңіс тұғырына көтерілгенде екеуміз бір-бірімізді құттықтап, құшағымызға қыстық.
– Олимпия ойындарының қарсаңында қазіргі кезде кәсіпқой рингті шайқап жүрген АҚШ-тың атақты боксшысы Деметриус Андраде БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Бейжіңдегі менің басты қарсыласым – қазақстандық Бақыт Сәрсекбаев» деп тіл қатқан еді. Сол сұхбатты оқыған боларсыз?
– Иә, оны оқыдым. Ол сұхбатты Андраде «Нью-Йорк Таймс» газетінің тілшісіне берген. Кейіннен басқа да басылымдар соны көшіріп басты. Негізінде Деметриус «Шамасы екеуміз финалда жолығатын шығармыз. Нәтижесінде, мен алтын, ал ол күміс медаль алады» деп айтқан еді. Менің де Олимпиадада Андрадемен айқасқым келді. Бірақ ол ширек финалда америкалық боксшы Ким Чон Чжудан ұтылып қалды. Ал мен кореялықты жартылай финалда жеңдім. Осылайша, екеуміздің жолымыз түйіспеді.
– Нағыз кемелденген 26 жасыңызда былғары қолғабыңызды шегеге ілдіңіз. Тым ерте емес пе?
– Көздеген мақсатыма қол жеткізгеннен кейін бокстан қол үзуді жөн көрдім. Өзімнің спорттық мансабымда Олимпия ойындарынан бөлек, Азия чемпионатын үш рет ұттым. Азия ойындарында бір алтын, бір қола медаль олжаладым. Студенттер арасында әлем чемпионы атандым. Көптеген аса ірі халықаралық жарыста олжаға кенелдім. Содан кейін соңымыздан ерген жастарға орнымды босатуды жөн көрдім. Бірақ бұл саладан алысқа ұзаған жоқпын. 2009-2010 жылдар аралығына республикалық бокс федерациясында еңбек етіп, ұлттық құрама командамыздың үйлестірушісі болдым. Одан кейін АИБА жаңа жоба ашып, Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) жарыстарын ұйымдастыра бастады. Мен сол дүбірлі додада өнер көрсеткен «Астана арландары» клубының жетекшілерінің бірі болдым. Біз жасақтаған жаңа команда алғашқы маусымда күміс медаль иеленіп, өз жанкүйерлерін қуантты. Содан кейін Қазақстанның эксперименттік құрамасын жаттықтырдым.
– Сол жобаның пайдасы болды ма?
– Негізі бұл өте жақсы жоба еді. Біз бұл іске бел шеше кірісіп, жап-жақсы нәтиже шығардық. Эксперименттік команданың сапына Қазақстан чемпионаттарында жүлделі орындарға іліге алмай, көлеңкеде қалып қойып жүрген боксшыларды қабылдадық. Барлығы да 18-22 жас аралығындағы өрімдей жастар. Сол команда 2014 жылы Ресейдің Якутск қаласында өткен студенттер арасындағы әлем чемпионатында 2 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль иеленіп, жалпы есепте екінші орынды олжалады. Уақыт оза Тұрсынбай Құлахмет, Нұрзат Сабиров, Әнуар Мұзафаров, Мәулен Өскенбай, Нұрбол Қалжанов, Олжас Байниязов және тағы басқа былғары қолғап шеберлері елеулі табыстарға қол жеткізді. Кезінде Жәнібек Әлімханұлы да осы эксперименттік құрамада өнер көрсеткенін айта кеткен абзал. Бірақ бұл жоба ұлттық құрама бапкерлері тарапынан қолдау таппады. Ақыры оны жауып тындық.
– 2014 жылы Алматы қаласының аға жаттықтырушысы болып тағайындалғаныңызбен, небәрі бір жыл ғана еңбек еттіңіз. Бұл қызметтен өзіңіз кеттіңіз бе?
– Өзім кеттім. Байыптап қарасақ, Алматыда дарынды жастар өте көп, спорттық нысандар да жетерлік. Алайда боксшылардың алаңсыз даярлануына еш жағдай жоқ. Бапкерлердің еңбекақысы мардымсыз, спортшылар жарысқа тым сирек шығады. Өйткені қаражат жеткіліксіз. Спорт басқармасына барып, жағдайды айтсаңыз, «Жоқ!» дегеннен басқа сөз естімейсіз. Соның кесірінен талай жылдар бойы Алматы боксы тұралап тұр. Егер Қазақстан чемпионатының нәтижелеріне зер салсаңыз, аталған мегаполистің былғары қолғап шеберлерінің жеңіс тұғырына көтерілген кездері тым сирек екенін байқайсыз. Өзге өңірдің өрендері түрлі түсті медальдарды күреп алып жатқанда, алматылықтар ара-тұра ғана жүлдегерлер санатынан көрінуде. Әрі кетсе бір-екі медаль ғана алады. Кейде ол да жоқ. Бокс өнерінің бай дәстүрі бар Алматы үшін бұл ұят жағдай. Не шаһар басшылығы, не спорт басқармасы спорттың бұл түріне жанашырлық танытпағаннан кейін мен де ештеңе өзгерте алмайтынымды түсіндім. Содан өз еркіммен қызметтен кеттім. Менен кейін тізгінді танымал бапкер Рафаэль Хасанов ұстады. Оның да жүйкесі сыр берді-ау деймін, жарты жылдан кейін ол да өтініш жазып кетіпті.
