Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғы, тоқсаныншы жылдарының басында халқымыздың зиялы қауымының ұлттық жаңғыруға жол ашқан «қайта құру» саясатының мүмкіндігін мүлт жібермеуге ұмтылысының нәтижесінде өңірлерде жаппай құрылған «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалдары ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейту, қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу, ономастиканың өзекті мәселелерін шешу мақсатымен жұртшылық арасында белсенді үгіт-насихат жүргізіп, қыруар іс тындырғаны мәлім.
Сол кезде олардың штатында ай сайын жалақы алып, тұрақты жұмыс істейтін кемінде үш-төрт қызметкер болғанын білеміз. Арада уақыт өте келе оларды қаржыландыруды заңдастыру қажеттігі туындаған. Сонда өңірлік әкімдіктердің күн тәртібіне «Қазақ тілі» қоғамын қолдау қажет пе, әлде Тілдер басқармасын құрған жөн бе?» деген сауал шығарылғаны анық. Ақырында әкімдер бюджеттен бөлінетін аз-мұз қаржыны «ана тілім, ата салт-дәстүрім» деп білек түрініп шыққан белсенділері кейде көпшілік алдында қызына сөйлеп, жергілікті билік басындағылардың атына өткір сын айтып, «беделдерін түсіріп» жүрген қоғамдық бірлестік филиалдарына бергеннен гөрі, «Ләпбай, тақсыр» деп иіліп-бүгіліп тұратын шенеуніктер қызмет істейтін Тілдерді дамыту басқармаларын құруды жөн көрген сыңайлы.
Сөйтіп өңірлерде тіл мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдар құрылып, іске кіріскеннен кейін әкімдіктердің қаржылай қолдауынан және көбінесе жергілікті билік іздеп тауып беріп келген демеушілердің тиын-тебенінен қағылған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы филиалдарының көпшілігінің штаттағы қызметкерлері түгел қысқартылған. Сол себепті олардың жұмыстары да біртіндеп қожырап, бұрынғы белсенділіктері бәсеңдеп қалған болатын.
Дегенмен, кейінгі кезде қоғамымызда, әсіресе, бұқаралық коммуникация құралдарында жұртшылық өкілдерінің мемлекеттік тіліміздің бүгінгі қалыптасқан жағдайына алаңдаушылық білдіре отырып, оның шынайы мәртебесін көтеру қажеттігі жайлы талап-тілектері жиі дауыс көтере айтыла бастағандықтан болар, биыл Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшылығы ауыстырылып, оның жұмысын қайтадан жандандыру шаралары қолға алынып жатыр. Жөн-ақ. Алайда осы ретте өңірлік әкімдіктерде «Қазақ тілі» қоғамын қолдаймыз ба, әлде Тілдер басқармасын қаржыландырамыз ба?», деген сауал тағы да туындайтын сияқты. Себебі, қазіргі кезде қай үкіметтік емес ұйымның болсын қаржыландыру көздері анықталмаса, олардың атқаратын қызметтері белсенді де нәтижелі болуы неғайбіл. Ал өңірлердің көпшілігінің орталықтан қомақты субвенция алып отырған мардымсыз бюджеттері тиімсіз шығындарды көбейтпей, «көрпеге қарай көсілуді» тілейтіні мәлім.
Шынтуайтында, өңірлердің Тілдерді дамыту басқармалары осыған дейін өздерінің бірінші кезектегі міндеттері – қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтіп жарытқаны шамалы. Олардың әкімдіктердің аударма басқармаларына ұқсап кеткендігі жөнінде орынды сындар көптен бері айтылып келгені жасырын емес. Сондықтан да шығар, кейінгі жылдары бірқатар аймақта Тілдерді дамыту басқармалары оңтайландыруға ілікті. Қазір 17 өңірдің тек сегізінде ғана – Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында ғана Тілдерді дамыту басқармалары қысқартуға ұшырамай сақталып қалған. Міне, осындай бұрынғы мемлекеттік органдар Ақмола, Қызылорда облыстарында Ішкі саясат басқармаларына, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында Мәдениет басқармаларына қосылған. Нұр-Сұлтан қаласында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармалары біріктірілген. Ал Алматы қаласы әкімінің аппараты жанында Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы ғана қалдырылған. Бұл мәліметтерден өңірлердегі тіл саясатын жүргізу толықтай жергілікті әкімдіктердің құзыретіне берілгендігі және орталықтан бірыңғай тәсіл ұсынылмағандығы аңғарылады. Әйтпесе, Тілдерді дамыту басқармалары қазағы қалың һәм мемлекеттік тіл мәселесі аса өзекті емес деуге болатын Алматы, Атырау және Жамбыл облыстарында дербес күйінде сақталып, орыстілді азаматтардың үлес салмағы басым, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы тар Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында Мәдениет басқармаларына қосылғаны қаншалықты негізді?!
