• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 27 Ақпан, 2022

Ауғанстан: Мемлекеттік университеттер жұмысын қайта бастады

229 рет
көрсетілді

Ауғанстанның мемлекеттік университеттері «Талибан» билікке келгеннен кейін алты ай өткен соң өз жұмыстарын қайтадан бастады.  

Былтырғы 15 тамызда «Талибан» билікті басып алғаннан кейін қыздарға арналған орта мектептер мен барлық мемлекеттік университет жабылған. Бұл «Талибанның» 1996-2001 жылдар аралығында билік құрған кезіндегідей, әйелдерге білім алуға тыйым салынады деген алаңдаушылық тудырды. Көптеген халықаралық ұйым мен елдер бұл мәселе бойынша ескерту жасап, қыздардың оқуға оралуын талап етті.

«Талибан» билігі бұл жолы қыздар мен әйелдерге білім алуға мүмкіндік бермек. Бірақ қоятын талаптары бар: қыздар мен әйелдер тек жеке сыныптарда және исламдық оқу бағдарламасына сәйкес оқытылуға тиіс. Ауғанстандық БАҚ-тың жазуынша, ер және әйел студенттерге сабақтар әртүрлі уақытта өткізіледі.

«Мен университет жұмысының қайта басталғанына қуаныштымын. Біз оқуды жалғастырғымыз келеді», деді ағылшын тілінің болашақ маманы, өзін Басира деп атауды өтінген ауғанстандық студент Al-Jazeera басылымына берген сұхбатында.

Басираның айтуынша, елдегі оқу орындарында оқытушылар жетіспейді. Бұған, әлбетте, «Тали­бан» билікке келгеннен кейін ауғанстан­дықтардың елден көптеп қашуы негізгі себеп бола алады. Өйткені елдің мың­даған тұрғыны Тәжікстан шекарасы арқы­лы Орталық Азияға, Еуропаға қаш­ты. АҚШ ұшағына таласа мініп, мұхит ас­қандар туралы да БАҚ-та көп жазылды.

Тамыздың ортасында «Талибан» тара­пы­ның ел астанасы Кабулды басып ал­ғанынан кейін, дәлірегі премьер-министр Ашраф Ғанидің Батыс қолдаған үкіметі құлаған соң шетел асқан ондаған мың ауғандықтың ішінде оқытушы саны көп болған.

Елдің оңтүстігіндегі кейбір мемлекет­тік жоғары оқу орындары өткен айда жұмысын қайта бастады, сенбіде елдегі ең көне және ең үлкен университет – Кабул университеті қайта ашылды. Өткен жылы 25 мыңға жуық студентті қа­был­даған бұл оқу ордасы ешқандай салта­натты мерекесіз және ондаған студент­термен ғана жұмысын қайта жалғастырды.

Кабулдан хабар тарататын TOLOnews агенттігінің жазуынша, Жоғары білім министрлігі елде кем дегенде 19 университет пен оқу орны қайта ашылғанын хабарлаған.

Біз жоғарыда мақалаға арқау еткен Басира оқу басталғанымен әлі де бірқатар келеңсіздік барын айтады. Бұл қолайсыздықтарды ол «Талибанның» қа­тал тәртібімен байланыстырады. Мәсе­лен, «Талибан» күзетшілері студенттерді сыныпқа ұялы телефондарын әкелгені үшін жазалаған. Сұхбатта Басира кү­зет­шілер ойларына келгенін істеп, сту­дент­термен дөрекі сөйлесетініне шағымданады.

Ағылшын тілі факультетінің тағы бір студенті Мәриям сабақтарға тек жеті әйел қатысқанын айтты. Оның айтуынша, бұрын топта 56 студент оқыған.

«Талибан» күзетшілері журналистерге үлкен кампусқа кіруге рұқсат бермеген. Оған қоса журналистер тобына кіреберісте тұруға да кедергі жасаған.

Осыған ұқсас көрініс бүкіл елдегі кампустарда байқалатын көрінеді. Ал Панджшер университетіне тіпті бір де бір студент оралмаған. Университет профессоры Нур-ур-Рехман Афзали студенттердің келетіні не келмейтіні жөнінде болжам жасау қиын екенін айтады.

Панджшер университетінің кафедра меңгерушісі Джаббер Джибранның айтуынша, ұрыс кезінде қираған бірнеше сынып әлі жөнделмеген.

«Талибан» билігінің өкілдері бұған дейін қыздар университеттерге денесін толықтай жабатын қара түсті мата жа­уып, басына орамал тартып келуге мін­детті екенін айтқан болатын. Алай­да бұрын­ғы билік тұсында қыздар толық­тай оранбай да сабаққа қатыса алатын. Университет ашылғанда «Талибан» билікке келгенге дейінгі ретпен киініп келген бірнеше студент байқалған.

Иран шекарасына жақын орналасқан, бір кездері Ислам әлемінің маңызды зияткерлік орталықтарының бірі болған Гераттағы студенттер де оқытушылар­дың жетіспеуіне шағымдануда. Оқу­ға оралған студенттер өз өмірлері­нің түбегейлі өзгергенін де айтуда.