Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBO) қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен мексикалық Хайме Мунгияның жекпе-жегі жайында ресми мәлімдеме жасады. Аталған ұйым қос тараптың ортақ мәмілеге келуіне 10 күн уақыт берді. Егер осы мерзімде мәселе оңды шешілмесе, WBO ережесіне сәйкес промоутерлік сауда рәсімі жарияланады.
Жоғарыдағы жаңалықты Жәнібектің командасы өте жақсы қабылдады. Олар: «Бүгін WBO тұжырымы мексикалық даңқты боксшы Мунгия мен Жәнібектің жекпе-жек өткізуі туралы шешім шығарды. Олар чемпиондық титулға таласуға тиіс. Енді 10 күнде біраз нәрсе анықталады. Екі тарап келісімге келіп, мексикалық та Андраде секілді басқа салмаққа ауысып кетпесе, біз үшін бұл супер жекпе-жек болмақ. Себебі атағы жағынан Хайме Мексикада «Канелодан» кейінгі орында. Ол – бокс әлеміндегі танымал тұлға. Жеңілмеген жұлдыз! Біз дайынбыз! Бұйыртса, біз биыл жасындай жарқылдап, QAZAQ STYLE-ін әлемге әйгілейміз!» деген жазба жариялады инстаграмм-аккаунтына.
Расында да, Әлімханұлы үшін бұл тамаша мүмкіндік. Себебі Хайме небәрі 25 жаста болса да, спорттың бұл түрінде зор бедел жинап үлгерді. Ол 17 жасқа толмаған шағында кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесуін өткізді. Сол 2013 жылдан бері 39 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 31 қарсыласын нокаутқа жіберді. Төменгі Калифорния штатына қарасты Тихуана қаласының тумасы бастапқы бәсекелерінің барлығын тек өз отанында ғана өткізсе, соңғы кездері АҚШ-та жиі-жиі жұдырықтасып жүр. Мексиканың марқасқасы кезінде талай мықтыны сабады. 2018 жылдың көктемінде Нью-Йоркте америкалық Садам Әлиді төртінші раундта есінен тандырып, WBO нұсқасы бойынша бірінші орта салмақтың чемпиондық белбеуін иеленді. Одан кейін Лиам Смит, Брэндон Кук, Такэси Иноуэ, Деннис Хоган, Патрик Аллотти, Гарри O'Салливан, Туреано Джонсон, Камил Шеремета және Габриэль Росадо секілді танымал боксшыларды ұтты. Өзінің соңғы кездесуін ол биылғы 19 ақпанда Тихуанада өткізіп, америкалық Димитриус Баллардты оңдырмай сабады және айқын жеңіске қол жеткізді.
Хайме Мунгияның әкесі де кезінде мықты боксшы болған. Аса ауыр салмақта айқасқан ол кезінде АҚШ чемпионы атанып, басқа да халықаралық додаларда жүлде алған. Оның мықты былғары қолғап шебері болып қалыптасуына уақытында бірнеше белді нұсқалар бойынша әлем чемпионы атанған әйгілі Антонио Маргаритоның да үлкен септігі тиді. Екеуі бір залда жаттығып, сақа спортшы жас өренге көп нәрсе үйретті.
Бір кездері дүйім жұрт Мунгияны біздің Геннадий Головкинмен күш сынасқанын тағатсыздана күткен еді. Дәл осы сипаттағы әңгімелер 2017-2018 жылдары қатты өрбіді. Олар WBC, WBA және IBF нұсқаларының алтын белбеуі үшін таласуға тиіс еді. Бірақ Невада штатының Атлетикалық комиссиясы мексикалық өреннің тәжірибесі әлі аз деп есептеп, оны GGG-ге қарсы шығармады. Сондай-ақ «әне-міне Қанат Исламмен жұдырықтасады» деген де сыбыстар шыққан. Бірақ Мунгия біздің боксшыны менсінбеді ме әлде Қанат одан қаймықты ма, ол жағы бізге беймәлім, әйтеуір бұл бәсеке өтпей қалды.
Әуесқой рингте ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізген Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте де қысқа ғана мерзім аралығында біраз бедел жинап үлгерді. Жұдырықтасу өнерінің жілік майын шаққан майталман мамандардан бастап, сарапшылар мен бапкерлер, журналистер мен жанкүйерлерге дейін қазақтың қайсар ұлының мықтылығын бірауыздан мойындап отыр. Көпшілік оны бокс әлемінде жарқыраған жұлдыздардың бірі әрі бірегейі санайды. Олай болса, QAZAQ STYLE-ін төрткүл дүниеге таныт, Жәнібек! Күллі Алаш жұрты сенен тек жарқын жеңістер күтеді!