• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Пікір 02 Наурыз, 2022

Сенімге ие болу үшін құрғақ уәде қажет емес

405 рет
көрсетілді

Бүгін партия Amanat деген жаңа атаумен жаңғырудың жауапкершілігі мол ашық алаңына қадам басты. Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде партияның атауын ауыстыру – қабырғадағы жазуларды алмастыру ғана емес, жаңа тұғырнама, жаңаша жұмыс нәтижесі арқылы халықтың шынайы сенімі мен құрметіне ие болу екенін ескертті.

Аманат – қасиетті, салмағы мен жауапкершілігі ауыр ұғым. Бабам қазақ күнделікті өмірде «Аманат» сөзін қалай болса солай, қисапсыз қол­­дана бермеген. Себебі бұл сөздің ар­тын­да айтқан адамға да, айтыл­ған адамға да салмағы мен жауапке­р­шілігі, сұрауы бар екенін жақсы сезінген.

Біз үшін елдің бірлігі мен жердің тұтастығы – Аманат!  Сан ғасыр аңсап жеткен тәуелсіздігіміз – Ама­нат! Тілі­мізді, дінімізді, дәстүр-салты­мызды бұзбай таза ұстау – Ама­нат! Жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру, Отанын, ұлтын сүюге баулу – Аманат!

Жер тағдыры – елге аманат, ел тағдыры – көш бастаған ерлерге Аманат! Ал ақ жаулықты ананың, ақ сақалды әкенің, ақ пейілді бала­ның аманаты қашанда биліктің мойнында. Аманат қиянат жасамау – саяси ұйымның ең басты парызы. Ендеше, халық аманатына адал болу – Amanat партиясының ең негізгі ұстанымы болуы шарт.

Президент айтқандай, Amanat саяси құрылымы ел мүддесін қорғайтын нағыз халықшыл партия болуы керек. Партия хатшысы Асхат Оралұлының баяндамасында көрсетілген саяси құ­рылымды модернизациялау бағдар­ламасы болашақта оң нәтижелерге қол жеткізгенін тілейміз.

Партия игілікті жеңістер мен жетіс­тіктерге, сенімге ие болу үшін жал­ған пафос пен мақтаншақтықтан, құр­ғақ уәдеден аулақ болуға тиіс. Am­anat партиясы – әділеттілік пен шынайы­лықтың шырақшысы болсын. Би­лік алдында талапшыл, халық алдын­да қамқоршы келбетімен қуантсын.

Жаңа Қазақстанның кемелденуі жолында нақты нәтижелерге қол жеткізсін. Тартысқа толы саясат алаң­ында ел аманатына адал болсын!

 

Аманжол ӘЛТАЙ,

айтыскер ақын