Облыс орталығындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы кітапханада «Шығыстың рухани мұрасы» атты көрме ұйымдастырылды. Бұған дейін облыс орталығына Семейдің Ф.М.Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық мұражайы да көшпелі көрмемен келіп кеткен еді. Енді, міне, екі күн бойы павлодарлық оқырмандар Семейдің Абай атындағы кітапханасы әкелген кітап көрмесін қызықтады.
Көрменің алғашқысы «Алтай-Ертіс кітапханасы» тізбегі бойынша Шығыс Қазақстан облысының осы күнгі ақын-жазушыларының шығармашылығына арналды. Екіншісі, «Ғасырлар үніндей байлық» деп аталады. Қордан алынған, сирек кездесетін, қолға түсе бермейтін 200-ге жуық құнды әдебиеттер жиынтығымен таныстырды. Көрме сөрелерінде Михаэлис, Обручев, Әлихан Бөкейханов, Николай Коншин, Дрепер, Дарвин, Спенсер, Бокльдің жазбалары, басқа да кітаптар, энциклопедиялық сөздіктер тұр. Бұл кітап, жазбалардың талайын заманында Абай қолына ұстап оқыған екен. Үнсіз, тағзым етіп тұрып қаласың.
Сонымен қатар, көрмеге 1881 жылы Қазан мен Санкт-Петербургте басылып шыққан Құран, 1829 жылы басылып шыққан Гомердің «Илиадасы», далалық өлке зерттеулері, Бөкей ордасының қорғандары, зерттеуші Никольконың Балқашқа сапары жайлы көне жазбалар қойылыпты. Осыдан 130 жыл бұрын ашылған Абай атындағы кітапхана тарихының өзі бір шежіре. Бұл көрме облыстардың өңіраралық әдеби-мәдени байланыстары аясындағы рухани-танымдық мақсатқа арналды.
– Ғасырлық тарихы бар кітапханамызда әйгілі тарихи тұлғалардың, Семейге келген әйгілі адамдардың ізі қалғаны белгілі. Көрмеге қойылған бұл кітаптардың барлығы да құнды, әрбір оқырманды қызықтыратын рухани дүниелер, – дейді кітапхана директоры Айгүл Шаймарданова.
Көрменің тағы бір іс-шарасы «Семей өңірінің танымал тұлғалары» атты танымдық ақпаратқа арналды. Оқырмандарға биылғы жылы мерейтойлары аталып өтетін халқымыздың біртуар ұл-қыздары Жәнібек Кәрменов, Айткеш Толғанбаев, Бибігүл Төлегенова, абайтанушы Төкен Ибрагимов туралы бейне-көріністер көрсетілді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.