• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Наурыз, 2022

Қазақ пен чешен бауырлас

731 рет
көрсетілді

Сан ғасырлар бойы аңсап күткен азат күнге жетіп, тәуелсіздік туын көтерген күннен-ақ Қазақ елі шетелдердегі қандастарды елге шақырды. Қазақ халқы оған дейін де өзге этностарды бауырына басқан қайсар халық екенін білеміз.

Менің ата-бабам Сталин саясатының ызғарымен Қазақстанға қоныс аудар­ған. Алғашында жүрексініп, артынан тәуекелге бас тігіп, отбасымызбен қа­зақ еліне көшіп келген. Сонау бір қиын кездерде ел-жұртынан, туған же­рі мен жақындарынан көз жазып қалған чешендерді қазақ халқы құшақ жая қарсы алды. Жер аударылудың алғашқы жылдарында жаңа ортаға бе­йім­делмеген, өмір сүруге қаражаты болмаған чешен халқының өкілдерінің саны ауру мен аштықтан азая бастады. Осылай, біздің халқымызға ұлт ретінде жойылып кету қатері туды. Жергілікті халық бізді сабырлықпен қабылдады, барынша кеңпейілділік танытты.

Қазақтардың чешен халқымен соңғы тілім нанын бөліп беріп, жақсы ниеттестігін білдіргені тарихта жазылып қалды. Міне, содан бері қазақ пен чешен достығы мызғымай келеді. Бұдан бөлек, қаншама этнос өкілдері Қазақстаннан пана тапты. Тарихымыз осылай қалыптаса келе, қазіргі таңда Қазақ елі көптеген этнос өкілдерінің Отаны, сүйікті мекені болды.

Бүгінде елімізді әлем таныды. Мұның барлығы – мемлекетіміздегі ынтымақ пен татулықтың жемісі. Тыныштық пен тұрақтылықтың жылы ұясына айналған Қазақ елінде өмір сүріп жатқаным – мен үшін үлкен бақыт. Бірлік-берекеміз ажырамай, бір тудың астында тату-тәтті өмір сүре берейік!

 

Адам ЭЛЬМУРЗАЕВ,

Достық үйі қоғамдық келісім орталығы Чешен этномәдени бірлестігінің өкілі, қоғам белсендісі