• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Өнер 27 Ақпан, 2022

Құстұмсық һәм құдағи жүзік

989 рет
көрсетілді

Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халықтың өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен, тарихымен тығыз байланыста дамып келеді.

Адам баласы ежелден әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санаған. Бұл өнердің түп төркіні мыңдаған жыл әріде жатыр.

Археология мен топономиканың деректеріне қарағанда, Қазақстан территориясында мыс, алтын, күміс тағы басқа асыл және түсті металдарға бай кен орындарын иегеру ісінің ежелгі замандарда-ақ қолға алғандығын айғақтайды. Үй кәсібіне негізделген ұлттық қолөнердің басқа түрлеріне қарағанда, зергерлік өнердің өзіндік жасалу ерекшелігіне тән кәсіптік мінездемесі бар. Қазақ зергерлері көбіне жеке-дара жұмыс істеп, өз өнерінің қыр-сырын ұрпақтан-ұрпаққа үйретіп отырған. Олар алдын ала арнайы дайындықтан өтетін, белгілі бір құрал-саймандарды ғана қолданатын. Зергерлердің соғатын заттарының түрлері өте көп болған. Оған әйелдердің әшекейлері, киім-кешекке тағатын түрлі сәндік бұйымдары, ас-су жабдықтары, киіз үйдің ағаш сүйегіндегі ою-өрнек, жиһаздық заттар, ағаш ыдыс-аяқ, тері торсық, музыкалық аспаптар, қару-жарақтар, ат-тұрман әбзелдері және тағы басқалар жатады. Бұларды әсемдеу үшін көбіне алтынды, әсіресе күмісті молырақ қолданған. Зергерлер металдың өңін ашу шеберлігін жете білген. Күміс бұйымдарды асыл тастардан және агат, інжу, маржан, жақұттан көз қондыру арқылы да әсемдей түскен. Түрлі түсті шыныларды және тағы басқа әсем рең беретін заттарды да кәдеге асырған.

Нағыз зергерлердің қолынан шыққан бұйымдар ғасырлар елегінен өтіп, бізге жетіп отыр. Батыс Қазақстан об­лыс­тық тарихи-өлкетану музей қо­рын­да XIX-XX ғасырларға жататын зер­герлік бұйымдардың мол коллекциясы жинақталған. Солардың ішінде ерекше тоқталып өтетін әшекейлердің бірі – құстұмсық жүзік пен құдағи жүзік.

Ізгі тілектер әшекейге түскен түрлі пішін, өрнек арқылы астарлы жеткізіліп отырған. Құстұмсық жүзікті бойжеткен қыздар таққан, бақыттың, құс тәрізді еркіндіктің белгісін білдіреді. Құстұмсық жүзікті ер балаларға да ырымдап таққан. Ер қолындағы құстұмсық – еркіндіктің, тәуелсіздіктің белгісі және қауіп-қатерден сақтап, жаудың сағын сындырсын деген мағынада. Сондай-ақ қазақтың хандары да қолдарына құстұмсық жүзікті мөр ретінде таққан (жүзіктерінде араб тілінде есімдері жазылған). Күмістен қалың және мықты етіп жасалған. Құстың тұмсығына ұқ­саған оюлармен әшекейленеді. Дәс­түр бойынша ұзатылып бара жатқан қызы­ның қолындағы құстұмсық жүзікті ана­сы шешіп алып, қыз жасауымен бір­ге орамалға түйіп, сандығына салып жі­беретін болған. Бұрында қал-жағдайын сұрайтын байланыс құралдары болмаған кезде бұл жүзік қыз жағдайының хабаршысы ретінде кейін қайтып келуі керек. Сондықтан уақыт өте келе қыздың төркін жағынан оның қал-жағдайын білуге барған бауырлары осы құстұмсық жүзікті қайтып әкелсе, қыздың анасы қатты қуанып, құдағиым қызыма өз қызындай қарайды екен деп, риза болып, арнайы тапсырыспен құдағиына таза күмістен құдағи жүзік даярлатады.

Сый-құрметтің белгісі саналатын құдағи жүзіктердің пішініне қарай әр түрлері музей экспозициясында қойыл­ған. Ол басқа жүзіктерге ұқса­май­ды. Екі саусаққа қатар киілетін екі шең­берден тұратын жүзік – үстіңгі беті бір­тұтас болып келетін, әдемі тас­тар­мен безендірілген ұлт өнеріндегі біре­гей дүние. Құдағи жүзіктер көбіне Қа­зақ­станның батысында және оңтүстік-батысында жасалған. Жүзіктің бет жағындағы екі шаңырақ екі әулеттің жақындасқанын білдірсе, ортасында екі жастың бақытын қорғайтын тұмар орналасқан. Жүзік жалпақ дөңгелек жердің, ғаламның, шаңырақтың піші­нінде жасалған. Астындағы саусаққа тағатын сақиналары екеу болып келеді. Оның себебі екі жұп, екі әулет мәңгілік бірге дегенді білдіреді. Құдағи жүзік оң қолдың үшінші, төртінші саусақтарына киіледі. Жалпы айтқанда, жүзікті қыздың анасы құдағиына шын жүректен аналық қамқорлығы үшін сыйға тартады. Құдағи жүзікті көрген адам оның иесі сыйлы, қадірлі, аналық мейірімімен келінді тәрбиелеген құрметті ана екенін бірден білетін болған. Осындай марапатқа ие болу, құдағиынан сыйлық алу, бәрінің қолынан келе бермейді. Құдағи жүзік тағылған күннің өзі тойға айналады. Құ­дағи жүзіктерді музей қорына 1991 жылы белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы Мәтжан Тілеужанов, екіншісін К.Рамазанова тапсырған.

Жанаргүл СРЫМОВА,

Батыс Қазақстан облыстық

тарихи-өлкетану

музейінің экскурсоводы