• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қаржы 25 Ақпан, 2022

Салық декларациясын кімдер тапсырады?

955 рет
көрсетілді

2021 жылы мүлікті жалға берген немесе мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен табыс тапқан жеке тұлғалар 2022 жылдың 31 наурызынан кешіктірмей, салық декларациясын ұсынуы керек. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

2022 жылғы 31 наурызда 2021 жылға «Жеке табыс салығы бойын­ша декларация» 240.00-нысанын тапсыру мерзімі аяқталады. Декларацияны жеке тұлғалар табыс­тардың мынадай түрлерін алған кезде табыс етеді:

- салық агенттері болып табылмайтын тұлғаларға мүлікті жалға беруден түсетін кіріс;

- Қазақстан Республикасында мүлікті (меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылықты жүргізу, гараж салу, сондай-ақ объектілер, механикалық көлік құралдары және (немесе) тіркемелер орналас­паған бағбандық болып табылатын, кемінде бір жыл меншік құқығындағы пәтерлер, үйлер, саяжай құрылыстары, гараждар, жеке қосалқы шаруашылық объектілері, жер учаскелері және (немесе) жер үлестері) өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс;

- Қазақстан Республикасында өзге мүлікті (жылжымайтын мү­лікті, жер учаскелерін және (немесе) жер үлестерін, инвес­тициялық алтынды, бағалы қағаз­дарды, туынды қаржы құралдарын, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін) өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс;

- талап ету құқығын, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлес­тік қатысу туралы шарт бойын­ша тұрғын үйдегі (ғимараттағы) үлесті талап ету құқығын басқаға бе­руден түсетін кіріс;

- Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден алынған мүлікті өткізуден (мүлікті, бағалы қағаздарды, борыштық бағалы қа­ғаз­дарды, қатысу үлесін өткізу­ден) түскен кіріс;

- жарғылық капиталға салым ретінде мүлікті (ақшадан басқа) беру кезінде құн өсімінен түсетін кіріс;

- шағын бизнес субъектілері үшін не шаруа немесе фермер қожа­лықтары үшін арнаулы са­лық режімін қолданатын жеке кәсіп­кердің өзге де активтерін өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс.

Бұдан басқа, декларацияның 240.00-нысанын өз табыстары бойынша адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылары, медиаторлар, еңбекші көшіп келушілер-резиденттер, үй қызметкерлері, бейрезидент-жеке тұлғалар Салық кодексінің 19-бөліміне сәйкес шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкіл­дік­терімен, консулдық мекеме­лерімен жасалған еңбек шарттары (келісімшарттары) және (немесе) азаматтық-құқықтық си­­паттағы шарттар бойынша жұ­мыскер табысын алған Қа­зақстан Республикасының азаматтары, Салық кодексінің нормаларына сәйкес салық агенттері болып табылмайтын қоғамдық ұйымдар мен қорлар, сондай-ақ 2021 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстан Рес­публикасынан тыс жерлерде тіркелген жылжымайтын мүлікке, бағалы қағаздарға меншік құқығы, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі бар жеке тұлғалар тапсыруға міндетті.

Жылдың қорытындысымен жеке тұлға 2022 жылғы 10 сәуір­ден кешіктірмей, кірістің 10% мөлшерінде дербес төлеуі қажет.

Декларацияны жеке тұлғалар орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша салық органына қағаз түрінде және e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы немесе cabinet.salyk.kz web-порталдағы Са­лық төлеушінің кабинеті арқы­лы электронды түрде тапсыра алады.