• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 01 Наурыз, 2022

Көмейдің құдіреті

884 рет
көрсетілді

Тау басында аршасы-ай,

Басыңа бұлбұл қонсашы-ай.

Күнде жиын, күнде той,

Заман сондай болсашы-ай.

Ауу-ауу-а-иә, ауу-ауу-а-иә...

деп тамағын қарлықтыра, көмеймен әндетті. Одан шаңқобызын езуіне салып, аңыратты.

Этномузыкант Еділ Сейілханұлы түс ауа Катоннан ат шана жегіп, таудың иек тұсына келіп тоқтаған еді. Сарымсақты жотасының белдеуіне дейін сыңсыған қайың, жайқалған самырсын. Өр жағын тау басына дейін қар басқан. Көмейдің, шаңқобыздың үні Алтайдың асқар шыңдармен, тұтасқан орман-то­ғайымен, мұз астынан сыңғырлай аққан тау бұлағымен үндесіп бара жатқандай.

– Міне, өмір. Таза ауа, жайлы ауылдан құмырсқаның илеуіндей қарбалас қалаға неге көшеді екен ел?! – деп қарт Алтайға құшағын жайды Еділ емірене. Төбеден төніп тұрған таудан энергия алып тұрғандай ұзақ қарады. Табиғаты бөлек адам. Қалалық жерде өскенімен, этно­әуенге, ұлттық музы­калық аспап­тарға жақын, жаны бірге.

Еділ Сейілханұлы арнайы Катон­қарағайға келіп, С.Ластаев атындағы орта мектепте оқушыларға кәсіби музыкалық білім беріп жүр. Сонау Нұр-Сұлтаннан түу түкпірдегі ауыл­ға келіп сабақ беретін ұстаздар ілеу де біреу шығар. Айтуынша, түр­кі­лердің алтын бесігі – Алтайда этно­музыканың тамыры жатыр. Сы­бызғының отаны осы – Алтай. Олай дейтіні, Катонқарағай өңірінде Мұса, Оспанғали Қожабергенов, Шанақ Ауғанбаевтай мықты сыбыз­ғы­шылар өткен. Кездейсоқтық па, әлде жердің қасиеті ме, кім білсін, әйтеуір Еділ Сейілханұлының дауысы көмейден алғаш рет осында, Өрел ауылында шыққан екен. Көмей деген, ат үстінде ыңылдап ән айту емес, жылдар бойы дайындалып барып қана шығатын өнер. Қазір өнер ғой, әуелде бақсылардың аластауы, жын-шайтанды қуалауы, дем салуы секілді жөн-жоралғылар еді. Рас, солай. Кейін Еділ Құсайынов оны қайта жаңғыртып, сахнаға өнер ретінде алып шықты.

– Мен этномузыкаға келе салғаным жоқ. Тарихын зерттедім, оқыдым. 1995 жылы осы Катонқарағайға, Өрел ауылына жолым түсті. Старши­наевтар отбасында болып, олар Аққайнар ауылына, Қазанғап батыр­дың басына алып барды мені. Құран бағыштадық, қол жайдық... Бір қы­зы­ғы, Өрелде жүргенімде алғаш рет көмейден дауысым шықты. «Өр Алтай, жерім-ай, ағылдым елім-ай...», деп әндеттім. Ол кезде көмеймен айту деген жоқ-тын, – деп ат шананың үстіне жайылған көң тулақты бір сілкіп алды. Сілкіп алды-дағы шанаға қайта жайып, ыңғайлана отырды. Күн де нұрын Алтайға аямай төгіп тұрған.

– Көп елді араладым. Ондағы мақсатым – түркі  халықтарының музы­касын зерттеу еді. Алғаш Хака­сияға табаным тиді. Музыкалық ас­пап­тары біздікіне ұқсас. Бірақ не­гізгісі – жетіген. Өздері «жадыған» дейді. Ал якуттар домбыра іспетті қос ішекті аспапта, шаңқобызда ойнайды. Шаңқобызды өз тілдерінде «хамус» дейді екен. Әуендері рухты, жігеріңді жаниды, – деп таңдайын қағып, басын шайқады Еділ Сейілханұлы.

