Соңғы жылдарда облыс тұрғындары тарапынан үлкен автожолдардың уақтылы тазаланбауына қатысты наразылық көп.
Темір тұлпар иелері, әсіресе Павлодар – Нұр-Сұлтан бағытындағы автобанды ақ ұлпа жиі басып қалатынын, салдарынан діттеген жерлеріне кешігіп жететінін жиі айтады. Жол тазалығына жауапты мекемелер техникадан таршылық көріп отыр ма?
Биыл қаһарлы қыс Павлодарға ақпанда аяқ басты. Табиғат-Ана коммуналдық қызметке жауапты мекемелерге жәрдемдесіп-ақ тұр. Әйтпесе, жылда осы уақытта тозған жылу құбырлары жарылып, уақтылы қардан тазаланбаған жолдар жабылып, тұрғындардың тыныштығын бұзатын. Босаңсуға жол жоқ. Қыстың қызығы мен шыжығы әлі алда.
Жолаушылардың аманатын арқалап, республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға жауапты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ-ның Павлодар облыстық филиалына хабарластық.
– Биыл қысқы маусымда Павлодар – Нұр-Сұлтан бағытындағы автобан әзірге бір-ақ рет жабылды. Шамамыз келгенше қарды уақтылы тазалап, көлік қозғалысын тежемеуге тырысамыз. Өкінішке қарай, жұмысымыз көрінбей жатады. Жол жабылғанда шағым қарша борайтыны рас. Тұрғындар кез келген жағдайға түсіністікпен қараса деген тілегіміз бар. Жалпы, қар басып қалатын учаскелер әрдайым назарда. Байқағанымыз, біздің техникалар тазалап өткен аумақты 10 минуттан кейін қайтадан қар басып қалады. Сол себепті техникалар таңнан кешке дейін жағдайды бақылауда ұстап отыр. Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1 662,8 шақырымға тең. Бұдан бөлек, 29 көпір және жол айналмаларының, 610 су өтетін құбырлардың жағдайына жауап береміз. 25 ақпанда түстен кейін облыстың барлық аумағына жабысқақ қар түскені белгілі. Дереу барлық күшті жұмылдырып, екі ауысыммен жұмыс істеп, жолдар уақтылы тазаланды. 80-ге жуық техника тартылды. Жалпы, иелігімізде 108 техника бар. Бұдан бөлек, жергілікті жердегі ауыр техникалары бар азаматтармен келісімшарт жасалғанын атап өткен жөн, – дейді ұлттық компанияның облыстық филиалы директоры Ермұрат Нұрханов.
Қысқы маусымда жолдарды күтіп-ұстауға 7 ДЭУ және 5 ДЭП жұмылдырылуда. Былтыр техниканың жеткіліксіздігі салдарынан қар құрсауында қалған кейбір учаскелерде проблемалар болғанын жасырмайды филиал басшылығы. Әзірге ұлттық компания қажетті техникамен толықтай қамтамасыз етуге қауқарсыз сияқты. Мәселені түпкілікті шешу үшін қар ұстайтын қоршаулардың салынуы да маңызды. Әзірге автобанның 2-3 учаскесінде ғана қоршаулар бар екен. Алдағы уақытта қар ұстайтын қоршаулардың саны артып, сәйкесінше жолдағы жағдайдың реттелетініне сенім мол.
Өткен қыста аяздың салда- рынан аймақта бірқатар жолаушылар автобусы жолда қалып қойған еді. Құтқарушылар дер кезінде әрекет етіп, ешқандай оқыс оқиға орын алмады. Биыл аяз ашуына мінген жоқ. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, бұл іске жауаптылар кез келген жағдайға дайынбыз деп нық сеніммен отыр. Белгілі болғандай, әр ДЭУ мен ДЭП аумағында жылыту бекеттері бар. Жол бойында сервистік қызмет көрсететін орындардың басшылары да қиын кезде қол ұшын созуға әзір. Жалғыз жолаушыларға ғана емес, көліктерге арналған жылу бокстары қарастырылған. Онда қолайсыз ауа райы күндері жолда қалып қойған техникалар жөнделеді.
ДЭУ-61 учаскесінің басшысы Олег Левченко қысқы маусым ойдағыдай өтіп жатқанын айтты. Десе де, техниканың жеткіліксіздігі байқалатынын жасырмады.
