• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 28 Ақпан, 2022

Ақын шығармашылығына арналған кеш өтті

615 рет
көрсетілді

Қасиетті Шыңғыстау топырағында туған өлкенің көнекөз шежіресіне айналып, жырдың ұшқыны бар жастарды қанатының астына алып, Хакім Абай мектебінің үлгісін жалғастырып отырған талантты тұлға, ұлағатты ұстаз, ақын Төлеген Жанғалиұлына Абай елі қандай құрмет көрсетсе де жарасады. 

Қара өлең төрін күзеттім,

Қағбамдай көріп киелі.

Атылған оған мың оқтың,

Бір ұшы маған тиеді, - деп осы өлеңі арқылы ешкімнің пешенесіне жазыла бермейтін Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлылар туған ортадан шыққанын мақтанышпен жеткізген ақ пейілі қандай десеңізші! Қаңтар айының 27-күні 72 жасқа толған арқалы ақынның тағы бір даралығы - бар атағынан «Абайлық ақын» деген дәрежесін биік қоятыны.

Босамай жүрген тақымы,

Болайын мен-ақ қолбала,

Алаштың көп қой ақыны,

Абайлық ақын мен ғана, - деп ақынның өзі жырлағандай, жақында ШҚО, білім басқармасының «Абай колледжі» КММ-сінің кітапханашысы Жанна Шеризатқызының ұйымдастыруымен колледж студенттерімен ҚР Жазушылар және ҚР Журналистер Одағының мүшесі, "Құрмет" ордені мен Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Абай ауданның "Құрметті азаматы", "Ақсұңқар" ақындар сыныбының жетекшісі ақын Төлеген Жанғалиевтің шығармашылығына арналған "Абайлық ақын" атты кездесу кеш болып өтті. Кітапханашы Жанна Шеризаттың осынау шараға тыңғылықты дайындалғандығы байқалды.

Шеризатқызы Жанна 1978 жылы 16 қарашада Абай ауданы, Медеу ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін кітапхана ісі мамандығы бойынша бітірген. Әлеуметтік ғылымдар магистрі. «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрмет» грамотасының иегері. Күміс алқалы көп балалы ана.

Төлеген ағамыздың шығармашылыққа толы кітап көрмесі көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Кездесуді колледж директоры Роллан Жұмақсанов алғы сөзбен ашып, ақынның шығармашылығына табыс тіледі. Кездесуде, ақынның шәкірті Бақытжан Ақанұлы ұстазының жырларын тебірене оқыса, дәстүрлі әнші Қонысбек Советбекұлы "Құнанбай" әнін, колледж ұстазы Шәрбану Әлібекқызы "Абай ұрпақтары әнін" орындады. Студент жастар Тоқтасын Гүлнар «Сауалнама», Амангелді Ерсін «Қансонар», Төлеубекова Элмира «Тіл», Жақсылықова Маржан «Мен», Дүйсенбаева Еркежан «Туған жер» ақын өлеңдерін жатқа оқып, ақынның жүріп өткен жолы шығармашылығы туралы өздерін толғандырған «Сіздің осы уақытқа дейін, қанша кітабыңыз басылып шықты және қанша данадан? Әлі де кітап шығару ойыңызда бар ма?», «Сізге өзіңіз жырлағандай, «Абайлық ақын» деген атақты алып жүру қаншалықты маңызды?», «Өзім кетем деп қайғырмаймын, артымда осы топырақта өлеңнің киесін ұшырмай ұстап отыратын "қара" табыла ма, жоқ па? Соған алаңдаймын. Өлеңсіз, жырсыз қалған күні Абай елінің өлгені..." – деген едіңіз бір сұхбатыңызда. Бұлай деуіңіздің сыры неде?» деген оннан аса сұрақтарына жауап алды. Кездесу соңында ақын өзінің "Ертістің арғы жағы, бергі жағы..." атты кітабын қолтаңбасымен колледж кітапханасына сыйға тартты.

Ұлы Абай атамыздан бастау алған ақындық өнердің адал ұлы болып, ел намысы сынға түсер сәтте ұлылар елінің ұлағатын ұлықтап, Абай, Мұхтар, Шәкәрім деп ұрандап елім деп соққан елжандылығы бір төбе Төлеген ағамызбен баршамыз мақтанамыз. Қара өлеңнің төрін күзетіп қана қоймай, талант көзін тамыршыдай тап басып, қаншама дарынды шәкірт тәрбиелеп келеді. Абай елінің айбарын асырып, шыншылдығымен, шешендігімен Шыңғыстау жұртының мұң-мұқтажын шыр-пыр болып өлеңмен өріп жүрген Төлеген Жанғалиұлының өмірі мен шығармашылық жолы жас ұрпаққа үлгі. Сол себепті де ақынымызды әркез дәріптеп, қошеметтеуге қашанда әзірміз.  

Хәкім Абай атындағы колледж студенттері ақын шығармашылығынан мол мағлұмат пен әсер алып тарасты. Алдағы уақыттарда осындай тәрбиелік мәні бар кездесулер жалғасын таба бермек.

 

Anar SÄRSENBİNA,

Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы

«Abai elı» газетінің жауапты хатшысы, журналист