Жыл сайын Санкт-Петербургте шымылдығы түрілетін АТР турнирі биыл Нұр-Сұлтанда өтеді. Бұл ақпарат кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының ресми сайтында жарияланды.
Нева жағалауында өтетін дәстүрлі жарыстың жалауы осы күнге дейін 26 мәрте желбіреді. Алғашында оның жүлде қоры 300 мың АҚШ долларын құраса, 2015 жылдан бері 1,1 миллион долларға жетті. 1995 жылы өткен алғашқы турнирді Евгений Кафельников ұтса, Марат Сафин, Томас Юханссон, Энди Маррей екі реттен жеңді. Сондай-ақ әр жылдары Магнус Густафссон, Рихард Крайчек, Марк Россе, Марио Анчич, Сергей Стаховский, Мартин Клижан, Марин Чилич, Эрнест Гулбис, Милош Раонич, Александр Зверев, Дамир Джумхур, Доминик Тим, Данил Медведев, Андрей Рублев топ жарды.
Қазақстандықтар арасынан 2010 жылы Михаил Кукушкин бас жүлдені олжалады.