– «Токио-2020» Олимпиадасында Қазақстанның боксшылары тым сүреңсіз өнер көрсетті. Сол жарыстың қарсаңында БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарыңызда біздің команданың Күншығыс елінде күйрей ұтылатынын алдын ала болжаған едіңіз. Сол пікірді неге сүйеніп айттыңыз?
– Былғары қолғабымды шегеге ілгеніммен, спорт саласынан алыстаған жоқпын ғой. Түрлі қызметте жүріп, бәрін бақылап жүрдім. Ұлттық құрама бапкерлері тарапынан жіберілген кемшіліктер мен қателіктерді анық байқадым. Команда жасақтаудан бастап, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруда көп ағаттық кетті. Жігіттерді еш маңызы жоқ жарыстарға қатыстырып, әбден діңкелетті. Мәселен, дәл Олимпия ойындарының қарсаңында беткеұстар боксшыларды Азия чемпионатына апарудың не қажеті болғанын түсінбедім? Дубайдағы додада қосалқы құрамдағылар күш сынасса да болар еді. Осы кемшіліктердің барлығын ұлттық құрама бапкерлеріне айтқым келді. Бірақ олар ешкімді жандарына жолатқысы келмейді. Бізді бір жау көреді. Негізі жауапты жарыс қарсаңында әр жылдары Олимпиада және әлем чемпионаттарында атой салған азаматтардың басын қосып, олардың ақыл-кеңестеріне құлақ асса деген тілегіміз бар. Одан еш ұтылмаймыз. Керісінше, бүгінгі таңда ел намысын қорғап жүрген боксшылар үшін бұл рухани және психологиялық жағынан да үлкен демеу болар еді. Бірақ бұл салада бізде әркім өзі би, өзі қожа. Атам қазақ «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді...» деген аталы сөзді осындайда айтса керек.
– Ұлттық құрама сапына кәсіпқой боксшыларды тарту жөніндегі бастамаға да қарсы болған едіңіз...
– Жоғарыдағы идея кімнің ойына келгенін білмеймін, бірақ бұл барып тұрған утопия екенін мен әу баста айтып, дабыл қақтым. Спорттың бұл түрінен титтей де хабары бар адам кәсіпқой мен әуесқой бокстың айырмашылығын білуге тиіс. Екеуінің арасы жер мен көктей. Кәсіпқойлар көп жағдайда асықпай-аптықпай жүріп жұдырықтасады. Әуесқойларға жылдамдық пен ұшқырлық қажет. Олардың боксы қарқынды. Қысқа қайырсақ, әуесқойлар қысқа қашықтыққа жүгіретін спринтерлерді елестетсе, ал кәсіпқойлар стайерлер мен марафоншыларға көбірек келеді. Соны түсінбеген басшылар мен бапкерлерге айтар сөзім жоқ.
– Бұған дейінгі Олимпия ойындарының бірде-біреуінен бас жүлдесіз оралмаған боксшыларымыз Токиода небәрі екі қола медальды иеленгенде қатты қынжылған шығарсыз...
– Қынжылғаным былай тұрсын, намыстан жарылып кете жаздадым. Әсіресе бапкерлердің тірлігіне қатты қарным ашты. Олар шәкірттеріне не дұрыс тактика қоя алмады, не оң бағыт бере алған жоқ. Айтатындары тек «Сен қазақсың ғой, алға!» деген сөздер. Бір жағынан рух беріп, намысты қамшылаған дұрыс та шығар. Бірақ жеңіске жету үшін жалғыз рух жеткіліксіз. Жеңіс тұғырына көтерілемін деген спортшының бойында басқа да көптеген қасиет болуы шарт. Ал тек жалаң ұранмен бокстың деңгейін көтеру мүмкін емес.
– Есесіне Белградта жалауы желбіреген әлем чемпионатындағы табысымыз қомақты болды. Осы орайда жаңадан тағайындалған бас бапкер Токиодағы сәтсіздіктен дұрыс қорытынды шығарды деп ойлайсыз ба?
– Иә, Сербияның астанасындағы нәтижеге көңіліміз толды. 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль олжалаған біздің жігіттер жалпы есепте екінші орын алды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бірақ Олимпия ойындарынан кейін көптеген мықты боксшының Белградқа келмегенін де ескерген жөн. Токиодағы жарыстан кейін олар жарақаттарын емдеп, дұрыстап тынығып алуды жөн көрді. Сол себепті де «Әлем чемпионатында біз тек Кубадан ғана қалып қойдық, ал басқа мемлекеттер артымыздан сығалап қалды» деп арқаны кеңге салуға болмайды. Алда әлі көптеген байрақты бәсеке бар. Шынайы әлеуетімізді сол жарыстарда байқайтын боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»