Әлем алдында өнер көрсетіп жүр­ген этномузыкантымыз басын шайқап, таңғалып отырса, «құлақ­тан кіріп, бойды алатын» әуен болса керек. Әлемдік дегендей, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахма­диевтерден сабақ алып, Марат Бейсен­ғалиев сынды әйгілі музыканттармен иықтаса жұмыс істеп жүрген Еділ Құсайыновтан өнер үйрену – Катонқарағайдың балаларына үлкен мүмкіндік.

– Көмей деген – арқаны қозғайтын, тылсым күші бар бақсылық өнер. 1995 жылдары қазақ халқы рухани байлығын қойып, аяқтан енді-енді тұра бастаған уақыт. Сол жылдары көмеймен ән салуды қайдан үйрендіңіз, – дедім, әңгімені тереңнен қозғаса екен деп. Себебі, Қазақстанда тоқсаныншы жылдары көмейге салып ән айтатындар әй болған жоқ-ау.

– Этномузыкаға қызыққаным сондай, әр аспапты өз мекеніне барып үйрендім. Ескерте кетейін, табақтай сертификат үшін емес, білім алғым келді. Қазір ғой, қағаз үшін оқитын болды. Айтып өткендей, жер-жерді араладым. Башқұртстанда сыбызғы тартуды оқыдық, қарақалпақтың қыл­қобызшыларын көрдік деген­дей... Ал көмей өнерін тувалардан үйрендім. Орындаулары ғаламат. Якутияда бақсылар әлі күнге дейін бар екен. Сібірліктер көмейді «қай» десе, моң­ғолдар «хомей» дейді. Көмей – бақсылардың өнері. Тәңіршілдік. Оны мен ойдан шығарған жоқпын. Тек жаңғырттым. Бірақ фольклоршы ретінде айтайын, исламға дейінгі дәстүрімізді ұмытуға болмайды. Мә­се­лен, Наурызды тойлаймыз, аруақ дейміз, «өлі риза болмай, тірі байы­майды» деп жатамыз. Дау-да­майы көп. Арғы жағын қозғамай-ақ қояйық. Бір қызығы, көмеймен айтқанда, күшің тасиды, арқаң қозады. Ішіңе барыс па, аю ма, кіріп кеткендей алапат күш сезінесің. Бірақ энергияңды алып қояды.

– Байқауымша, көмей көнеден келе жатқан өнер болғанымен, сөзі сақталмаған. Оны ойдан шығарасыз ба, қалай? – деп көкейге сақ ете қалған сұрақты қойғам. 

– Заманында оны әуен ретінде қабылдамаған. Сондықтан шығар, көмейді нотаға түсірмеген, сөзін жаз­баған. Мысалы, шаңқобыздың нотаға түсірілген екі-ақ күйі жеткен бізге. Қылқобыздан қалған күйлер он­нан аспайды. Өнерді өлтірмеуіміз үшін көмейдің әнін өзіме жазуға тура келді, – деді.

Еділ Сейілханұлы ұлттық өнерді, этномузыканы әбден меңгергеніне қарап, қалалық жерде туып-өсті деп ойламайсыз. Керісінше, көпшілік Моңғолиядан немесе Қытайдан келген деп топшылайды екен. Олай десетін жөндері де бар. Қан­дастарымызбен бірге ұмыт болып бара жатқан қаншама өнеріміз кел­ді, жаңғырды.  