Кезінде Тілдер жөніндегі комитетті басқарған белгілі қаламгер Ербол Шаймерденұлы бір сөзінде: «Шынын айтсам, Тілдер жөніндегі комитетті Мәдениет министрлігінің құрамынан алып, Білім министрлігіне бермейінше, қазақ тілінің көсегесі көгереді деп айта алмаймын...», деген болатын. Бүгінде арамызда жоқ қайраткер ағамыздың сол аманаты орындалғандай болып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Тіл саясаты комитеті былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің құрамынан шығарылып, Білім және ғылым министрлігінің қарамағына берілді. Алайда Тілдерді дамыту басқармалары оңтайландырылған өңірлердегі Тілдерді дамыту және Ономастикалық жұмыс бөлімдері Ішкі саясат және Мәдениет басқармаларының құрамында қалып отыр. Мұнда қандай қисын бар?
Біздіңше, қазір дербес қалпында сақталған Тілдерді дамыту басқармаларын Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетіне бағындырып, әртүрлі өңірлік басқармалардың құрамындағы Тілдерді дамыту бөлімдерін Білім басқармаларының қарауына берген жөн. Сонда мемлекеттік тілімізді көпэтносты халқымызға балабақшадан бастап үйретуге барынша қолдау жасаумен қатар, оның тиімділігін бақылау да күшейе түсер еді. Себебі, жекелеген өңірлерде бір кезде қолға алынған талай игі бастамалар аяқсыз қалып, күткендегідей нәтиже бермеді. Мәселен, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі Солтүстік Қазақстан облысында 2004-2007 жылдары барлық балабақшада қазақ тілін үйрету батыл қолға алынып, қазақ топтары да көбейтілген еді. Қызылжар өңіріндегі мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің үздік мұғалімдеріне үстемақы да төлене бастаған болатын. Бұған қоса, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсуге тілек білдірген ұлты қазақ емес түлектерге облыс әкімінің гранттары тапсырылып, мемлекеттік тіліміздің мерейін асыратын басқа да іс-шаралар көпшіліктің көңілінен шығып жататын. Өкінішке қарай, облыс басшылығы ауыстырылғаннан кейін сол жақсы істер одан әрі жалғасын таппай, тіпті бүгінде ұмытылуға айналды. Өңірлік Тілдерді дамыту басқармалары Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетінің басшылығымен жұмыс істесе, Тілдерді дамыту бөлімдері өңірлік Білім басқармаларының құрамында болса, ел болашағы – жас ұрпақтың мемлекеттік тілді меңгеріп өсуіне ықпалы тиетін тың бастамаларды қолдап, олардың өрісін ел көлемінде кеңейтуге оңтайлы мүмкіндік туар еді.
Ал Тәуелсіздіктің отыз жылында елді мекендер мен көшелердің атауларын толық қазақыландырып бітіре алмаған Ономастикалық жұмыс бөлімдерінің штат санын қысқартып, оларды ұстауға кететін шығындардың денін «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» РҚБ филиалдарына мемлекеттік тапсырыс ретінде бөлген жөн сияқты. Бұл, әсіресе, солтүстік өңірлерде соңғы жылдары сылбырап кеткен ономастикалық жұмысқа соны серпін берері шүбәсіз. Әрине, еліміздегі азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік қолдау күшейтіліп отырған қазіргі кезде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын үкіметтік емес ұйым ретінде қаржыландырудың басқа да көздерін қарастыру қажет. Сонда бұл қазір аты бар да, заты жоқ болып қалған ұйымның бұрынғы белсенділігін қалпына келтіріп, тіл саласында қордаланып қалған өзекті мәселелерді шешуге оңтайлы мүмкіндік туары даусыз.