WBO тұжырымы бойынша орта салмақта әлем чемпионы бола тұра міндетті қарсыласы Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жекке шығудан бас тартып, екінші орта салмақ дәрежесіне ауысқан америкалық Деметриус Андраденің шаршы алаңға қашан оралатыны белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
АҚШ боксшысы ұлыбританиялық Зак Паркерге қарсы шаршы алаңға шығады. Промоутерлік сатылымды Фрэнк Уорреннің Queensberry Promotions компаниясы жеңіп алды. Екі боксшы арасындағы кездесу 21 мамыр күні Ұлыбританияда өткізіледі деп жоспарланған. Ал жекпе-жектің нақты қай кешенде өтетіні кейінірек анықталмақ. Екінші орта салмақ дәрежесінде өтетін жекпе-жекте екі боксшы WBO тұжырымы бойынша әлемнің уақытша чемпионы атағына таласады. Жеңіске жеткен былғары қолғап шебері әлемнің абсолютті чемпионы, мексикалық Сауль «Канело» Альварестің міндетті қарсыласы атанады.