• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Наурыз, 2022

Балам патша болсын десеңіз...

321 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Ұлт сапасын арттырудың ­басты тетігі ана мен баланы қолдау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болғандықтан, бала дүниетанымын ұлттық рухта қалыптастыру шараларын белсенді ұйымдастыру бәрінен де өзекті. Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде ашылған «Балалық шақ – патшалық тақ» этнокөрмесі осы мақсатты арқалағанымен, бала санасына әсері күшті бірегей көрменің мәні тым терең.

 

Бүгінгі қала баласы түгілі, ауыл баласының өзі ашамай дегеннің не екенін біле ме? Кекілі желбіреген ойын баласы ата-анасына ілесіп, түрлі қолғабыс жасап, қажеті­не жарағанда, көрші-қолаң, дос-жа­ран жиылып келіп, өңіріне танабау тағып көрді ме? Бестас ойнап, ұқыптылығы мен ептілігін ұштай ма? Асық неге алуан түрлі болып боялады?

«Балалық шақ – патшалық тақ» көрмесінің мақсаты – балалар этнографиясын өзектендіру. Көрмедегі ең көне жәдігер – асықтар. Бұл асықтар б.э.д. ІІ ғасыр мен б.э. ІV ғасырға тиесілі, Орталық музей қорында сақталған тарихи құнды жәдігерлердің қатарында. IX-XI ғасырдағы бала ас ішетін ыдыстар, XI-XIII ғасырдағы баланың түбегі, XIII-XIV ғасырдағы сәбидің шүмегі, XIX-XX ғасырларды қам­титын сирек кездесетін бала­лардың фотосуреттері де осы көр­меден табылады. Сондай-ақ бағалы этномәдениеттің қайнар көзі – ұлттық құндылық болып саналатын бала киімінің үлгілері, «ойыншықтар әлемі», бала күті­міне қолданылатын заттар қазақ мә­дениетінің ерекшеліктерін, дәс­түрлі өмір салтының отбасылық тұрмыс-тіршілігін бейнелейді. Ұлттық байлық есебіндегі осы жәдігерлердің барлығы тақырып бойынша іріктеліп, сол кездегі отбасылық-әлеуметтік болмыс тұр­ғысынан сыр шертеді. Ал 25 ха­лықтың ұлттық киімін киген қы­зылды-жасыл қуыршақтар балалар назарын еріксіз аударатын кейінгі жылдарда толықтырылған қызықты бұйым қатарында.

«Балалар, мынау не деп ойлайсыңдар?» дейді бір топ мектеп оқушысын жанына үйіріп алған экскурсовод Дулат Бүркітбаев. «Коньки». «Дұрыс айтасыңдар. Бұл – ағаштан жасалған коньки. Мұндайды естіп көрдіңдер ме? XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басындағы бұйым. Бұл темірдің жоқтығынан емес, көшпенді ха­лық керекті бұйымдарын көбінесе ағаштан, теріден жасайтын болған. Көшпенді халық бір затты жасау үшін материал іздеп әуре болмаған, барлығын табиғаттан немесе алдында жайылып жүрген малдан алған. Мал оларға әрі тамақ, әрі киім, әрі үй, тіпті сүйегіне дейін пайдаланып, ең аяғы те­зе­гін де отын етіп, тіршілігіне пай­даланған» деп қарапайым тіл­мен түсіндіріп, қызығушылығы оян­ған қала баласының үсті-үстіне қой­ған алуан түрлі сұрағын жан-жақты ақпаратпен толықтырып, жалықпай жауап беріп жатты.

13 жасқа дейінгі бала танымы­на арналған этнокөрме Мемле­кет­тік орталық музейде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ауқымды мақсат арқалаған көрменің ең алдымен жас ұрпақтың жан-жақ­ты дамып, рухани санасының қа­лыптасуы жолындағы үлесі зор. Музей қорындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған экспонаттар арқылы тәрбиелеу үрдісі үстінде балалардың танымдық қасиеттері мен адамгершілік нор­маларын, коммуникативті дағ­дыларын, ерекше қабілеттерін аша отырып, этномәдениетті сіңі­ру арқылы жан-жақты дамы­туды, тәжірибеде қолдануды мұ­­­рат етеді. Өткен ұрпақ тәжі­ри­бесіндегі мәселелерді тұжы­рым­дау арқылы балаларды дербес шы­ғармашылыққа дайындаудың ше­шіміне де қызмет ететіні сөзсіз. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлт­тық тәрбиенің белгілі жүйесінде жас буын жадына біртіндеп сіңі­ріп отыратын арнаулы тағылым, тиісті тәсілдер ретінде қолданып, әдет-ғұрып, жұмбақ, айтыс, өлең, жыр-дастандарды, ертегілерді халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдалана отырып, баланың азаматтық ой-өрісі мен болмысын қалыптастыруды көздейді.

 

АЛМАТЫ