Лондондық «Челси» футбол клубына иелік ететін ресейлік миллиардер Роман Абрамович Ұлыбритания үкіметінің ықтимал санкцияларына байланысты Лондондағы жылжымайтын мүлік сатпақ болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ол санкциялардан қорқады, сондықтан ертең үйін және бір пәтерін сатпақшы», деді Bloomberg басылымы Ұлыбритания парламентінің мүшесі Крис Брайанттың сөзіне сілтеме жасап.
Деректерге сенсек, Абрамович Кенсингтон Палас Гарденс көшесіндегі бес бөлмелі үйді (150 миллион еуро), Челси жағалауындағы үш қабатты пентхаусты (2018 жылы 22 миллион еуроға сатып алған) саудаға салуға бекініп отырған көрінеді.
Естеріңізге сала кетейік, жүзден астам ресейлік жеке және заңды тұлғалар Ұлыбритания салған санкциялардан сырт айналып кете алмады. Әйткенмен Роман Абрамович әзірге бұл тізімде жоқ. Алайда, басылымның хабарлауынша, Абрамович саясаткерлер тарапынан көбірек қысымға ұшырай бастаған секілді.