Қытай-Шыңжаң өңіріне атағы шыққан Қайысбай Иісұлы деген әйгілі балуан өткен. Балуанның өмір тарихын зерттеген қаламгер Баяхмет Жұмабайұлының пайымынша Қайсекең 1890 жылы Шыңжаң-Алтай аймағының Сарғусын деген жерінде дүниеге келіп, 1960 жылы желтоқсан айында Шіңгіл ауданы, Бәйшін қыстағында бақилық болған дейді.
Осы орайда, айтпағымыз, күллі қазаққа аты мәшһүр таэквондошы Мұстафа Қабенұлы (Өзтүрік) осы Қайысбай балуанның үлкен қызы Разиядан туады. Бұл апамыз сіңлісі Зариямен бірге 1940-шы жылдары Алтайдан ел үріккенде Ақсай-Гансу жаққа ауып барып, әрі қарай Үндістан өтіп, Түркияға жетіп, соңында Еуропадан бір-ақ шыққан. Бұл өз алдына үлкен тарих. Жарықтық апамыз осыдан бес-алты жыл бұрын дүниеден өтті.
Сонымен айтпағымыз, Қайысбай балуан 19 жасында жарысқа түсіп, Баркөл-Моридің «Ақтас» жайлауында ұйғырдың атақты балуаны Насырды жығып атағы шықса, одан кейін Алтай-Қобданың қазақ-қалмақ қатысқан дүбірлі тойда ойраттың жойқын күш иесі Донғара балуанды жеңіп, теңдессіз күш иесі атанған екен.
Жалпы, қазақ салтында күш иесі балуан өзінен кейінгі ұрпаққа мықтылығын паш ету үшін ауыр тасты көтеріп белгі ретінде көрнекті жерге қойып кететін дәстүр болған. Мысалы, Қаба-Буыршын өңірінде атақты Қойлыбай балуанның көтерген тасы тұрса, еліміздің тарихи өңірі Баянауылда Қажымұқан Мұңайтпасов атамыз көтерген тас аудандық өлкетану мұражайының алдында тұр.
Осындай үрдісті Қайсекең де аттап өтпепті. Бірде балуан атамыз Төлеубай бидің алқауымен үлкен асқа барып, күресіп, бас бәйгеге ие болып келе жатқан жолында көреген би Қайсекеңе қаратып: «Артыңызға бір белгі қалдырып кетсеңіз болмай ма? Болашақ ұрпақ сіздің күшіңізді көріп, қуатыңызды бағаласын», дейді.
Сөйтіп, ел ағасының өтінішін қабыл алған Қайсекең ағып жатқан өзеннің арғы жағасындағы үлкен ақ сұр тасты құшақтай көтеріп әкеліп, жақын жердегі төбешікке шығарып қойған екен. Бұл кезде балуан шамамен 37 жаста болыпты.
Тас қазір Қытайдың Мори ауданы «Асырқай» ауылына баратын жолдың жиегінде жатыр. Мына суретте тасты құшақтап тұрған әйел Қайысбай атамыздың қызы Зария. Бұл апамыз 1981 жылы 26 маусымда Швецияның Стокгольм қаласынан туған жеріне келіп, әкеден қалған көз ақ сұр тасты құшақтап, мауқын басып тұрған сәті.
Жалпы, Қайысбай атамыз қартайған шағына дейін бойынан күші кетпеген екен. Бұл әңгіме Қайысбай балуанның өмірінен ойып алынған бір ғана үзік сыр. Әлі де бізге жетпеген ерліктері жетерлік.