– Біз «Қызылорда – Павлодар» автожолының 120 шақырымын, «Ленин – Ақсу» жолының 25 шақырымын және «Ленин – Ертіс» автожолының 43 шақырымын күтіп-ұстауға жауаптымыз. Иелігімізде 13 техника бар. Оның алтауы – аралас жол машиналары. Аталған техникалардың көптігі артық етпейді. Былтырғы қысқы маусымға көз жүгіртсек, техникалардың жеткіліксіздігі байқалды. Басшылық бұл мәселені шешуге уәде берді. Биыл ақ ұлпа аз түсті. Әзірге ешқандай проблема жоқ. Былтыр жолда қалған екі автобустың жолаушыларына тиісті көмек көрсетілді. Учаскеде 10 орындық жылыту бекеті бар. Асхана жұмыс істейді. Қысқасы, техника мәселесі шешілсе болғаны, – дейді О.Левченко.
Өткен қысқы маусымның қорытындысы бойынша облыста 158 қар ұстайтын учаске анықталды. Биыл қысқы маусымға дейін барлық учаскелерде тиісті шаралар қолға алынған. Мәселен, Ақтоғай ауданына қарасты Мүткенов ауылы маңындағы жол учаскесінде (Ленин – Ертіс – Русская Поляна автожолының 79-84 шақырымы) «Дендра» ЖШС 18 гектар жерге терек пен қарағаш тұқымдарын еккен. Жаңа әдіс жабындау (мульчирования) деп аталады. Бұдан бөлек, Ақтоғай – Шолақсор бағытындағы жолдың 55-56 шақырымында ұзындығы 600 метрді құрайтын қалқан орнатылған. Шақат – Шығыс – Шалдай автомобиль жолының 36-38 шақырымында терек пен үйеңкі ағаштары отырғызылған.
Бұл салада мол тәжірибесі бар, жол саласының құрметті ардагері Амангелді Табаевтың айтуынша, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының барлық облысты техникамен жарылқауға шамасы жетеді. Десе де, барлық мәселе техникаға ғана тірелмейді.
– Былай қарасақ, техникамен қарды тазалау оңай шаруа сияқты. Десе де, жол тазалаудың арнайы технологиясы бар. Онда қай уақытта қандай техника қай жерді тазалайтыны көрсетілген. Боранды күндері жолдардың барлығын қар баспайды. Жиі қар құрсауында қалатын учаскелер болады. Оның сызбасы жолды күтіп-ұстауға жауапты мекеме өкілдерінің қолында бар шығар. Өкінішке қарай, бізде бұл істің қыр-сырына қанық білікті мамандар тапшы. Салдарынан жолды тазалау технологиясы дұрыс қолданылмайды. Біздің уақытта қазіргідей жаңа техникалар болған жоқ. Соның өзінде совхоздардағы техникасы бар азаматтармен келісімшартқа отырып, жолды уақтылы тазалайтын едік. Аяғымызға пима киіп алып, күні-түні жолдың жайын бақылауда ұстадық. Жасыратыны жоқ, қазір жолды күтіп-ұстауға жауапты мамандар жылы кабинеттерінен шықпайды. Жағдайды өз көзімен көріп, бақылауда ұстамағандықтан, мердігерлер өз жұмысын шала орындайды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың шағым түсіруіне алып келеді, – дейді А.Табаев.
Көлік иелерін алаңдатып отырған тағы бір мәселе – көктайғақпен күрестің әлсіздігі. Салдарынан көлік апаты жиі тіркеліп, баратын жеріне уақтылы жете алмайтындар көп. Түсінгеніміздей, боран соқса да, көктайғақ болса да техниканың жеткіліксіздігі алдан шығады. Көрші Ресейде арнайы арақашықтық бекітіліп, әр учаскеде жолды тазалауға техникалар сақадай сай тұрады дейді ол жаққа жиі қатынайтын жүргізушілер. Бізге де осындай әдіс қолдану керек шығар.
Осылайша, «ҚазАвтоЖол» компаниясы өз дәрменсіздігін техникалардың жетіспеушілігімен, ауа райының жиі құбылуымен жасырғысы келетін сыңайлы. Үлкен жолдың аты үлкен жол. Бұл жерде көлік ағыны уақыт өткен сайын көбеймесе, азаймасы анық. Тұрғындар жолға жауапты кәсіпорын өзінің алдағы жұмыс стратегиясын өзгертіп, жолдарды тұрақты түрде тазалап отырудың әдісін, жүйесін ойлап табуға тиіс деген пікірде.
Павлодар облысы