Партияның кезектен тыс съезінде ұйымның атауы ғана өзгертіліп қоймай, тың серпіліс алып келетін заман талабына сай тәсілдер мен жаңа реформалар жарияланды.
Сондықтан партияның қалай өзгеретіні туралы көп айтылды. Бірақ бірінші кезекте, менің ойымша, партия «аз болса да нәтижелі өзгеру» қағидаты бойынша өзгеруде. Барлық бюрократиялық аппарат азаяды, кеңестердің барлық түрінің саны қысқарады. Оның орнына әркімнің жеке жауапкершілігі, әсіресе басқарушы құрамның, соның ішінде өз бағыты бар Бюро мүшелерінің жауапкершілігі артпақ.Барлық деңгейде басшылық құрам партия қызметіндегі нақты шаралар мен бағыттар үшін жауап беретін болады.
Екіншіден, бастауыш партия ұйымдарының дербес болуына және нақты істер атқаруына мүмкіндік туды. Яғни бұрын барлық партиялық ұяшық жарналарды партия аппаратына жіберетін болса, енді бұл жарналардың 20%-ы партиялық ұяшықтарға қайтарылады. Сол қаражатты олар басқара алады және өз деңгейіндегі нақты бір қызметті жүзеге асыра алады. Мұның бәрі бірінші кезекте орын алған алшақтықты жою немесе партияның Қазақстан халқынан алыстап кеткенін реттеу мақсатында жасалуда. Ол үшін түрлі алаңдар ұйымдастырылады. Ең бастысы, партия мүшелері, партия басшылығы бірінші кезекте халықпен тікелей жұмыс істейтін болады.
Менің ойымша, тағы бір маңызды және заманауи ұсыныс – қандай мәселелер жиі кездесетінін, қайсысы ең өзекті екенін бағалау үшін BIG DATA қолдану. Партия дәл осы мәселелерді шешуі тиіс.
Ләззат ҚАЛТАЕВА,
Сенат депутаты