Қазақ халқының бір жақсы қасиеті өткен жылдардың қиындығы, ел-жұртқа жайлылығы жөнінде неше түрлі сараптама жасап, аяғын жақсылыққа әкеліп тіреп отыратындығында. 2021 сиыр жылы қазақ халқы үшін емес-ау, әлем халықтарын әбігерге салған ауырлау жыл болды. «Тәж тажалдан» елге белгілі зиялы қауым өкілдері мен қазақтың небір асыл ұл-қыздары мәңгілікке сапар шекті.
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, табиғи қуаңшылық пен егістіктерге су жетіспеушілігі, алыпсатар делдалдардың жымысқы әрекеттері, қымбаттаған түрлі дүниелер елімізді тығырыққа тіреді. Осының бәріне шыдаған халқымыз жыл соңында егемендігіміздің отыз жылдығын ел болып атап өтіп, болған іске бекем болудың үлгісін көрсете білді.
Ұшар басынан етегіне дейін ақ ұлпа қарға малынып, күмістей жарқырап жататын Алатаудың маңайында биыл қар аз. Жер беті қоңырқошқылданып, сүреңсіздеу кейіпте жатыр. 2022 Барыс жылы да күн бұлыңғырланып, зеңгір көкті тарғыл бұлт бүркеп, ел еңсесін ауыртпалық басқандай болып тұрды. Өткен жылдың соңына таман қара басының қамын ғана ойлайтын монополистер мен алыпсатарлардың өзара ымыраласуының себебінен табан астынан 60 теңгенің сұйық газы 120 теңгеге көтеріліп, «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған халық наразылығы әлеуметтік желі беттеріне шыға бастады. Ашкөз тойымсыздардың бұл қылықтарын сынға алғандардың өтініш-арыздары айтылып та, жазылып та жатты. «Аға деп барсаң ағаға, ағаның көңілі көкте жүр, бауыр деп барсаң бауырға бауыры оның көк темір» деп Есенқұл ақын айтпақшы, «Тәж тажал» құрғақшылық, қымбатшылықтан запа шеккен халық биылғы барыс жылынан үмітті еді. Бірақ олай болмады. Сұйық газдың бағасының күрт жоғарылауы Жаңаөзен, Атырау халқының наразылығын күшейтіп, ереуілге шығуға әкеліп тіреді. Президентіміздің тапсырмасымен онда барған үкімет өкілдері бұрын оны байқамағандай, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты сезбегендей кейіп танытып, бейбіт шерушілермен мәмілеге келген сыңайда бағаны амалсыздан бұрынғы қалпына келтіруге мәжбүр болды.
Дүрбелең қатты белең алған тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы әрі Президент ретінде теледидардан Үндеу жасап, ұйымдастырушылардан келеңсіздікті тоқтатуын қайта-қайта өтінді. Қала ғимараттарын қирату, тонау орын ала бастады. Бұл қазақ халқына тән қасиет емес еді. Мемлекетке қорған болып, халықтың қауіпсіздігін қорғайтын құзырлы мекеме қызметкерлері ғимараттарын бос қалдырып, табанын жалтыратып тайып отырды. Істің соңы күрделеніп, мемлекет төңкерісіне бағыт ала бастағандай болды. Қазақстан халқының қауіпсіздігі мен егемендігіне нұқсан келмесі үшін Президент шұғыл шаралар қабылдап, ҰҚШҰ (ОДКБ) ұйымынан көмекке күш сұрайтынын жария етіп, лаңкес, содыр терроршылар отанымызға басып кіргенін мәлімдеп, шарасыздықтан оларға қатаң жаза қолданатынын айтып, соңғы шараларға баруға мәжбүр болды. Барлық қалада коменданттық сағат орнады. Бейбіт шерудің арты бейітке сүйек көтертті, бас көтерушілерді жаппай темір торға қамай бастады. Бұл оқиға 1986 жылы өзіміз үш күн ішінде болған Желтоқсан көтерілісін көз алдымызға келтірді. Ол кезде институтты бітіргеніме екі жыл болған Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылында жетекші маман болып жүрген кезім еді. 14 желтоқсан кезекті демалысыма шығып, 15 желтоқсан Алматыда ақын інім Әзімбек Жанқұлиев, жезқазғандық күйші Алпысбай Тұрсынбеков үшеуміз жолығып, Байсейітов көшесінің бойындағы Абай көшесінен жоғарырақ қымызханада бас қосып, өткен студенттік күндерімізді еске ала, жақсы көңіл күймен тарасқанбыз. 1986 жыл. 16 желтоқсан күні теледидарда кешкі жаңалықтардан диктор Ласкер Сейітов, Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев жұмысынан босатылып, орнына Ресейден Ульянов облысының бірінші хатшысы Г.Колбиннің келгенін хабарлады. 17 желтоқсан күні сағат ондар шамасында халық көтеріліп, зиялы қауым өкілдері бар, көбінесе жастар алаңға жинала бастады. Бәріміз алаңға бардық. Түс ауа алаңдағы мінберге халықты тоқтату мақсатында 4-5 кісі көтерілді. Есімде қалғандары жоғары шенді қызметкерлер: З.