Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі интерактивті картаға өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атап айтқанда, картаға азаматтардың өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы халықпен кері байланыс орнатуға арналған жаңа функциялар қосылды.
Еске сала кетсек, ауылдарды сумен қамтамасыз ету деңгейін мониторингілеу үшін Министрлікпен тұрғындарға қолжетімді интерактивті карта әзірленген болатын. Оның көмегімен әрбір азамат өзін қызықтыратын кез-келген ақпаратты көре алады. Мәселен, өңірдің сумен қамтамасыз етілуі, қаржыландыру, қаражатқа деген қажеттілік, халық саны туралы және басқа да мәліметтермен танысуға болады.
Жалпы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша Алматы (99,1%), Атырау (99%) және Қызылорда облыстары (97,8%) көш бастап тұр. Дегенмен, бірқатар өңірде артта қалушылық бар. Ауыз сумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай (74,9%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (83,5%) байқалады.
2021 жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқы арасында сумен жабдықтау қызметтеріне деген қолжетімділік 93%-ды құрайды.