Бүгінде нәзік жанды аруларымыздың Қарулы Күштер қатарында қызмет етуі ерекше мақтанарлық жайт. Егеменді еліміздің Қарулы Күштерінде еразаматтарымызбен иық тіресе әскери қызметті өтеуде ерлік танытып жүрген аруларымыздың саны аз емес. Олар өз алдарына қойылған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруда әрқашан бастамашылық танытып жүреді.
Солардың қатарына Құрлық әскерлері Әскери институты Еуропа тілдері кафедрасының әскери қызметкері, кіші сержант Маржан Мырзабекованы ерекшелеп айтуға тұрарлықтай.
Мемлекеттік қызметтің маңызы қашанда жоғары екенін түсінген Маржан Мақсұтқызы Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін жоғары нәтижемен аяқтап, өзінің алғашқы еңбек жолын Қорғаныс министрлігінің Әскери институтында бастағанды жөн көреді.
Француз ғұламасы Жан Жак Руссо бір елеулі еңбегінде “Ең зор ізгі ерліктерді Отанға деген сүйіспеншілік туғызған” деп атап өтеді. Осындай ғұламаның ойын өмірлік серік ете білген Маржан Мақсұтқызы өз мемлекетінің білім беру ісіне белсене атсалысады. Алғашында жай азаматтық қызметкер болып, кейіннен оқытушылық қызметке ауысып, курсанттарға ағылшын тілін үйрете бастайды. Егеменді еліміздің болашақ әскери аудармашыларын дайындап, оларға қажетті білім беріп, тәрбиелеуде өз тарапынан тынбай еңбек ете бастайды. Жас маман ретінде шетел тілдерін оқытудың әдістемесін зерделеуде өзінің әріптестерімен өзара ой алмасып, тәжірибе жинақтай бастайды.
Жалпы, бәсекелестіктің қарыштап дамыған заманында халықаралық тілдерді меңгеру мен заман талабына сәйкес лайықты білім алу және оны кәсіби тұрғыда шыңдап отыру, өз ісінің шебері болу, мәдени қарым-қатынас пен өзара ынтымақтастық негіздерін білу маңыздылығын жете түсіне білген Маржан Мақсұтқызы өзінің білімін әрқашанда тереңдете түсуге талпыныс танытып жүреді.
Егеменді еліміздің өркениетті елдермен терезесін тең ұстап, Қарулы Күштері қатарында қызмет жасап жүрген осындай ару қыздарымыз көп бола берсін!
Нұрқанат Сопбек,
Құрлық әскерлері әскери институтының
оқытушысы, аға лейтенант.