Камалиденов, Мирошник, Н.Назарбаев. Бір кезде шетте тұрған кісі, «Мен министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпын» деп сөз бастап, «Орталық комитеттің шығарған шешіміне қарсы келмейік, жастар тараңыздар» деп басу айтты. Оны құлаққа ілген ешкім бола қоймады. Халық, басшылық мәселесі шешімін таппай алаңнан тарамайтынын мәлімдеді. Кешкісін апыр-топыр әскер шақырылып, жиналған халыққа көз ашытатын түтінді дәрілер лақтырылып, өрт сөндіретін машиналарымен су шаша бастады. Бұл, әрине, жоғарғы жақтың тапсырмасын орындаушы қауіпсіздік комитеті КГБ қызметкерлерінің құйтырқы әрекеттері еді. Қалай десек те, ТМД аумағында кеңес дәуірінің қыспағынан елінің бостандығын сұрап, бірінші болып бас көтерген қазақ жастары екені даусыз еді. Бәрі бүгінгідей көз алдымда сайрап тұр.
Төртінде басталған ереуіл қаңтардың 10-на қарай саябырси бастады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардың 11-і күні халыққа тағы Үндеу жариялады. Мемлекет қызметкерлері, және шексіз байып алған ат төбеліндей алпауыт олигархтар, монополистермен халық арасының жер мен көктей алшақтауы, елдің кедейленуі, жастардың жұмыссыздығы, жұрттың жүйкесін жұқартқан жүйенің осы мәселелерге себеп болғандығын басып айтты. Үкімет басшысының бар мәселені уысынан шығарып алғандығын сынға ала отырып, А.Маминді орын тағынан босатты. Отанымызға лаңкес, содырлардың еркін кіргенін, сыртқы, ішкі қауіпсіздікті қадағаламай еліне опасыздық жасаған ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовті, және орынбасарларын орнынан алып абақтыға жапты. Қақтығыста кәсіпкерлер запа шегіп, құқық қорғау қызметкерлері мен жазықсыз жастар оққа ұшты. «Кесені қолыма алып қарай бердім, ішінде нақақ көзден жас бар ма деп?», деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтпақшы, жазықтылар өз жазасын алар-ау, бейбіт шеруге шығып, арандатушылардың кесірінен жапа шегіп, он екіде бір гүлі ашылмай набыт болғандардың аналарының көңілдерінің көгілдір шықтары, көзінің жасы болып тамшылап, кесеге толғаны жүрегіңе салмақ салады. Бұл жазықсыз жастардың қаны, обалы кімнің мойнында екені бір Аллаға ғана аян.
Осы жағдайды қарап отырып, біздер әркез науқаншылдыққа салып ұрандата бермей, неге ақ табан ат мініп, қара сойыл сүйретіп өткен тарихымыздан сабақ алмадық екен деген ой келеді. ХV ғасырдың екінші жартысында 1460-жылдардың орта шені мен 70-жылдардың бас кезінде Алтын Ордадан бөлінген Ақ Орда хандарының ұрпақтары Жәнібек пен Керей Қазақ хандығын, мемлекеттілігін құрған мезеттен бастап, қазақ халқына тыныштық болмағанын тарихымыздан білеміз. 1640 жылы қазақ жеріне алғаш жорығын бастаған Жоңғар шапқыншылығы 1760-жылдарға қарсы аяқтала бастады. Жүз жылдан аса қазақ жеріне шапқыншылық болғаны, қаншама халқымыз осыдан зардап шегіп, жойылып кеткені тарихымыздың қаралы беттерінде тайға таңба басқандай болып, сорақы әріптермен жазулы тұр. Осы кезеңдердегі хан, би, батырларымыздың ерлігі турасында Қазақ радиосынан қаншама хабар өткіздім. Оны біреу тыңдаса, күйбең тіршілікпен жанын әрең бағып, базарда арба сүйретіп жүрген қарапайым халықтың тыңдауға уақыты да болмаған шығар-ау. Ал егемендік алған отыз жылда мемлекеттің, халықтың несібесінің есебінен байығандарға ұлттық құндылықтың қажеті шамалы болса керек. Елім, жерім деп еңіреп өткен, халқының тарихында алтын әріптермен өрнектеліп жазылып қалған қасқа жолды Қасым хан, ескі жолды Есім хан, одан бергі Тәуке, ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда қазақ даласын жоңғар шапқыншылығынан қорғап, сапты аяққа ас құйып, сабына қарауыл қойып ас ішкен Абылай хан, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Райымбек, Қойгелді батырлар, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Жолбарыс билер халқының мәңгі есінде. 1723 жылы шығысымыздан сексен мың әскермен лап қойған жоңғар шапқыншылығы кезінде, қираған ауыл, тоналған елде есеп болмай, қарсы соғысқан қазақ жасақтарының басым бөлігінен көбі қырылып, қазақ елі босқынға ұшырап, «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді», деп боздаған еді.