– 1980-1990 жылдары Моңғолияға көп бардым. Сондықтан да шығар, этномузыкаға қызығушылығым басым болды. Бірақ мен музыканттар отбасында дүниеге келген соң, басқа маман иесі болуым мүмкін емес еді. Домбыраның күмбірімен, қобыз сары­нымен өстім. Әкем Сейілхан Құсайынов Гурьевтің музыкалық училищесінің іргесін қалаған домбырашы. «Мерке» деген күйі бар. Анам Раушан Нұрпейісова атақты қобызшы. Бірде оркестрдегі ұрмалы аспаптың музыканты ауырып қалды да әкем мені орнына отырғызды. Әкем ымдағанда, ұрып отырдым. Сөйтіп, қайнаған өнер ортасында өстім. Музыка училищесін тәмам­­даған соң әкем Алматыға тарт деді. Бірден Чайковский атын­дағы училищеге түстім. Музыка зерттеушісі мамандығын алып шығып, шығар­машылықпен айналы­са бастадым. Композитор ретінде конс­ерваторияға оқуға тапсырып, білімімді шыңдадым. Әке-шешем Алма­тыға көшіп келіп, Болат Сарыбаевпен жақын араласты. Бір күні сол кісі маған сазсырнай сыйлады. Ойнап көріп едім, маған ұнады. Әлгі сазсырнай үлкен өнерге жол ашқандай болды. 1980 жылдары «Отырар» ансамблі құрылып, әкем соған барасың деді. Қазір ол оркестр. Әу баста 17 адам болдық. Сонда сазсырнай, сыбызғы, жетігенді үйрендім. Гүлсара Піржанова деген атақты сыбызғышының үйреткені көп еді. Осы өнерім өрге сүйреп келеді. 1990 жылдары Кеңес өкіметі тараған соң, ақшасыз қалдық. Қиын-қыстау кезде Германия асып, музыкант болып жұмыс істедім. Шы­нымды айтсам, көшеде музы­калық аспапта ойнап, нәпақа таптық. Неміс халқы бізге қатты қызықты. Өйткені музыка олардың қанында ойнайды. Бетховен, Бах, Гайдарт, Шуберттердің ұрпағы ғой. Көшедегі музыкант демей, шынайы құрмет көрсетті, – деп қиын-қыстау кездегі күнкөрісін айтып, ағынан жарылды Еділ Сейілханұлы.

– Қазақтың тарихында әйгілі сы­бызғышылар Ысқақ Уәлиев, Ос­пан­­­ғали Қожабергенов, Шанақ Ау­ған­­­­баев десек, соның екеуі Катон­қара­­ғайдың тумасы. Бәлкім қазақ да­ла­­сында сыбызғы сазы алғаш Ал­тай­дан естілген шығар. Сыбызғы ғана емес, көне қылқобызы да Алтай­дан, Қабадағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған, – деп азды-көпті білетінімді айтып, мақтанғым келді.

– Шынымды айтсам, оқуда жүр­генімде Шанақ Ауғанбаевтың аты жиі айтылатын. Ал Катонқарағайдың тумасы екенін кейін, осы жақта ес­тідім. Естігенде, ойша тарихты тү­гендеп, сыбызғының да түп-тамыры Алтайда екен ғой дедім. Бірақ қазір ұмытылып кетті. Сыбызғымен күй тартып жүрген ешкім жоқ. Со­ны қайта жаңғыртуымыз керек. Катон­қарағайдың жастары жаңғырту керек, – деп жастарға жауапкершілік жүктеді.  

Шын, Алтайдан шыққан деп кеудені құр соқпай, іспен дәлелдеуіміз керек. Ол үшін оқушылар, жастар ниет білдіріп, ынта қойып, Еділ Сейілханұлынан ұлттық аспаптарда ойнауды меңгеруі керек. Дәл қазіргі таңда үйренем деген азаматтарға барлық жағдай жасалған. С.Ластаев орта мектебінен кабинет берілген, музыкалық аспаптардың барлығы дерлік бар. Ең бастысы, үйірме тегін. 

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы