Уақыт бүкіл қазақ қоғамынан жаңаруды, тазаруды, барынша бекем ұлт болуды талап етіп отыр. Қазақтың басына талай сын-сағат, қауіп пен қатер төнген. Мемлекет басшысы: «Біз осындай ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық», деді. Түсінген адамға терең сөз.
«Қазір бүкіл әлемдегі ахуал өзгеріп жатыр. Жаңа құндылықтармен қатар күрделі сын-қатерлер пайда болуда. Осындай аумалы-төкпелі уақытта еліміз дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Біз «Жаңа Қазақстанды» құруға кірістік. Бұл – өте ауқымды міндет. Тіпті болашақтағы тағдырымызды шешетін аса маңызды жұмыс деуге болады», деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі – бәрімізге нақты бағдар. Президент елдегі жетекші саяси ұйымды жаңғырту туралы айтқанда қазақтың «ұйытқы» деген әдемі сөзін қолданды. Шын мәнінде барлық іс-әрекетке ұйытқы болар күш керек. Жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті шамалы. Қолдағы барды ұқсату қажет.
Өзгерісті ең алдымен өзімізден бастайық деген Президент партияның аты затына сай болсын деген тілек білдірді. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгертуді ұсынды. «Аманат» деген сөз қазақ үшін қасиетті.
«Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз, міне, осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған», деп Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған ұсынысты қолдады.
Партияның атауы өзгерді. Енді оның құрылымы да, сапалық өлшемі де өзгеруі тиіс. Маңдайшаны ауыстырғаннан ешкімнің маңдайы жарқырай қоймайды. Мазмұнды іс-әрекет, партиялық аппараттың уақытқа икемделуі, «жанарында оты бар» жандардың жарқырап шығуы, елмен етене жұмыс істеу амалдарын табу керек-ақ. Ең бастысы, халықтың сеніміне ие болу міндеті алда тұр. Бұл үшін Мәжіліс пен мәслихаттардағы партия фракциялары нақты шешімдер қабылдауға көшуі қажет. Партия жас саясаткерлерді шыңдайтын, сұрыптайтын ұйымға айналуы керек.
Қазір әлеуметтік желіде желпіне сөйлеп, мәселенің көбін жадағай талқылау көп. Президент жұртты алаңда немесе желіде желкілдегеннен гөрі, Парламент пен мәслихат жиындарында сындарлы жұмыс істеуге шақырды. Сөйтіп, саяси мәдениетті қалыптастырудың жолын көрсетті.
Жөн сөзге тоқтаған жұртпыз. Ұлағатты тәрбие көрген ұлтпыз. Бір нәрсені анық ұғынған абзал. Бізге қуатты да әл-ауқатты Қазақстанды ешкім құрып бермейді. Бәрін өзіміз істеуіміз қажет. Осыны қаперде ұстайықшы.
Нұртөре ЖҮСІП,
Сенат депутаты