Екпіні қатты жоңғарлар Түркістанға ту тіккенде Төле би бабамыз елін, жерін сақтап қалу үшін Қожабек пен Жолан атты екі баласын бірдей кепілдікке беріп, амалсыздан Қалдан Сереннің алдына тізе бүгіп, он бес жылға бодан болып, салық төлеуге келісіп, келісімшарт жасасқанын бар қазақ білсе керек. 1640 жылдан 1760 жылға дейінгі аралықтағы хандарымыз және халқымыздың бәрі көрген құқайы осылай болды десек, өтірік айтқандық емес шығар. 1847 жылы 43 жасында өмірден өткен, халқына темір ноқта кигізбеу үшін он жыл ат үстінен түспей отарлаушылармен шайқасқан соңғы ханымыз Кенесары, Наурызбай, Ағыбай, Бұғыбай, Бұқарбай, Сұраншы, Саурық батырлар, елінің егемендігі үшін күресіп, Қоқан лашкерлерінің бұйрығымен үш зеңбіректің ұңғысына тірідей байланып атылған Байзақ датқа, кешегі біз бес күн бойы зәреміз зәр түбіне кетіп, жанымызды қоярға жер таппай шүберекке түйіп шырылдап, тыпырлаған сағаттарды олар бар ғұмырларында бастарынан өткізіп кеткен еді.
Міне, кешегі күнгі бейбіт шеруді пайдаланып, сыртқы, ішкі саяси күштердің айдауымен елімізге, егемендігімізге қатер төндірген біздер, «лаңкес содыр, терроршылар» деп баға берген әрекет Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа да, сол хандар басынан өткізген қатерлі сағаттарды есіне салып, тура солардың қанды жорықтағы хал-күйін кештіргендігі хақ. Осыдан-ақ мамыражай тыныш күн мен қан-қасап аласапыранның бағасын біле беріңіз. Бабаларымыз ұлтарақтай жер үшін жанын салып, қанын төгіп қорғап, асты-үсті байлыққа толы жерімізді ұрпақтарына аманаттап беріп кеткенін, кеше қолымыздан суси жаздаған егемендігіміздің құны қаншалықты қымбат екенін таразы басына салып бағамдап, әр пенденің білетін кезі келген шығар.
«Ауруыңды жасырсаң өлім әшкерелейді» деген сөздің де барын білеміз. Президентіміз, қазақ елінің байлығының жартысынан көбін көк серкеше тақымына басқан «шынжыр балақ, шұбар төс» 162 баймен ақшаға құныққан қандыкөз монополистер мен латифундистердің аттарын атамаса да барын айтты. Ашкөздердің сыртқа тыққан ақшаларын елге қайтарып, халық игілігіне жаратуды қолға алуын, осы уақытқа дейінгі құпияны ел алдына жайып салуы және 50 мың теңгеге жан баққан қарапайым халықтың жағдайын ашына айтуы, халқына жанашырлығы емес дей аласыз ба? Кім білсін, бұл бастамасы тасбақаның таңдайына жапсырған қасиетті мәриям жапырағын алғаннан да қиын болмасына кім кепіл.
Асқақ ойлы, ғұлама Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыз замандасы, ел билеген Ұбайдолла хан жөнінде: «Өзі тақуа, діндар адам, оның тұсында «игілік пен әділеттілік самалы әлемді хош иіске бөледі. Ал оның алақаны жомарттық теңізінің түбіндегі лағылды дүр тостаған сынды болатын, ақылман билері де баршылық еді», деп жазып қалдырыпты. Не деген парасаттылық десеңізші. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан құрамыз» деуінің өзінде үлкен астар, халқының болашағының жарқын болатындығына зор үміт жатқаны байқалса керек. «Жүк ауырын нар көтерер, іс ауырын ер көтерер, Ердің ісі елдің мойнында, Елдің ісі ердің қолында» деп бабаларымыз айтпақшы, мұндай кезеңде қуанышың от, арманың күл болмасы үшін, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел болып ұйыса, бар ауыртпалықты бірлесе көтеру керек дер едік.
Зарлы Қойшығұл (Қошан) МҰСТАФАҰЛЫ,
Журналист